Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2020

Рухани байлыққа үндеген «Kitap fest»

570 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының мәдени өмі­ріндегі айтулы іс-шаралардың бірі болған кітап фестивалі барысында «Еріктілер лигасы» ұйымы ең көп сатылған кітаптарға қатысты сауалдама жүргізіпті. Кішігірім зерттеу нәтижесінде «Махаббат қызық мол жылдар» кітабының ең көп сұранысқа ие болғаны анықталған. Одан кейін мо­тивациялық, психологиялық кітаптарға қызығушылар көп болған. Республикалық кітап көрмесіне өз өнімдерін әкелген «Шұғыла» баспа үйі менеджерлері ке­лу­шілер арасында, әсіресе, логикалық кітаптарды сұраушылар көп болғанын айтады. Ал «Эрудит» кітап дүкені көрмеге қойған кітаптардың арасында Аятжан Ахметжанның «Мінез», «Ұлт болам де­сең» мақалалар мен сұхбаттар жинағын сұ­раушылар қатары басым екен.

Рухани байлыққа үндеген «Kitap fest»

Иә, кітапты насихаттау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құн­­ды­лықтарын, өскелең ұрпақтың ру­хани-адамгершілік білімін арттыру, ба­лалар­дың, жастардың көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту мақсатында Шымкент қалалық ішкі саясат және жас­тар істері жөніндегі басқармасының «Рухани жаң­ғыру» бөлімі ұйымдастырған «KITAP FEST» іс-шарасы көп жайтты аң­ғартты. Ең бастысы, үшінші мегаполисте кітапқа, көркем әдебиетке сұра­ныстың жоғары екенін байқатты. Қала тұрғындарын рухани тұрғыда байыта түсті. Кітапсүйер қауымды біріктіріп, ап­таға созылған іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шықты. Фестиваль кезінде Көрме орталығына 2500-ден астам оқыр­ман жиналды. Ал­ғаш­қы күні шым­кенттік «Жебе» баспа үйі­нің Елбасы Н.На­зарбаевқа арналған «Кемеңгер. Дана. Көшбасы» кітабының таныстырылымы өтті. Елбасының сыныптасы Роза Тілемісова, ардагер журналист Байдулла Қонысбек Тұңғыш Президент еңбегінің, тәуелсіздік жылдарындағы көреген сая­са­тының маңыздылығына тоқталып, ой-пікір­лерін ортаға салды. Сондай-ақ арнайы ашылған «Мәртебелі оқырман бұрышында» өңірдегі ақын-жазушылар оқырмандарымен кездесулер өткізді. Сон­дай кездесулердің бірінде еліміздің беделді қаламгері, жазушы, журналист Мархабат Байғұт фестивальдың мән-маңызына ерекше тоқталып, кітап құн­дылығын насихаттады. «Ұлттық қо­­­ғам­дық сенім кеңесінің жиынында Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапха­насыз адамның ойдағыдай да­муы мүмкін еместігін айтқан еді. Ра­сын­­­да кітапхана – оқырман мен кітап ара­­сын­дағы алтын көпір. Адамзат тари­хы­­ның керуенін сүріндірмей әкеле жат­қан, шырағы биік, парасаттылық пен бі­лімділіктің, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы», деді қаламгер. Еркін форматта өткен басқосуда жастар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Сонымен қатар фестивальдың үшінші күні жазушы, журналист Күлия Айдарбекованың «Қазақ қызы» кітабы­ның таныстырылымы өтті. Осыған дейін «Анаға тағзым», «Әкеге құрмет» кітабы арқылы көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген Күлия Смайылханқызы ұлт­тық құндылықтарға, тәлім-тәрбие мен жастардың білімге деген құштарлығына тереңінен тоқталды. Сондай-ақ тарихшы Момбек Әбдәкімұлы, белгілі ақын, ға­лым, аудармашы Абай Қалшабек, жазушы, драматург Сая Қасымбек өз шы­ғар­маларындағы қызықты эпизодтары­мен бөлісіп, оқырманымен ашық диалог құрды. Қуат Дәуренұлы, Дәурен Айман­бет, Сүндет Сейітов, Арайлым Мұрат­әлиева, Ақбота Бейбітбек, Таң­шол­­пан Имантай сынды жас ақын-жазу­шы­лар­дың оқырмандармен кездесуі де қы­зық­ты өтті. Ал өңірдің архив ұжы­мы «Майдангерлер ұрпағы және есте­лік­тер» кездесуін ұйымдастырды. Кітап фести­валінің тағы бір ерекшелігі, кітапха­на­лар балаларға арнап қойылым қойып, кіш­кентай оқырмандарын қуантты.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шым­­кент қалаларының баспа үйлері, кітап дүкендері, кітапханалары оқыр­манмен ашық диалог құрып, пікірлесу алаңшасында кездесулер өткізді, өз өнім­­дерімен таныстырды. «Қазақ уни­верситеті», «Фолиант», «Книжный клуб», «Жебе», «Қызмет газеті», «Шұғыла кі­тап», «Қасым» баспа үйлері, «Эрудит», «Қазына» кітап дүкендері мен Шымкент қаласының кітапханалары апта бойы қала тұрғындарына құнды мәліметтер берді. Мысалы, Қарағанды қаласында ашылған «Қасым» баспасы қазақ классикасының жауһарларын кітап етіп шығара бастаған. «Нәтиже» компаниясы қазақ және шетел көркем әдебиетін шығаруда. Шетел­дік ав­торлардың шығармаларын қазақ тілі­не аударып басатын баспахана­дан бүгінге дейін 14 сериялы көркем әде­биет, классика, романдар жарыққа шы­ғыпты. Сонымен бірге ғылымға қызы­ғу­шылар үшін кітап көрмесінде «Қа­зақ университеті» баспасынан шыққан Абай­­танудың 47 томдығы мен Әл-Фа­раби бабамызға арналған әде­би, ғы­лыми кітаптары да ұсынылды. Ал Нұр-Сұлтаннан ат терлетіп келген «Фо­лиант» баспа үйі қазақ классиктері, балалар әдебиеті, энциклопедиялар ұсынды. Оның ішінде «Мен неге қорқамын?», «Мен неге бақытты боламын» деген оқу­шы­ларға арналған кітаптар, тәрбиелік маңызы зор «Қонжықтың хикаялары» сияқты төрт сериялы кітап, жоғары сынып оқушыларына «Вэппи», «Шатақ қыз­дың шатпақ күнделігі», «Қабағы тұн­жыр балақай», «Том Сойэрдің басы­нан кешкендері», «Берридің басынан ­кеш­кендері» сияқты шығармалар бар.

Фестиваль аясында ұйымдастырыл­ған «Балаларға базарлық» акциясы да жақсы нәтиже көрсетті. Алтын сандыққа зиялы қауымнан бастап, қарапайым тұр­ғындарға дейін ең азы бір кітаптан салды. Жиналған 350 кітапты Шымкенттің ерікті жастары кітап алуға мүмкіндігі аз отба­сыла­рына тарту етеді. Руханият әле­міндегі айтулы іс-шараның жабылуына қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан көпшілікті, ба­лалар мен жастарды біліммен сусын­датып, рухани нәр беретін кітап мерекесіне бел­сене атсалысқандарға алғысын жет­кізді. «Адамның аз қамтылуы, өмірде қиын­­шылық көруі, бақытсыздыққа тап болуы, оның бәрі көп оқымағандық­тан. Көп оқыған, рухани бай адам өмір сүру­ді үйренеді. Әлеуметтік қиындық көрмей­ді. Рухани кемелдікке кенеледі. Сиқырлы сандықтағы кітаптар балалардың бола­шағына оң ықпал етеді деп ойлаймын. Барлық қатысушыларға қала әкімінің атынан алғыс айтқым келеді. Осы көрмеге қатысуға республикамыздың түкпір-түк­пірінен келген баспа үйлері мен кі­тапханалардың барлығы келушілерге кі­таптың құдіретін тағы бір паш етті. Ха­лық­аралық «Алаш» сыйлығының лау­реаты Мархабат Байғұт бастаған бел­гілі қаламгерлермен өткен әр кездесу тағ­лым­ды, тәлімді болды», деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Фестивальдың жабылу салтанатында апта бойы белсене қатысқан барша кітапхана мен баспа үйлері, кітап дүкен­дерінің ұжымы қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

 

Шымкент