Қоғам • 10 Желтоқсан, 2020

Өтініштері ескерусіз қалды

238 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының «Юбилейный» шағын ауданында тұратын балғындар мектепке барып келуден қиындық көріп отыр. Өйткені бұл ауданнан қала орталығына орналасқан мектепке тікелей баратын автобус жоқ. Ең жақын барады дейтін автобустың өзі мектептен 1 шақырымдай қашық орналасқан аялдамадан тоқтайды. Бұл аялдамадан түскен соң, ата-аналар қыстың қақаған аязында баласын бүрсеңдетіп мектепке дейін жаяу жетелеп апарып жүр.

Өтініштері ескерусіз қалды

Соңғы он шақты жылдың ішінде Қостанай тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мә­селесіндегі ең басты жетістік – ха­лықты тұрғын үймен қамту мә­селесінің оңтайлы шешілуі десек қателеспейміз. Әрине, Тобыл жа­ғалауындағы шырайлы шаһар тұрғындары түгелдей баспаналы болды деуден аулақпыз. Алайда қазір бұрынғыдай емес, тұрғын үй алудың тиімді тетіктері мен нақты жүйесі қалыптасып, талпынған жанның айналасы 3-4 жылдың ішінде пәтерлі болуына толық мүмкіндік бар. Бүгінде аймақта табысты жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар арқылы мыңдаған отбасы «өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізіп жатыр. Оған қаланың іргесінде бой көтерген жаңа ша­ғын аудандардың шырайын аша түскен шуақты тіршілік куә. Қазіргі Қостанайдың сырт келбеті де адам танымастай өзгерген. Қаланың батысында «Аэропорт», солтүстік-батысында «Алтын арман», «Юбилейный», «Береке» деп аталатын жаңа шағын аудандар пайда болып, бұрынғы шағын шаһар кәдімгідей қанат жайып, керегесін кеңейте түсті. 

Алайда аталған шағын аудан­дардың тұрғындары таңғы және кешкі қарбаласта орталыққа баратын немесе кері қайтатын жол қатынасының қиындап кеткенін айтады. Қазір екінші Қостанайға №8, 10, 12, 38-бағыттардағы 4 автобус қатынайды. Тұрғындардың айтуынша, жұмысқа баратын және жұмыстан қайтатын уақытта иін тірестіре жолаушы тиеп алатын бұл автобустарда індетке қарсы санитарлық сақтық шаралары сақ­тала бермейді. Бұған да көндігіп қал­ған жұртты, әсіресе, балалардың жағ­дайы қинайды.

– Қазір 1-4 сыныптың оқушы­лары мектептегі кезекші топтарда білім алып жатыр. Әр топқа 15 баладан бөліп тастады. Олардың сабағы да әр уақытта басталады. Ең басты мәселе, №28 гимназияға екінші Қостанайдан келетін авто­бустың жоқтығы болып тұр. Біздің шағын ауданда тұратын 33 ата-ананың балалары осы мектепте оқып жатыр. Бәрінің айтатыны сол, баяғы автобустың жоқтығы. Бізге №8 немесе №38-автобустың бірінің бағытын өзгертіп, балаларымыз оқитын гимназия арқылы жүретіндей етіп берсе, сол да жетер еді. Әйтпесе күн сайын Н.Назарбаев даңғылындағы «Агромаш» аялдамасынан түсіп қаламын да, баламды дедектетіп бері қарай мектепке дейін жаяу келемін. Өткенде ерінбей санап шықтым, аялдамамен мектептің арасы 800 метрден асып кетеді екен, – дейді «Юбилейный» шағын ауданынының тұрғыны Оралбай Қабыл.

Балалары №28-мектеп-гимназияда оқып жатқан 33 ата-ана Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметовке өтініш біл­діріп, «Сізден сұрайтынымыз, Н.Назарбаев даңғылымен жүретін №8 немесе №38-автобустың бірінің Бородин көшесіне бұрылып, Победа көшесі арқылы өз бағытына қайта түсетін етіп өзгертуге көмектесіңіз. Сонда төменгі сыныпта оқитын біздің балаларымыз мінген автобус мек­теп­тің жанындағы аялдамаға тоқ­тайтын еді. Бұл мектепке де, балаларға да қолайлы. Біз бала­ларымыздың денсаулығына алаң­дап отырмыз. Алда алты ай қыс бар. Қазіргі аялдама мен мектептің ара­сы тым ұзақ. Осы мәселенің же­дел шешілуіне көмектесуіңізді өтінеміз», деген мазмұнда хат жолдаған екен. Өкінішке қарай, ата-аналардың өтініші қала әкімдігі тарапынан қолдау таппады. Қала­лық әкімдікке қарасты тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Н.Мусин көмектен үміттеніп отыр­ған ата-аналарға №28 мек­теп-гим­назияға қаланың басқа аудан­дарынан келетін қоғамдық көлік маршруттарын түгендей келіп, мазмұны бұлыңғырлау жауап хат жолдапты. Хатта: «Сіздер ұсынып отырған қоғамдық көліктің бағытын өзгер­туге болмайды. Өйткені басқа жолау­шыларға кері әсері тиеді. Жол­ жүру ұзақтығы кемінде 20 ми­нут­­қа артады. Сондықтан аял­дама­дан түскен соң, келесі көлікке мі­ніп мек­тепке жетуге болады», деп жазыл­ған.

Тауы шағылған ата-аналардың біразы балалары үшін енді екінші деңгейлі банктердің бірінен несие ресімдеп, ескі болса да, әйтеуір қала ішінде жүріп-тұруға жарайтын жеңіл көлік сатып алудың қамына кірісіп кетті.

 

Қостанай облысы