Жылдың ресми жабылу салтанатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі еріктілердің рөлін айрықша атап өтті. Әр өңірде «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын облыс әкімдері табыстады. Бірден үш номинаңияда Қарағанды, Петропавл және Орал қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің еріктілер ұйымы жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Оқушылардың бойында рухани және адамгершілік құндылықтарды дамытуға бағытталған «Қоғамға қызмет ету» әлеуметтік жобасы аясында белсенді қызмет етіп жүрген Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Мейірім көпірі» еріктілер клубы «Үздік волонтерлік ұйым» атағына лайық деп танылды.
– Біздің қызметімізге осындай жоғары баға бергені – еліміздің белсенді және жауапты азаматтарын тәрбиелеудегі маңызды жұмыстың жемісі деп білеміз, – дейді клуб жетекшісі, педагог-ұйымдастырушы-куратор Гүлнара Сеитова.
«Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін» аталымының иегері петропавлдық зияткер Инесса Анарбаеваның еріктілікпен айналысқанына үш жыл болған. Кеңпейіл Инесса өткен жылы өзінің туған қаласында «Адал» атты волонтерлік клубтың негізін қалапты:
– Байқау үш кезеңнен тұрды. Жеңімпаздар қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. Еріктілік қызмет – әр адам үшін адал, мейірімге толы міндет. Бұл біздің ортақ жеңісіміз! Қолдау білдіргендерге алғысым шексіз, – деді қуанышымен бөліскен Инесса.
Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы «Әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша үздік атанды. Еріктілер түрлі шеберлік сағаттар, қайырымдылық шаралар, жолдастық кездесулер ұйымдастырып жүр. 68 аудиошығарма дыбыстандырылып, қазақ және ағылшын әліпбиі негізінде тактильді кітап жасалды:
– Әлеуметтік шаралар биылғы жылы онлайн форматта жалғасуда. Мектеп оқушылары сөйлеу және қимыл-қозғалыс қабілеті бұзылған балаларға арнап қолданбалы және оқу кітаптары, брошюралар, сондай-ақ бейнелеу құралдары мен өнер сабағында жасалған ойыншықтардың коллекциясын жинауда, – дейді мектепішілік «Біз біргеміз!» волонтерлер командасының жетекшісі, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Айнұр Бабикенова.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары үшін еріктілік –қайырымдылықтың ең жақсы ұлттық дәстүрлерін жаңғырту, мейірімділік пен жанашырлыққа тәрбиелеу, еліміздің және өз өңірлерінің әлеуметтік және мәдени мәселелерін шешуге атсалысу.