Өткен аптаның соңында Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев қала тұрғындарына тағы қандай технологиялық жаңалықтар көмекке келетінін хабарлады. «Электрондық үкіметтің» сервистік интеграторы «Зерде» холдингімен бірлесіп Алматы әкімдігі IТ-архитектурасын әзірлеп жатқаны туралы айтты. Басқарма басшысы жеткізгендей, өзге дамыған елдер сияқты, біздің елдегі «Ақылды қалалар» тұжырымдамасы технологиялар мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Көптеген зерттеулер мен инвестициялар бірқатар жаңа шешімдерге, әртүрлі ақылды датчиктерге, ақпараттарды өңдеудің ірі орталықтарына және осы технологияларды өмірде қолданудың ең озық тәсілдерінің халықтың күнделікті өміріне әсер ететіндігін түсінуге мүмкіндік берді.
Алматы цифрландыру бойынша Қазақстандағы жетекші қалалардың бірі екеніне ешкім күмән келтіре алмайды. Халықтың цифрлық сауаты айтарлықтай жоғары деңгейде. Кез келген шешім адамдар тез қабылдайтындай етіп ұсынылуы керек. Басқарма басшысы айтып өткендей, қаланың инфрақұрылымында «ақылды қаланың» белгілері көп болса, бизнесін осы қалада дамытқысы келетіндердің де қатары көп болады. Бұл – бұл жаңа жұмыс орындары мен жергілікті әкімдіктің бюджетіне түсетін салық көбейеді деген сөз.
– 2020 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша Алматы қаласы еліміздің барлық өңірлері арасында «ақылды қалалар» рейтингінде бірінші орынға ие болды. 2019 жылы біз екінші орынды иеленген едік. Бұл рейтингті ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган «ақылды» қалалардың эталондық стандарты негізінде жүргізеді. Аталған стандарт қала тіршілігінің 11 бағыты бойынша 100-ден астам жобаны қамтиды, дейді Баян Қоңырбаев. Бүгінде Алматы қаласы әкімдігі мемлекеттік қызметтер түрлерінің 90%-ын электронды форматқа көшіріп үлгіріпті.
«Smart Almaty» тұжырымдамасына сәйкес, қаланы дамытуға арналған бірқатар жұмыстар жасалған және бұл процесс жалғасып жатыр. Алматы паркинг, Жол қозғалысының қауіпсіздігі бағдарламалары жүзеге асырылған. Одан бөлек, қаланың тыныс-тіршілігін күнделікті бақылап, анализ жасайтын «Ситуациялық орталық», «Тұрғындарға арналған қолжетімді қызмет» атты электронды пәтер иелері кооперативі, «Жайлы қала», «Ашық деректер» сынды жобалар іске қосылды. «ДамуМед», «InfoLab», «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы сынды ақпараттық жүйелері, IT қоғамдастықпен уақтылы ақпараттандыру және өзара белсенді іс-қимыл жасау үшін digital-almaty.kz. порталы әзірленді. Цифрландыру басқармасы басшысының хабарлауынша, digital-almaty.kz платформасында әзірлеушілер қаланы цифрландыруға қатысты идеяларын ұсына алады.
– Егер сізде қызықты қосымша немесе жаңа ақпараттық жүйені құру идеялары болса, оны порталға орналастыра аласыз. Ұсыныстарыңыз қызықты болса, біз жүзеге асыруға көмектесеміз. IT мамандарды, креативті цифрлық ұйымдастырушыларды өз идеяларын орналастыру үшін біздің порталды пайдалануға шақырамыз, – деп атап өтті Б.Қоңырбаев.
Сондай-ақ ол жиын барысында Алматының автоматтандыру деңгейі анықталғанын, бұл бағытта көрсеткіш әр түрлі екенін айтып өтті. Алматы қаласы әкімдігі бойынша цифрландырудың орташа деңгейі 33,67%-ды құрайды. Цифрландырудың ең жоғары деңгейі қаржылық басқару (71,5%), инвестициялар (50,6%), экология (48,8%) сияқты салаларда байқалады. Ал цифрландырудың ең төмен деңгейі табиғи ресурстарды басқару (9,9%) және энергетика (1,4%) сияқты бағыттарда.
Сондай-ақ тендер, сатып алу, сату жүйесінде блокчейн технологиясын қолдану тәжірибеге енгізілген. Басқарма басшысы айтып өткендей, блокчейн технологиясы қазір қаржы секторында, фармацевтикада, тауарларды тасымалдауда көбірек қолданылады екен.
Ресми статистика әлем халқының 7,6 млрд-қа жеткенін, соның 55 пайызы қалаларда тұратынын айтады. Ал БҰҰ-ның болжамы 2050 жылы жер бетіндегі қала халқының үлесі 68 пайызға дейін көтерілетінін айтып отыр. Экономистер болса, қалаларда әлемдік экономиканың 70 пайызы шоғырланғанын, көрсеткіш неғұрлым артатын болса, ірі салаларды басқару соғұрлым қиындай түсетіні туралы мәселе көтеруде. Ал «Ақылды қалалар» пайдалы ресурстардың жаңа көздерін ашуды оңайланып, IT секторының дамуына баға жетпес табыс әкеледі.
Б.Қоңырбаевтың кешегі жиында айтқан сөзін ары қарай таратсақ, «ақылды» қала дамыған технологиялық инфрақұрылымы бар муниципалды формация ғана емес, сонымен қатар адам өмірі ақылды шешімдердің арқасында жаңа сапаға ие болады.
Биылдан бастап Алматы медицина орталықтарында жасанды интеллект технологиясын қолдану тәжірибеге ене бастағаны осы жиын барасында белгілі болды. Жаз маусымында iMedHub компаниясымен бірлесіп шаһардағы серверлерде жасанды интеллект алгоритмдері негізінде КОВИД-19 вирусын анықтау элементтері бар PACS жүйесі іске қосылды.
– Цифрлы технология құрылыс, инновациялық жобалармен де интеграциялана бастады, медициналық ұйымдар ақпараттық жүйелермен 100% қамтылып, интернет желісіне 100% қосылды. 1 749 577 тұрғынның электрондық денсаулық төлқұжаты толтырылды. Мектептер интернетпен 100% қамтылып, ақпараттық жүйелермен және гаджеттермен толықтай жабдықталды. Көшелерге қойылған 115 мыңнан астам камера қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге көмкектеседі, – деді басқарма басшысы.
Жалпы, цифрлы қызметтерді пайдалану әдеті қалыптасқан қалаларда азаматтар өз уақытын тиімді пайдалануды үйренеді, жауапкершілікті күшейтіп, «ақылды қаланың» ақылды тұрғынына айналады. Мегаполистер деңгейінде цифрлық шешімдерді енгізу үшін стратегиялық көзқарас пен жүйелілік қажет. Алайда процестің сәтті өтуіне әкімдерден, сарапшылардан және ІТ-әзірлеушілерден бастап қала тұрғындарына дейін қызығушылық танытқанда ғана іс алға жүреді.
АЛМАТЫ