Оқиға • 08 Желтоқсан, 2020

Отырар қалашығы Жаңғырту жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

1091 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Отырар кеше, бүгін, ертең: туристік және зерттеу болашағы» тақырыбында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференцияға қатысқан ғалымдар Отырардың ойрандалмайтынын мәлімдеді. Биыл Отырартөбеде 3 жылға арналған ауқымды реставрация жұмыстары басталды. Ұлы дала елінің терең тарихынан сыр шертетін нысандарды қайта қалпына келтіріп, туризм саласын жандандыруға бағытталған бұл жоба аясында атқарылған жұмыстарға қатысты сыни пікірлер де айтылған болатын.

Отырар қалашығы Жаңғырту жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Кон­ференцияда сыни пікір­лерге қа­тысты, яғни реставрация жұ­мыс­тарына байланыс­ты көз­қарастар айтылды. Реті­мен баян­дасақ. Мәдениет және спорт министрлігіне қарас­ты Оты­рар мемлекеттік архео­ло­­гия­лық қорық-музейі Тұң­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы аясында ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Сапар орталығы» экспозициясы мен әл-Фараби залын ашты.

Сонымен қатар осы іс-шара ая­сында «Отырар кеше, бүгін, ертең: туристік және зерттеу бо­­ла­шағы» тақырыбында респуб­ликалық ғылыми-тәжіри­белік онлайн-конференция ұйым­дастырды. Еліміздің архео­логия саласындағы жетістік­терімен таныстыру, археология ес­керткіштерін зерттеу, сақтау тақырыбында тәжірибе алмасу, Отырардағы реставрация нәтижесімен бөлісу мақса­тындағы іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігі Мәде­ниет және өнер істері департа­ментінің директоры Күміс Сейітова, елі­міздің белгілі архео­лог-ғалымдары, тарихшылары мен ғы­лы­ми-реставрация сала­сындағы маман­дар қатысты.

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Ежелгі Оты­рар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ. Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді да­мы­туға баса мән берілуі қажет», деп Оты­рар тарихын зерттеу, қалпына келтіру мәсе­лелеріне қозғау салған еді. Осы орай­да биыл Президент Әкімшілігінің тап­сырмасымен Отырар қалашығын қал­пына келтіруге ба­ғытталған ауқымды жұ­мыстар бас­­талды. Конференция барысында қала­шықтағы ғылыми-реставрация жұ­­мыстарымен «Қазқайтажаңарту» ұйы­мы бас директорының міндетін атқа­рушы Қанат Тұяқбаев таныстырып, жобаның түпкі мақсаты тарихи және мәдени ескерткіштердің ұзақ мерзімге сақталуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Отырар қалашығындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысуға келген ғалымдар Зейнолла Самашев, Жәкен Таймағамбетов, Бүркітбай Аяған, Зиябек Қабылдинов және өзге де зерттеушілер тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи шынайы қабатын сақтап қалу маңызды екенін жеткізді. Мәселен, тарих ғылымының докторы, археолог Зейнолла Самашев: «Отырартөбедегі атқарылып жатқан реставрация жұмыс­тарын Мәде­ниет және спорт министрлігі тарапынан ғалымдармен бірлескен кеңесте қара­дық. Біріншіден, әлеуметтік желіде сын-пікірлердің біржақты айтылып жат­­қаны байқалады. Екіншіден, бұл – 3 жылға арналған үлкен жоба. Атқарылған жұмыс жобаның бастамасы ғана. Кеткен кемшіліктерді ақыл­дасып, кеңесіп шешуге болады. Бұл жерде реставраторлар мен археологтар бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Олар бір­лесіп жұмыс істесе, айқай-шусыз ұсақ-түйек кемшіліктер жойылады. Ол жерде өрескел қателіктердің болғанын көрмедім. Сол жерде бірге болған министрлік өкілдері, археолог-ғалымдар, реставраторлармен бірге қарап, осындай қорытындыға келдік. Осы жобаны жасаушы, жүзеге асырушылармен де кездесіп, құрылыстарының жүргізілу тәртіптері туралы мән-жайға қанық болдық. Отырар объектілерін қалпына кел­тіру жұмысында пайдаланылып жат­қан қыштар қазіргі құрылыста жаппай пайдаланатын кірпіштер емес. Олар зерттеу нәтижесінде қол жеткізген көне технологиямен қазіргі кезеңде жасалған қыштар. Бұл ретте қыш жасау технологиясымен қатар тарихи кезеңдердің стандарттары ескерілген. Атқарылып жатқан жұмыстар туристердің қызы­ғу­шылығын тудыратындай етіп жасалуда. Сондықтан негізсіз айқай-шу шы­ғарудың керегі жоқ. Біз бұл сөзді біреуді қорғау үшін айтып жатқан жоқпыз. Бұл – ғылыми не­гізде жасалған, ғалымдармен, реставраторлармен бірігіп шешкен шешіміміз. Ғалымдардың жиналып, Отырар қала­жұр­тындағы жұмыстарды өз көзімен көріп, осындай шешімге келгені дұрыс болды», деп өз пікірімен бөлісті. Ал тарих ғылымының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, археолог-ғалым Жәкен Таймағамбетов Отырар қалашығында ғылыми негіздемелермен әзірленген және өте тыңғылықты дайын­дал­ған кең ауқымда жұмыстар атқарылып жатыр деп бағалайтынын жеткізді. «Жұ­мыс барысында көне технология­мен әзірленген қыштар пайдаланылуда. Ал ішкі монтаждау, реконструкция­­­лау кезінде пайдаланылған қазіргі заманғы кірпіштер сылақтың астында қалып, көзге көрінбейді. Реконструкция жасалған үйлердің интерьері түпнұсқа күйінде сақталып отыр. Сондықтан мен археологтармен бірлесе жұмыс істеп жатқан «Қазқайтажаңарту» мекеме­сінің жұмысына оң баға беремін. Ал жұмыс процесінде туындаған ұсақ-түйек кемшіліктерді жоюға болады. Жал­пы археологтармен бірлесіп ғылыми не­гіз­де жүргізіліп жатқан жұмыстың ба­ғы­ты дұрыс. Өз кезегінде Отырардың келушілерге ұсынары көп, туристерді тар­туға ықпалы зор деп білемін», деді Ж.Тай­мағамбетов.

1

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осыдан біраз жыл бұрынғы Оты­рар­дың жай-күйін есіне алған тарих ғылымының докторы, профессор Бүр­кітбай Аяған реставрация жұ­мыс­­тарына көңілі толатынын айтты. «Бастысы тарихи жəдігерлер сақталып, ауқымды жұмыс жалғасуда. Отырардан кейін Сауран қаласында болдым. Қазба жұмысы онда да жүріп жатыр. Ендігі негізгі мəселе сол ескерткіштерді сақ­тап қалуда», деді ғалым. Ал «Қаз­қай­тажаңарту» РМК ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының директоры Сәдуақас Ағытаев ғылыми-рестав­ра­циялау жұмыстарының заңнама жү­зін­де бөлінетін бірнеше түріне жекелей тоқталды. Консервациялау, реставрациялау, қайта жасау, жөндеу, бе­йім­деу сынды өндірістік жұмыстарға тү­сініктеме берген филиал директоры Отырар қалашығындағы барлық жұмыста тиісті талаптар барынша сақ­та­латынын мәлімдеді. «Оның ішінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарының әдістері әрқилы және бұл ретте әлемдік тәжірибеге де назар аударамыз. Отырар қалашығындағы ғылыми-реставрациялау жұмыстарында ежелгі технологиямен әзірленген қыштар пайдаланылуда. Әлемдік тәжіри­беде реставрация кезінде қазіргі кірпіштерді пайдаланып та жатады. Бірақ олар ескерткіштің сырт­қы тарихи келбетіне мүлдем әсер етпейтін ішкі нығайту, монтаждау жұ­мыс­тарында ғана қолданылуы мүмкін. Оты­рар қалашығын қалпына келтіру жұмыстары барысында оның биіктігі тарихи биіктігімен тең. Бұл ретте ғылыми-реставрациялау жұмыстарының әдісіне сай оның құрбандық қабаты (жертвенный слой) жоғарғы жақтан 7-8 қатар болуы керек. Өйткені жауын-шашын, қар осы қатардан өтеді. Астынан да осы 7-8 қатар жер асты суының көтерілуіне орай сәйкестендірілді. Ал ортасындағы он шақты қатар амортизатор есебінде іштегі ылғалды сыртқа шығарып тұру 1 және 1,5 метр астындағы түпнұсқаны сақтау үшін ең қолайлы биіктік деп есептейміз. Бердібек сарайында жалпы өндірістік кірпіштер пайдаланылмаған. Нысанда қолданылып жатқан материалдар «Қаз­қай­тажаңартумен» ғалым­дардың көп жылдық еңбегінің нәти­же­сінде әзірленген қыштар. Қыш­тар­ды әзірлеу кезінде технологиядан өзге оның құрамында пайдаланатын құм-тас-топырақтардың да тыс жерден болмауы қадағаланады. Себебі ерте кезеңде құрылыс материалдары алыс­тан жеткізілмеген. Осы орайда жергілікті құм-топырақтардың құрамы да бақылаудан өтті. Қазір Отырар қалашығы ЮНЕСКО-ның алдын-ала тізіміндегі нысан болуына орай ол жерде қандай да жұмыстар жүргізуге болмайды деген пікір айтылып жүр. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұраны қорғау кон­венциясында әр мем­лекет өзінің қарауындағы тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеуге, ғылыми жұмыстар жүргізуге құ­қы­лы делінген. Ал біз өз тарапымыздан Отырар қалашығында конвенцияның қа­ғидаттарына қайшы келетін жұмыс жүргізуден аулақпыз. Барлық жұмыс ғылыми дерек, тә­­жірибе, ғалымдардың пікірі мен арнайы кеңестерде талқылау негізінде жүргізіледі. Ғылыми-рестав­ра­ция ескерткіштерді сақтап қалудың бірден-бір жолы. Осындай жолмен аутенттік материалдармен қалпына кел­ті­рілген объектілерде климат, антро­по­­гендік ықпалдарға байланысты ескерт­кіш­тің қазір жасалып жатқан қабаты бұзылса да, келешек ұрпаққа оның астындағы келесі ежелгі тарихи мәдени қаба­тының жетуін қамтамасыз етіп отырмыз. Осы жылы Отырар қалашығындағы жұ­мыстар қалашықтың ХІІ-ХІХ ғасыр аралығындағы солтүстік және оң­түстік қақпаларын, ежелгі тұр­ғын квар­талдарын, мешіт, монша, магис­­тралды көше, қыш шеберханасы, бекініс қабырғаларын қалпына келтіру бағыттарында жүзеге асырылып отыр», деді С.Ағытаев.

Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері депар­та­мен­ті­нің директоры Күміс Сейітова жиын нәтижесінде Отырар қалажұртындағы жұ­мыстарға археолог-ғалымдар, та­рих­­шылар оң бағасын бергенін атап өтті. Ғалымдармен бірлесіп өткізген ғылыми кеңесте Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі жанынан методикалық кеңес құрылғанын жет­кіз­ді. Сондай-ақ конференция барысында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Отырар мем­лекеттік археологиялық қорық-музе­йі өзара ынтымақтастық келісімге қол қойды. Меморандумның мақсаты – бір­лес­кен мәдени бағдарламаларды, семинар, конференция, ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізу.

 

Түркістан облысы