Мұндай мәліметтердің күн сайын көбеюіне тұрғындардың немқұрайдылығы да себеп болып отырғанға ұқсайды. Оның үстіне күн райының күрт суытып, тыныс жүйесіндегі аурулардың өршуі де инфекцияның үдеуіне түрткі болуда. Ал мамандар коронавирустың екінші толқынынан сақтану үшін адамдардың жеке жауапкершілігіне сенім артады. Мысалға, тәжірибелі фтизиатор-дәрігер, ұзақ жылдан бері Көксу аудандық ауруханасының туберкулезге қарсы күрес бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарып келе жатқан Бибігүл Желдіқова кез келген дертті, оның ішінде жұқпалы аурумен күресіп жеңіске жету үшін адамның қажыр-қайратынан бөлек, медицина заңына мойынұсыну бірінші орында тұруы керек деген пікірде.
– Менен жаздың соңы мен күз айларында вирус жұқтыру неге бәсеңдеді деп сұрағандар көп. Есімізге түсірсек, инфекцияның алғашқы толқынынан кейін халық карантин жағдайына бейімделіп, тәртіп шараларын сақтай бастады. Осының нәтижесінде вирусты ауыздықтау мүмкін болды. Адамдар өздерін сақтауды, аурудан қорғануды үйренді. Маска тағып жүруді әдетке айналдырды. Өзін қорғау арқылы отбасын, жақындарын қорғауды, жанашыр болуды үйренді. Көпшілік жерге бармауды, адам көп шоғырланған жерде арақашықтықты сақтауды үйренді, – дейді фтизиатор-дәрігер.
Жалпы, медицина саласына елу жылға жуық тер төгіп жүрген дәрігер адамзат бұған дейін бетпе-бет келген вирусты инфекцияларға қарағанда COVID-19 вирусының зардабы орасан деген пікірде. Ал мұндай деңгейдегі жұқпалы індеттің емі тек вакцинада екен. Маман оның мысалы ретінде адамдардың қызылша, полеомелит сияқты ауруларға қарсы вакцина алғандықтан ғана мұндай індеттен аман қалып отырғанын айтады.
– Әлемді бұл індеттен вакцина құтқарады. Тарихқа қарасаңыздар, адамзатты осы уақытқа дейін неше түрлі аурудан тек вакцина құтқарғанын көресіздер. Бұл жолы да коронавирустан қажетті вакцина табылып, оны салдырғаннан кейін толық құтыламыз. Егер халықтың жетпіс пайызы вакцина алатын болса, бұл үлкен жетістік болар еді. Әрине, екпе алу-алмау – әркімнің өз құқығы. Бірақ дәрігер ретінде көрші Ресейдің вирусқа қарсы қарсы вакцинасы қолданысқа шықса, бірінші салдырушылар қатарында болар едім. Өйткені бұған дейін түрлі дертке қарсы салынған екпелердің ішінде Ресей өнімінің сапасы өте жоғары болып келді. Мұны мен дәрігер ретінде барлық жауапкершілікпен айта аламын, – дейді Бибігүл Сәкенқызы.
Айтпақшы, ардагер дәрігер науқастарды ем қабылдауы үшін жалған ақпаратқа сеніп, дәлелденбеген әдістерге жүгінбеуге шақырады. Науқастар дәрі-дәрмек қабылдау мен медициналық тексеруден өту кезінде неғұрлым сабыр сақтап, сауатты болса, емнің шипасы мен сараптаманың нәтижесі де соғұрлым сапалы болады екен. Әсіресе қымбат препараттарға артық ақша жұмсау мен өкпедегі кінәратты анықтау үшін бірден озық технологияға жүгінуге асықпаған жөн.
– Індеттің алғашқы толқынында біз үлкен дағдарысты бастан өткердік. Салдары ауыр болды. Медицина да, адамдар да күреске қабілетсіз болғанын жасырмаймыз. Сол тұста науқастардың жаппай компьютерлік томографияға түсу үшін апталап кезекке жазылғанын көрдім. Бұлай етудің түк қажеті жоқ еді. Бұл әшейін дүрбелең болатын. Өйткені өкпенің қабынуын анықтау үшін аппараттың арзан-қымбаты емес, дәрігердің біліктілігі қажет. Оның үстіне қазіргі рентген аппараты да дамыған. Ол өкпедегі дақты томографтан кем көрсетпейді. Әрине, жасанды интелект адам өкпесінің қанша пайыз зақымданғанын цифрмен есептеп шығарып беретін шығар, бірақ біз өкпенің суретіне қарап-ақ оның қанша пайыз зақымданғанын дөп басып айтамыз. Науқастардың арасында біздің ауруханада тегін жасалған рентген қорытындысына күмәнданып, Алматыға арнайы барып, 3 күн кезек күтіп КТ аппаратына түсіп келгендер болды. Олар бастапқыда біз қойған диагнозды томографтың айнытпай қайталап бергеніне таңғалып келді. Мұны неге айтып отырмын? Адамдар алдағы кезеңде аурумен күресуге дайын болса екен деген ниет. Жалпы, кез келген дертті, тіпті ең қауіпті деген жұқпалы аурудың өзін жеңуге болады. Бұған 49 жыл бойы фтизиатор болып істеген еңбек тәжірибем куә, – дейді Көксу аудандық ауруханасының туберкулезге қарсы күрес бөлімінің меңгерушісі.
Алматы облысы