Жасөспірімдерге арналған музыкалық театр алдағы уақытта жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарытып, отандық және әлемдік музыкалық қойылымдарды сахналауға, балалар мен жасөспірімдердің мәдени-эстетикалық әлемін, таным-тағылымын, шығармашылық әлеуетін жетілдіруге жұмылдырылмақ.
Театрдың директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы Асхат Маемиров.
Өнер ордасында осы жылдың 28-30 қыркүйек күндері аралығында кастинг ұйымдастырылып, 50-ден астам дарынды әртіс таңдап алынды. Театрдың актерлік құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 71-ші Канн халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Әділхан Макин және Расул Усманов сияқты т.б. белгілі өнер жұлдыздары бар.
Қазақстанның театр кеңістігінде тұңғыш рет қойылып отырған «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы жасөспірімдердің арман қанатын асқақтатып, ішкі мәдениеті мен рухани жан-дүниесін байытуды, елдік мақсатқа қызмет ететін ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуге елеулі үлес қосуды мұрат тұтады.