Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2020

Волонтерлер жарқыраған жыл

271 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Қостанай облысында жастар көп шоғырланған қалалық мекендерді айтпағанда, ауылдық елді мекендердің өзінде волонтерлер қозғалысы екпінді жүріп, көптеген игі бастамаларға мұрындық болды. Мәселен, Волонтер жылын жүзеге асыру бойынша бекітілген Жол картасына сәйкес Қарабалық ауданында да көптеген жаңа бастамалар көтеріліп, жеті бағытты қамтитын іс-шаралар өткізілген.

Волонтерлер жарқыраған жыл

– Аудандағы жастар ресурс­тық орталығында волонтерлер штабы құрылған. Мұнда аудан орталығындағы мектептерден және жергілікті агротехникалық колледжден 54 ерікті жас жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ жыл басында мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық  ұйым өкілдерінен 59 адамнан тұратын волонтерлер тобы құрылды. Волонтерлер шта­бы 409 адамды қамтитын 56 іс-шара өткізді, 617 адамға кө­мек көрсетілді. Сонымен қа­тар аудан­ның әр мектебінде во­­лон­тер жасақтары жұмыс іс­тей­ді, онда 100-ден астам волонтер бар. Оқушылар өткізетін іс-ша­ралар еңбек ар­да­герлеріне, зей­неткерлерге және жалғыз басты адамдарға кө­мек­тесуге бағытталған. Та­қы­­рыптық концерттер мен эко­ло­гиялық акциялар өткізіледі, – дейді Қарабалық ауданы Жас­тар ресурстық орталығының же­текшісі Ирина Алтынникова.

Бұқаралық іс-шараларды өткі­зуге тыйым салуға байланысты наурыз айынан бастап әлеуметтік желілерде белсенді волонтерлік жұмыс басталды. Оның ішінде жастар белсенді атсалысқан «Үйде бол!», «Бет­перде киюді ұмытпа!», «Қашық­тықты сақта!», «Уақыт­ты пайдалы өткіз», «Мен Отанға қызмет етуге дайынмын!» сияқты бей­нероликтерді атап өтуге бо­лады. Мұның сыртында, дәрі­герлерге қолдау көрсету мақсатында «Мың алғыс!» шарасы да ұйым­дас­тырылған.

Ерікті жастар аудан тұрғын­дарына шектеу шараларын сақ­таудың маңыздылығын түсіндіру жұмыстарына да белсенді атсалысып келеді. Өткен айда волонтерлер мен МОО қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп карантин шараларын сақтау туралы түсіндіру парақшаларын таратты. Волонтер жасақтары аудандық ауруханамен де тығыз бай­ланыста болып, төтенше жағ­дай кезеңінде зейнеткерлер­ге және ауруханада есепте тұр­ған жал­ғызбасты адамдарға дәрі-дәрмек тасымалдауды ұйымдас­тырды.

– Сәуір айынан бастап зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жан­дарға және ауданның әлеу­меттік қызметкерлеріне бетперде тігу жұмыстары басталды. Во­лон­терлер тіккен мыңнан ас­там маска әлеуметтік қорғау бө­ліміне берілген, олардың бір бөлігін МОО қызметкерлері өз бетінше алып кетіп отырған. Елдегі қалыптасқан жағдайға бай­ланысты мерекелік іс-ша­ра­лар әлеуметтік желілерге ауыс­тырылды. 6-8 мамыр аралы­ғында волонтерлер 130 тыл ең­­бек­керін құттықтап, оларға Екін­­ші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге арналған естелік медальдарды тапсырды. Сондай-ақ бұл күндері әлеуметтік же­лілерде кент тұрғындарының қа­тысуымен «Жеңіс лентасы» және «Соғыс әндері» акциялары өткізілді. Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеуге орай «Мен патриотпын!» еріктілер мен кент тұрғындарының қатысуымен Қарабалық батыр мемориалында еліміздің Әнұраны орындалды, - дейді орталық жетекшісі.

Тамыз айында Қарабалық волон­терлері «Таза жағалау» эко­­­­логиялық акциясын ұйымдас­тырды. Волонтерлер мен кент тұрғындары ортақ күш-жігермен Тоғызақ өзені жағалауының 15 шақырымын тазалап, 2 тірке­ме қоқыс шығарды. Ауданда қа­лыптасқан эпидемиялық жағ­дайға байланысты Жастар ресурстық орталығы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша тек 1 жобаны «Волонтерлер мек­тебін» іске асырған. Жо­ба­ның негізгі міндеті – ауыл­дық жерлерде жастар бастамала­рын дамыту.  Бір ай ішінде ҮЕҰ мамандары волонтерлік жасақтарды қалыптастыру және әлеуметтік жобалардың негізгі қағидаттарын түсіндіру мақсатында ауылдық округтердің жастары үшін онлайн-тренингтер өткізді.

«Волонтерлер мектебі» жоба­сының аяқталуы 23 қазанда өткен Әлеуметтік еріктілер жо­баларының жәрмеңкесі болды. Ауылдық округтер мен Қа­рабалық кентінен 10 бастамашыл топ өз жобаларын ұсынды. Жүлде қоры 900 мың теңгені құрады. Қарабалық кентінің «Хоккей кортын ішінара жөн­деу» жобасын іске асыруға «Қара­балық волонтерлері» ақпа­раттық тобы 300 000 теңге көле­мінде грант алды. Тоғызақ орта мектебінің волонтерлері «Мектеп телестудиясы» жобасына 200 мың теңге, Победа ауылының волонтерлері бұлақ аумағын абаттандыруға 200 мың теңге алды. 100 мың тең­ге Өрнек Мәдениет үйі үшін проектор сатып алуға және «Стан­ционный ауылында туризм мен спортты дамыту» жобаларына берілді.

Ауданда желтоқсан айында Волонтер жылын қоры­тындылау шарасын өткізу жос­пар­ланып отыр. Ауқымды шараға арнайы  «Жыл волонтері – 2020» бай­қауының ережесі әзірленді. Бел­сенді волонтерлер мен бас­та­машыл топтарды марапаттау «Үздік волонтер», «Үздік волон­терлік ұйым», «Үздік волонтерлік жо­ба» аталымдары бойынша өтеді. Байқаудың ережесі мен өті­нім нысаны ауылдық округтерге, ауданның мемлекеттік меке­мелері мен ұйымдарына жібе­рілген.

– Биыл, ең бірінші кезекте, волонтерлерге деген қоғамдық көзқарас өзгерді, сондай-ақ об­лы­сымызда волонтерлік қоз­ға­лыс­тың қанаты кеңи түсті. Қазір ауданымызда волонтерлік ор­талық құрылмаған білім ошағы кемде-кем. Бұл жастардың әлеу­меттік жауапкершілігінің арт­қанын көрсетеді, – дейді қара­балықтық жастар.

 

Қостанай облысы,

Қарабалық ауданы