Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2020

Қостанайда жаңа мектеп пайдалануға берілді

663 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай қаласындағы «Юбилейный» шағын ауданында қазақ және орыс тілінде білім беретін 1200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Білім ордасының ашылу салтанатына аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов қатысты. Тәуелсіздік қарсаңында есігін айқара ашқан білім ордасында жалпы саны 49 сынып бар. Мектеп директорының айтуынша, келесі тоқсаннан бастап  830 бала осы мектепте білім алатын болады.

Қостанайда жаңа мектеп пайдалануға берілді

1-11 сыныптар аралығында 770 оқушы бар. Ал мектепалды даярлық сыныбына қабылданған 88 баланың 17-сі мемлекеттік тілде оқуға өтініш берді. Қазір  76 мұғалім бар. Олардың дені жоғарғы және бірінші санаттағы ұстаздар.  Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау барысында біз бірінші кезекте осы шағын ауданда тұратын мамандарға көңіл бөлдік. Мектеп мұғалімдері 3-тоқсаннан бастап жұмысқа кіріседі, деді мектеп директоры Бақытжан Исетова.

«Юбилейный»  - Қостанайдағы ең жаңа шағын аудан. Жаңа мекенде ашылған жаңа мектеп -  ең алдымен осы төңіректегі тұрғындардың  қуанышы.

ол

- Бұл шағын ауданғы биыл ғана қоныс аудардық. Екі балам бар, үлкені - 11, кішісі – 5-сыныпта. Кенже ұлым бұған дейін №1-мектеп-гимназияда оқыған. Мектеп алыс болғандықтан, күнделікті жолдан  қиналдық. Енді үйдің қасынан жаңа білім ордасы ашылып, кенжемізді осы мектепке қуана беріп отырған жайымыз бар. Бізге өте ыңғайлы. Мынадай кең әрі сәулетті мектепте оқығаны бізге де жақсы. Осы шағын ауданда тұратын ата-аналардың бәрі қуанышты, - дейді «Юбилейный» шағын ауданының тұрғыны Мәншүк Алғашбаева.

963

Жаңа білім ордасында мүмкіндігі шектеулі балаларға  инклюзивті білім беру мүмкіндіктері қарастырылған. Мектеп  ауласында ойын және демалыс алаңдары бар. Сонымен қатар,  балалар жеміс-жидек, гүл, түрлі дақылдар егіп, селекция жұмысымен айналысатын оқу-тәжірибелік аймақ қарастырылған.

Қостанай облысы