Суреттер Алибек Қойлақаевтың архивінен алынды
Конференцияға онлайн режімде қатысқан Сенат депутаты, заң ғылымдарының докторы Мұхтар Құл-Мұхаммед, түркі халықтарының батырлық эпостарын зерттеуші неміс профессоры Карл Райхл, У.Алиев атындағы Қарашай-Шеркеш мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Нәсіпхан Сүйінова, жазушы, драматург Әнес Сарай едігетанудың жаңа бағыттары бойынша ұсыныстарын білдірді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ноғайлы дәуірінің мұраларын зерттеу мақсатында жергілікті өлкетанушылар мен тарихшылар жүргізетін этнографиялық экспедициялар қорытындыны «қандай жағдай болса да, ғылыми негізге келтіріп, дәлелді түрде айту керектігін» ескертті. Сондай-ақ ел арасынан Ноғайлы батырларына қатысты шежірелерді жүйелеу, мұрағат материалдарымен жұмыс, ел ішінде айтылатын белгісіз жырларды жинақтау, Ноғайлы дәуірінің қаһармандық дастандарын жатқа айтудан мектеп оқушылары арасында сайыстар өткізу жөніндегі ұсыныстар мақұлданды. Сонымен едігетанудың қазіргі бағыты қандай болуы керек?
100 батырды түгендеуге болады
«Таныстырылып отырған «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» альбомы Едіге – Нұраддын – Кейқуат – Мұсахан – Орақ-Мамай – Жаңбыршыұлы Телағыс бөлімдері бойынша жүйеленіп, еліміздің ең атақты жыршы-жыраулары орындауында өзара реттілікпен орналастырылған. Дастанға арқау болған кейіпкерлердің бәрі де Едіге бидің балалары, немере-шөберелері. Ноғай Ордасының билеушісі – Едіге би мен оның нұраддіндері мен кейқуаттарына деген халықтың құрметі көптеген мифтік сарындармен, фольклорлық жүйелермен әсірелеуші үлкен дастандарға айналса да, бәрінің түп қазығы – Ноғай Ордасының ұлыс биі мен оның ұрпақтарына келіп тіреледі», деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Түркі халықтарының ең қадірлі, ең құрметті, ең көп тараған дастанының қазақ халқында 20-дан астам нұсқасы сақталған. Қарақалпақ, татар, башқұрт, ноғай жырларын біріктірген кезде «Ер Едіге» бастаған Ноғайлы дастандарының саны 70-80-нен асып кетеді.
Күрлеуіт қыпшақ жырлауындағы «Едіге» дастанын қазақта тұңғыш рет хатқа түсірген Шоқан Уәлиханов болса, одан кейін Томск университетін бітірген жас ғалым Қаныш Сәтбаев 1927 жылы жырды жеке жинақ етіп бастырды.
Сенатор Ақтөбе альбомында Ноғайлы дастандары «Едіге» мен «Қырымның қырық батырымен» шектеліп қалмай, Қазанның қараша бектері – Нәрік, Шора батырлармен жалғасқан жырлар легі де ұтымды орналастырылғанын атай отырып, осы жұмыстардың әрі қарай жалғасқаны дұрыс деген пікір айтты. Оның пікірінше, келешекте Ер Едіге мен оның тікелей ұрпақтарына байланысты жырларды бір музыкалық жинаққа, Қырымның қырық батырының құрамында есімдері аталатын жеке-дара батырлар туралы жырларды дербес жинақ етіп құрастыратын уақыт жетті. Осылайша, бәрін жүйелеген уақытта Ноғайлы дәуірінің жүздеген батырының өмір тарихына арналған энциклопедиялық дастандарымыз шыға келеді.
Ноғайлы жырларының мектебі
Ноғайлы жыраулары мектебі мен оның зерттелуіне қатысты тұжырымдар да айтылды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әнес Сарай сөзінің басын қазақ дастандарын жазбалау жұмысы Шоқан Уәлихановтан басталатынын, «Ноғайлы – қазақ халқының алтын ғасыры» еді деп бағалаған Шоқанның Ноғайлының тарихын, поэзиясын, жыраулық өнерін, күй-дастандарын өте жақсы білгенін айтты. «Исі қазақта тұңғыш рет Шоқан 1841 жылы Аманқарағай округінің ақыны, қыпшақ Жұмағұлдан «Едіге» мен басқа да жыр-дастандарды жазып алып, орыс тіліне аударып бастырды. Ноғайлының қоғамдық-саяси өміріндегі дүмпулері әсерінен халық арасында жеке-дара пайда болған генеалогиялық «Алпамыс», «Ер Қосай», «Ер Көкше» эпостары – шежірелік дастандар», деді. Зерттеуші осыдан кейін қазақ арасында Ноғайлы жырларын өлтірмей аман алып қалғанымен қоймай, өміршең еткен мектептерге тоқталды. «Мұның ең басында – Абыл, Нұрым, Қашаған, Қалнияз, Қарасай бастаған Маңғыстау мектебі тұр. Екіншісі – Әлім жырауларының мектебі. Бұл , Үкі жыраудан басталып, Жаскелең – Бекберген – Бақы –Терлікбай – Бітеген – Нұрпейіс сияқты жыраулар кіреді. Осы топтың ішіндегі Нұрпейіс жырлаған «Қобыланды» жыры – эпостық поэзия шыңдарының бірі деп бағалауға болады. Үшінші топ – Марабай бастаған таманың жеті жырауы. Марабай «Ер Тарғынды» классикалық деңгейде жырлады. Төртіншісі –Жиембет жырау ұрпақтары», деп сөзін түйіндеді Әнес Сарай.
Ноғай «Эдигесі»
Умар Алиев атындағы Қарашай-Черкес мемлекеттік университетінің қарашай-балқар және ноғай филологиясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Нәсіпхан Сүйінова КСРО-ның түркітілдес халықтарының ортақ рухани мұрасының зерттелуіне жан-жақты тоқталды. Ноғайдың батырлар жырының ең сыйлысы – «Эдиге жыры» ХІV-ХVІІ ғасырлар арасында, Алтын Орда мемлекетінің күні батып бара жатқанда, Ноғай ордасы мемлекетінің саяси қалыптасуы кезінде пайда болған эпостың қайта оралуына байланысты ноғай ғалымдарының атқарған жұмыстарын баяндады. Қазақ ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыс істейтін ноғай ғалымы былай деді:
«1991 жылы Дағыстанның Тереклі мектеп ауылында тұңғыш рет Ноғай Ордасы мен «Эдиге» эпосының 600 жылдығы атап өтілді. Осында «Ноғай Ордасы дамуының тарихи-географиялық аспектілері» тақырыбында өткен ғылыми конференцияда фольклортанушы-ғалым Әшім Сиқалиев 1957 жылы Кубаньдағы Тоқтамыс ауылында Ысқақ Құмықовтан жазып алған «Эдиге батыр» жырының ноғай нұсқасы шырқалды. 2016 жылы Мәскеудегі «Наука» баспасынан «Эдиге. Ногайская эпическая поэма» жыр жинағы жарық көрді. Бұған Эдиге жырының ноғай халқының арасында сақталған 12 нұсқасы енгізілді. Осы топтаманы ағылшын ғалымы А.Ходзько 1830 жылы Астрахань ноғайларының арасынан жазып алып, 1842 жылы Лондонда ағылшын және парсы тілдерінде жариялаған «Эдиге» дастанынан басталады. Бұдан басқа Семеновтың Қырым даласы ноғайларынан, М.Османовтың Каспий бойы ноғайларынан, И.Березиннің құмық ноғайларынан жазып алған нұсқаларымен бірге, Кавказ соғысы кезінде Түркияға қоныс аударған ерлі-зайыпты Эмире мен Махмұдтан түрік ғалымы Шағатай жазып алған нұсқасы, Румыниядағы Добруджа өлкесінде тұратын ноғай арасынан жазылған дастандар кірді.
Жыры бар да, жыршысы жоқ
Қаһармандық дастандардың негізгі желілері жыршы-жырауларымыз ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келген соң сақталып, әр өңірдің өзіндік саз-мақамына ие мектептері қалыптасты.Біздің жырауларымыздың дәурені жүріп тұрған орта ғасырларда Еуропаның жыраулары – трубадурлар да өз елінде танымал еді. Олар біздің ортағасырлық айбатты да рухты жырауларымыздың замандастары болатын. «Алайда Еуропа классикалық музыканың құрбаны болып кетті де, дәстүрлі өнерін өлтіріп жіберді. Француз жұртында соңғы трубадур осыдан 150 жыл бұрын өмірден өтті. Оның жырларын бүгінде француздар мен неміс халқында ешкім жырламайды. Ұмытылды. Еуропа мұрағаттарында «көше музыканттары» деп айдар таққан трубадур жырларының мәтіндері сақталса да, оны жырлайтын жыршысы жоқ. Өйткені қалай жырлауды білмейді. Олар соңғы кездері трубадурларының жоғалған іздерін табу мақсатында Орта Азия елдеріндегі жыраулық өнерді зерттеуге кірісті», деп сөзін бастаған Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмасбек Алматов Ақтөбе облысының да қазір жырауларымен мақтанатын жағдайда еместігін ашық айтты. Себебі Ақтөбе облысындағы музыка колледжі, өңірлік университетте кәсіби дәстүрлі музыканы орындаушы мамандар даярланбайды. «Кешегі заманда жыраулар мектебінің ұясы болған Ақтөбе өңірінде бұл дәстүр үзіліп қалғандай. Осы шараға Едігені жырлайтын жырау іздегенде Ақтөбеден 3-4 жыршы ғана бел буып шықты. Мұның өзі дәстүрлі жыраулық өнердің шын жағдайын көрсетеді. Мәселе дәстүрлі орындаушылар дайындауда кәсіби мектептің жолға қойылмауында деп ойлаймын. Бұл жағынан қазіргі заманғы жыршылар дайындауға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда өңірлік университетінің дәстүрлі жыр кафедрасы ықпал етіп отыр. Қазір өз магистранттарымыз бар, бакалавр, доктарантура ашылды. Жақында ғана Түркияға «Көроғлы» жырын зерттеуге маманданған бір магистрантымыз докторантураға оқуға барады», деді жырау.
Осы өңірде «Едігені» соңғы жырлаған жырау – Қайролла Иманғалиев. Ол Ойыл ауданының Саралжын ауылынан 1930 жылдары қарақалпақ еліне қоныс аударған. Бүгінде ҚР ҰҒА қорында «Едіге» дастанының Қайролла жыраудан жазылып алынып, бірақ еш жерде жарияланбаған нұсқасы сақтаулы. Конференция қорытындысында Едіге батырларының тұяғы қалған өңірде этнографиялық экспедициялар ұйымдастыру, музыкалық колледжде жыраулар дайындау, өңірлік университетте кәсіби жыраулар поэзиясы кафедрасын ашу мен өнертанушылар дайындау назарға алынатын болды. Бұл жұмыстар алдағы жылдың жұмыс жоспарына енгізілмек.
Ақтөбе облысы