Қазақстанның ұлы перзентінің шығармашылығы Ресеймен тығыз байланысты, деп санайды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов. Абай мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі болып табылатын әдебиеттанушы ХІХ ғасырда орыс поэзиясының ұлы тұлғалары – Александр Пушкиннің, Михаил Лермонтовтың, Иван Крыловтың өшпес туындыларын аударған Абай шығармашылығындағы «орыс ізі» туралы қызықты, тартымды зерттеу жариялады.
Абай және «Евгений Онегин»
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайды ұлттың рухани реформаторы деп атаған еді. Мемлекет басшысының ойын өрбіте келіп, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов «Ақын мұндай биікке Пушкиннен, Лермонтовтан, Мицкевичтен, Байроннан, Гетеден, Буниннен, Крыловтан, Полонскийден жасаған аудармаларының арқасында да көтерілді» деп сенімді түрде айтады да, «Абай шығармашылығы – әдебиет пен мәдениеттің ауқымынан асып кететін бітімі бөлек құбылыс» деп қосып қояды.
Қазақ ақынының аудармашылық өнерінің шыңы «орыс өмірінің энциклопедиясы» аталатын «Евгений Онегинді» қазақша сөйлетуі деп бірауыздан танылады. Әдебиеттанушы Абдрахманов Абай Құнанбаев аударманы лирикаға айналдырған деп санайды. «Абай өз халқына «Евгений Онегиннің» үзінділерін ғана ұсынып қойған жоқ, ол шығарманың төл нұсқасын жасады. Егер ол Пушкин романын тәржіменің классикалық үлгісіне салып, бастан-аяқ, өлең өлшемі мен ұйқасын сақтап аударса, сол кездегі дала жұрты шығарманы дәл осы үзінділердей жанына жақын тұтпас еді. Абай нұсқасында Пушкин романының ең қажетті, қазақтар үшін ең тың тұстары, жаңашыл рухы толық ашылған, қапысыз жеткізілген. Бұл – Абайдың «Евгений Онегині», – дейді Сауытбек Абдрахманов.
Абай «Евгений Онегинді» өлеңмен жазылған хаттар күйінде келтірген. Құнанбаев дәуірінде қазақ ауылында жігіттер мен қыздардың бір-біріне ғашықтық хаттарын жолдауы кәдімгідей дәстүрге айналған болатын. Ондай хаттар әдетте өлеңмен жазылатын, содан да өзінше бір романтикалық сипат алатын.
Осылайша, Абай өз оқырманының сұранысын дәл таба білді. Қазақстандық жазушы Мұхтар Әуезовтің дәл айтқанындай, Абай Пушкин шығармасынан «эпистолярлық роман» жасауға тырысты және оны жасай алды. Сауытбек Абдрахманов «Онегин» қазақ тіліне аударылған 1887 жылды «ұлт мәдениетінің тарихындағы бетбұрысты белес деп тануға тиіспіз, бұған күмән келтірудің жөні жоқ» деп жазады.
Филолог зерттеушінің Татьяна мен Евгений арасындағы хат алмасуды талдауға қатысты ой-толғамдары өте қызғылықты. «Татьянаның өз махаббатын алдымен өзі айтуынан, жігітке хатты өзі жазуға бекінуінен Абай бөлекше батылдық, қазақ қоғамы үшін үлкен жаңалық көрді, мұның өзі керек кезде ру басқарып та кететін, жауынгерлік жорыққа қолбасшылық ететін, паранжы дегенді білмеген қазақ әйелінің болмыс-бітіміне де жат еместігін түсінді. Абай бұл арада да жаңғыртушы тұлға ретінде танылады» деп жазады Абдрахманов. «Евгений Онегиннің тұтастай авторлық туынды деп танылуға тиісті аудармасын талдай келіп, әдебиеттанушы бұл жағдайды қазақ еліндегі өмірмен де байланыстыра біледі: «Расында да, мәселенің мәнісі «адамдардың теңдігінде», «олардың өз ойларын еркін жеткізуінде», «жаңа өмірде» болып тұр. Бүгінгі саясиланған тілмен айтатын болсақ, мәселе қазақ қоғамын одан әрі демократияландыруға барып тіреледі».
Енді қазақ данышпанының тәржімешілік талантына бірер мысал келтірейік. Естеріңізде ме, Татьяна Евгенийге: «Хоть редко, хоть в неделю раз
В деревне нашей видеть вас» деп тілек айтатын еді ғой. Осы тұсты Абай өзінің халқы үшін: «Шыдар ем күйіп мен жанып,
Айына бірер көрсем де» («Даже сгорая от нетерпения, я бы вынесла все, Если хоть раз в месяц пришлось бы увидеть вас») деп келтірген. Неге аптасына бір рет демеген деп сұрарсыз? Демейтін себебі – ақын өз шығармасын қазақ ауылындағы жастарға арнап отыр. «Дала дегеніңіз деревня емес, тым құрығанда апта сайын бір рет, жексенбіде жұрттың бәрі шіркеудегі мінәжатқа жиналып жататын. Иен далада адамдар айында бір көріссе де, қуанып қалысады. Әсіресе қыз бен жігіт сирек ұшырасқан: «Жұрт жамандар жатқа жорып» – мұны қазақ баласы ұдайы ұмытпайды. Сөз арасында айта кетелік: даладағы қазақтардың жолыққанда амандық-саулықты тым-тым тәптіштеп сұрап қалатыны ол кісіні осыдан енді біразға дейін көрмейтінін білгендіктен болса керек...» деп ақын ойын тарқатады Сауытбек Абдрахманов.
Мақала авторы әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұловтың Абай аудармалары қазақ тілін байыта түсті, жаңа ұғымдарды, тың теңеулерді, эпитеттерді, соны сөз орамдарын, сөз айшықтарын туғызды, ойлаудың бейнелі жаңа түрлері шықты деген сөзіне сілтеме жасайды. «Ал ойлауды өзгертуден артық қандай құдірет керек?!» – деп жазады филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов.
Лермонтовпен рухани туыстық
Абай Құнанбаевтың ақындық көркемдік қуаты Михаил Лермонтовтың өлеңдерін аудару кезінде айшықты танылған. Бұл арада да біз қазақ ақынының орыс ақынының бейнесіне айнала білгенін көреміз. Өзімізге бала күннен таныс мына жолдарды еске түсірейікші:
Горные вершины
Спят во тьме ночной.
Тихие долины
Полны свежей мглой.
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт,
дел-сал қып,
Түн басады салбырап.
«Абайдың Лермонтовтағы «тау шыңдарын» «тауға» түсіріп, асқақтаған шыңы жоқ Шыңғыс тауына келтіріп, «аңғарды» «жазық далаға» ауыстырып, Қарауылдың айналасына айналдырып жіберген данышпандығының арқасында Гете картинасы қазақ жеріне көшкен де қойған», дейді автор. Аударманың үш нұсқасын қатар салыстыра отырып, Медеубай Құрманов: «Даланы жым-жырт етіп қана қоймай, дел-сал ғып кететін түн қазақ сахарасының түні, қазақ түні болса керек» деп таңданғанын, тамсанғанын жасырмайды» деп атап өтеді әдебиеттанушы Абдрахманов.
Абайдың аудармашылық қоржынындағы ең қомақты олжа Михаил Юрьевичтің өлеңдері екенін айту керек. Қазақ оқырманына оның «Бородино», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Ой», «Қанжар», «Дұға», «Теректің сыйы» сияқты көптеген шедеврлері белгілі. Қазақстандық белгілі академик, «Абай» энциклопедиясын құрастырушылардың бірі Зәки Ахметов былай жазған: «Абай Лермонтов поэзиясына бөлекше құштарлықпен қараған. Ол орыс ақынына ерекше жақын болды, онымен рухани туыстық тапты. Орыс поэзиясына ынтыға отырып, Абай рухани сарындастықтың барша қажетін дәл осы Лермонтовтан тапқан деп айту артық емес. Бұл кезде Абай тек ұлы ақынның ғана емес, бүкіл орыс қоғамының интеллектуалды әлемін, іштей мұқтаждығын, тағдыр-талайын жан-жақты пайымдайтын биікке көтерілген болатын. Сондықтан ол бұл халықтың поэзиясын да тамаша түсінді. Лермонтовтың шамырқануы, қайғысы мен ыза-кегі орыс халқының, қаналушы қоғамның шамырқануын, қайғысы мен ыза-кегін танытатынын сергек сезінді.
Сауытбек Абдрахмановтың пікірі бойынша, қанша дегенмен Абайға Лермонтов Пушкиннен гөрі жақынырақ болған. «Абай өз жанының қажетін Лермонтовтан көбірек тапқандай. Мұның өзі Лермонтов өлеңдерінің денін таза аударма күйінде шығаруынан, ал Пушкинге келгенде еркіндікке дес беріп, өз бетінше пайымдама жасауға, кейіпкерлердің мінез бітімін, кісілік болмысын өз қалауынша өзгертуге бейімдігінен де көрінеді. Басқаша айтқанда, Абай Пушкинмен жарыса сөйлесе, Лермонтовқа қосыла сөйлейді», деп жазады әдебиеттанушы.
«Біз мысалға қарыздармыз»
Пушкин мен Лермонтовтан кейін филология ғылымдарының докторы мысалшы ақын Крыловқа ауысады. Оның шығармаларын да Абай «түпнұсқаның тың қырларын, бұған дейін ашылмаған бояуларын жарқырата көрсетіп» аударған.
Аударма үлгілері пайда болғанға дейін қазақтарға мысал жеке әдеби жанр ретінде сіңіспеген еді деп айтудың реті бар. Бұл арада Крыловқа дейін мысалдың орыс әдебиетінде де кеңінен тарамағанын айта кетелік. Мысалы, ХІХ ғасырда санаткер ұстаз Ыбырай Алтынсарин: «Қазақ балалары мысалды оқығысы келмейді, оқыса да оған күле қарайды, ал олардың ата-аналары балаларымызды сауысқан мен қарға бір-бірімен сөйлесіпті дейтін қайдағы-жайдағыға оқытасыңдар деп реніш білдіреді», деп жазған. Сауытбек Абдрахмановтың айтуы бойынша, Иван Крылов мысалдарының аударылуы тек қазақ аударма өнерінің ғана емес, тұтастай туған әдебиеттің дамуында да маңызды белестердің бірі болды.
Мәселе мынада: Абайдың Крылов мысалдарын нағыз ұлттық бояуға қанық күйге келтіріп аударғаны сондай, оларды өлеңнің ұйқасты нұсқасы ретінде ғана қарау тіпті көкейге қонымсыз. Ашығын айтайықшы: Крыловтың «Стрекоза и муравей» деген мысалы ұлы француз Жан де Лафонтеннен, ал әрірек кетсек – көне грек тілінде жазған Эзоптан аударма деп танылмайды ғой? Онда неге Абай мысалы Крыловтан аударма деп танылуға тиіс? Сауытбек Абдрахманов мысалды егжей-тегжейлі, әр жолын жеке қарастырып талдайды да, бұл шығарманы Абайдың төл туындыларымен қатар қоюға болатынын дәлелдейді. «Өлеңнің өрнектілігі, әуезділігі қайран қалдырады, ырғағы да, ұйқасы да, мақамы да, сөздің әуені де мінсіз, құйылып тұр, деп жазады Абай мысалдарын талдау барысында әдебиеттанушы. – Крыловтан жасалған аудармалардың эволюциялық жолын сөз еткенде біз ең алдымен олардың қазақтың жан дүниесіне жақындығын, түсініктілігін, ойды бейнелі және құнарлы тілмен жеткізуін, сөйтіп дала өміріне бейімделуін айтамыз».
Бір ғана мысал келтірейік. Абайда мысалдың кейіпкері Инелік (Стрекоза) емес – Шегіртке (Кузнечик). Оның себебі мынада. «Стрекозаның» қазақшасы «инелік», оның түбірі – «ине», қазақ тілінде арық, ашаң кісілерге айтылатын «инеліктей ілмиіп» деген сөз де бар екен. Инеліктің ілмиген, дауысы шықпайтын жәндік екенін даладағы әрбір қазақ біледі. Демек, Крылов мысалындағы «Лето красное пропела» деген сөз инелікке жанаспайтын еді. Ал шегіртке дегеніңіз, ала жаздай ән сала береді және дауысы әжептәуір шығады. Лафонтенде мысалдың «Цикада мен Құмырсқа» деп аталатыны назар аударарлық жай, ал цикада деген шегірткенің алыстан қосылатын ағайыны екені белгілі. Алайда Крылов, Лев Успенскийдің жазғанындай, Цикададан да бас тартқан, өйткені ол кезде орыс оқырманы бұл жәндікті біле қоймайтын. Крылов Шегірткеден де бас тартқан, өйткені бұл сөз (Кузнечик – ред.) мужской родтың сөзі, ондай жағдайда мысал екі «мұжықтың» – Шегіртке мен Құмырсқаның сөйлесуі болып шығатын еді. Ал Иван Андреевичке көрші мен көрші әйелдің әңгімесі керек болған. Содан да Абай Крыловты «түзете отырып», Инелікті Шегірткеге ауыстырады (бір жақсысы – қазақтың тілі род құрсауына қамалмаған екен), сөйтіп оқиғаны орманнан далаға алып шығады да, ақыр аяғында нағыз қазақ мысалын дүниеге әкеледі.
«Мысал біздің ұлттық сана-сезімімізде елеулі із қалдырды, – деп ой түйеді филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов. – Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов сияқты авторлардың қаламынан шыққан тағылымды аудармалар уақыт өте келе қазақтың төл мысалдарын жазуға игі ықпал жасады. Біз мысалға қарыздармыз. Дәл осы мысал арқылы біздің халқымыздың жазба әдебиеті әлемдік сөз өнерінің үздік үлгілерімен алғаш рет табысты. Кезінде Мұхтар Әуезов мысалдың күшін халықтың ұйқысын оятатын, жігерін жанитын, жанын жаңартатын, санасын сілкіндіретін серпер сөзге теңеген еді. Ондай сөз бізге қай кезде де керек. Қазір әсіресе керек».
Зерттеу авторы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың мақтан мен масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттағанын айтқан сөзін келтіріп, бүгінгі күнмен тағы да байланыстырады. Осы «Шегіртке мен Құмырсқа» мысалынан біз Мемлекет басшысының айтқан сөздерінің көкейкестілігін көреміз: шегірткенің жалқау жеңілтектігі құрдымға кетіретін жол, бақуатты өмірге, бақытқа, игілікке тек құмырсқаның ерінбейтін еңбекқорлығы ғана жеткізе алады.
Интеллектуал Сауытбек Абдрахманов әрбір қазақты ауық-ауық Абай томын қолға алып тұруға, өлеңдерін қайталап оқуға, ақын алдында іштей есеп беріп: «Абайдың айтқан ақылын алдым ба, айтқан сынынан қорытынды шығардым ба, шық деген биігіне ұмтылдым ба, адам атын ақтайтындай не істедім мен өзім?» дегендей ойға түсіп тұруға шақырады. Ұлттың ұлы ұстазы дәл осылай ету арқылы Қазақстанның өткенін, бүгінін және келешегін біртұтас байланыстырған болатын.
Андрей БЕЛОБОРОДОВ,
«Аргументы и факты»