ЦЮРИХ/ЛУГАНО – Біздің геологиялық дәуіріміз – Антропоцен, адамзат планетамыздың тағдырына әсер ететін шақта төніп тұрған қауіп-қатер көп. Оның кейбіріне қарсы БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары секілді нақты әрекеттер қабылданды. Бірақ біз өз әрекетіміз бен үйреншікті дағдыларымызды өзгерту уақыт күттірмейтінін түсінетін сәтке тұралап қалған секілдіміз.
Қазіргідей адам саны көп кезеңде көпшілік «Адам өмірінің құны қанша?» деп сұрақ қояды. Коронавирус пандемиясы бұл мәселені тағы бір мәрте көтеріп, сауалды қатаң түрге өзгертті: Егер бәрін сақтап қалуға мүмкіндік жетпесе, бірінші кім өлгені дұрыс?
Фрэнк Шетцингтің «Көбелек тирандығы» секілді көптеген ғылыми-фантастикалық романдары осындай түйткілдерге арналған. Онда тұрақты дамудың өзекті мәселелерін мейірімсіз жолмен шешіп, соның кейбірін адамзат тарихындағы ең қанқұйлы кезеңге айналдырады. Шындық та романнан алыс емес. Мұндай түйткілді шешуде жасанды интеллектке жүгіну біраз ойға жетелейді. Халық санын азайту, компьютер арқылы адам өмірін шешу талқыланып жатқанда, жасанды интеллект Covid-19-ға шалдыққан науқастарды іріктеуге қолданылып жатыр.
Бірақ біздің өмір мен өлім мәселесін шешуді алгоритмге жүктеп қойғанымыз қаншалықты дұрыс? Әйгілі «Трамвай дилеммасын» еске түсіріп көрейік. Мұндай ой тәжірибесінде ешқандай шешім қабылдамаса, трамвайдағы жолаушылардың бәрі қаза табады. Ал трамвайды басқа жолға бағыттап жіберсе, жолаушылар аман қалып, бірақ санаулы басқа адам өмірмен қоштасады.
Негізі мұның шешімі адам өмірін сақтап қалу болатын. Бірақ шындығында «егер ешкім тірі қалмаса, кім өлуге тиіс» деген сұраққа жауап береді. Қалай дегенмен, жамандықтың аты – жамандық. Егер оны дұрыс деп қабылдай бастасақ, одан да өткен сорақы мәселелер туындайды. Нәтижесінде қоғамымыз бен адамзаттың ар-намысына сүйенетін негізгі іргетастарымыз жойылады. Мәселен, өздігінен жүретін көліктің тоқтатқышы істен шықса, ол әжейді қағып тоқтағаны дұрыс па, әлде жұмыссыз адамды қаққаны жөн бе?
Мұндай сұрақтар «Машина моралі» тәжірибесінде қойылды. Аталған жобаға сәйкес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген өздігінен жүретін көліктер осындай жағдайда қандай этикалық шешім қабылдауы тиіс деген мәліметтерді жинады. Тәжірибе барысында зерттеушілер мұндай шешімдер машина этикасының жаһандық қабылданған негіздерін қаншалықты дамытатынын сараптап көрген. Бірақ мұндай тәжірибелерді саяси шешім қабылдауға қолдану дұрыс емес.
Адамдар әділ алгоритмді дұрыс көреді. Демек, мұның нәтижесінде кездейсоқ шешім қабылданады. Әлбетте адамдарды кездейсоқ өлтіруге, жалпы өлтіруге кеңес бермейтініміз анық. Бұл адамзат құндылығының басты негізіне қайшы келеді. Тіпті өлім қиындықсыз келсе де. Оның орнына ойдағы тәжірибеде «Трамвай дилеммасындағыдай» жағдай болмауына мән беруіміз керек. Егер екі шешім де қабылдауға келмесе, оны өзгерту үшін ынтымақтаса, кең көлемде күш салу қажет. Ал өздігінен жүретін көліктерге қатысты, мысалы олардың баяу жүруін қамтамасыз етіп немесе тоқтатқыш жүйесін жетілдіріп, қауіпсіз технологиялармен жабдықтауға тиіспіз.
Сол сияқты қоғамның қазіргі кездегі тұрақтылық мәселелері алдын ала анықталмаған, бірақ бұл біздің бизнес жүргізу тәсілімізден, экономикалық инфрақұрылымымыздан, халықаралық ұтқырлық тұжырымдамасынан және әдеттегі жеткізілім тізбегін басқарудан туындады. Негізгі сұрақ «неге» болуы керек. «Шектегі өсу шегі» зерттеуі жарияланғаннан кейін шамамен 50 жыл өтсе де, әлі күнге дейін бізде айналмалы, ортақ экономика жоқ. Неліктен біз алдын ала болжанған пандемияға дайын болмадық?
Мол деректер, жасанды интеллект және цифрлы технологиялар климаттың өзгеруі, COVID-19 пандемиясы, жалған жаңалықтар, жеккөрушілік сөздер, тіпті киберқауіпсіздік секілді мәселелер біздің жаһандық түйткілдерге әзір еместігімізді көрсетті. Оның себебі қарапайым: деректерді пайдаланып әлемді «оңтайландыру» жақсы естілгенімен, оңтайландыру әлемнің күрделілігін жеке индекске түсіретін бір өлшемді мақсат функциясына негізделген. Бұл орынды да, тиімді де емес. Оның үстіне негізінен материалды емес желілік әсер әлеуетін елемейді. Сонымен қатар адамның проблемаларды шешу қабілеттері мен әлемдегі ахуалды ескермейді.
Табиғат, керісінше, оңтайландырмайды, бірге дамиды. Ол тұрақтылық пен айналмалы жабдықтау желілері арқылы адамзат қоғамына қарағанда әлдеқайда жақсы жұмыс істейді. Экожүйелерге, әсіресе симбиотикалыққа ұқсас табиғатқа негізделген шешімдер экономикамызға да, қоғамымызға да тиімді бола алады.
Бұл – ию-қию әлемімізді қайта құруды және тұрақтылық пен икемділік саясатын, халықаралық ынтымақтастық қалыптастыруды білдіреді. Орнықты жүйелердің осындай белгілері қазіргі кездегідей күйзелістерге, апаттарға және дағдарыстарға бейімделуге, қайта қалпына келу үшін өте маңызды.
Төзімділікті бірнеше жолмен арттыруға мүмкіндік бар. Соның ішіне қысқартулар, шешімдердің алуан түрлілігі, орталықтандырылмаған ұйым, қатысу тәсілдері, ынтымақтастық және қажет болған жағдайда цифрлы көмек кіреді. Мұндай шешімдер жергілікті деңгейде, ұзақ уақыт бойы тұрақты жүргізілуі керек. Басқаша айтқанда, автор Рой Скрантон ұсынған «антропоценде өлуді үйренуден» гөрі, қазіргі қиын-қыстау кезеңде «өмір сүруді үйрену» қажет. Бұл – адам өмірі сынға түсетін моральдық жағдайдан құтқарып, дамуға жетелейтін жол.
Дирк ХЕЛБИНГ,
Цюрихтегі Швейцария жоғары техникалық мектебінің Есептеуіш әлеуметтік ғылым профессоры,
Питер СЕЛЕ,
Лугано университетінің бизнес этика профессоры
Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org