Оқиға • 15 Желтоқсан, 2020

Қазақ тарихының қазынасы

609 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елорда төрінде орналасқан Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақтың жал­пы тарихы» атты төрт томдық құнды еңбектің онлайн таныстырылымы өтіп, оған шетелдік ғалымдар мен елімізге танымал тарихшы, түркітанушы ма­ман­дар қатысты.

Қазақ тарихының қазынасы

Мәдени шараны ашып сөз сөйлеген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы, бүгін таныстырылымы өтіп отырған қытайлық тарихшы Су Бэй­хай­дың төрт томнан тұратын аталмыш ең­бе­гінде, қазақ халқының ерте заманнан XX ғасырдың алғашқы жартысына дейінгі тарихы қамтылғаны жайлы айтып: «Кітапта қазақ этногенезі мен мемлекеттілігін біздің дәуірімізге дейінгі сақ, үйсін заманынан бастайды да, Түркеш қағанатын алғашқы мемлекеттік құрылым ретінде қарастырады. Сонымен қатар бұл еңбекте қазақ тарихының хронологиялық шеңбері кеңейтіліп, мазмұны барынша байытылған. Автор шығармасы – аспанасты елінің ежелгі ұлыстары Хан, Таң және Цин империяларын жақтай жазылған қытайлық оқымыстылардың көзқарастарына бағындырылмай, нақты тарихи шындыққа құрылғандықтан бұл кітап еліміз тарихын зерттеуге, танып-білуге тигізер пайдасы мол» деді.

Жалпы көлемі факсимилесімен қоса есеп­тег­енде­ 181 баспа табақ, 2884 беттен тұратын төрт кітапты қытай тілі­нен аударған Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университеті Шығыстану кафед­­­расының профессоры, тарих ғылым­да­­ры­­ның докторы Тұрсынхан Зәкенұлы бас­та­ған жұмыс тобы екен. Нақтырақ айт­­қанда,­ кітаптың І, ІІ, IV томдарын Т.Зә­кенұлы өзі аударса, ІІІ томның тәр­жіма­лануына қытай-ағылшын тілі мама­ны Айгүл Қадысқызы еңбек сіңірген екен. Сондай-ақ, қытайтанушы магистр Еркінжан­ Сыламханұлы мен докторант Жанар Смаханова мәтіндерге түсіндірме жаса­­са, ғылыми редакторлық қызметін про­­фессор Данагүл Махат атқарып шы­ғып­­ты.

 – Өз басым бұл кітапты аударуды 1994 жылы бастадым, – дейді Тұрсынхан Зәкенұлы. – Кітаптың алғашқы тараулары «Жұлдыз», «Қазақ тарихы» журналдарында жарияланды. Нәтижесінде, 1998 жылы туынды авторы Су Бэйхай Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Манаш Қозыбаевтың шақыртуымен Қазақстанға келіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаевтың қабылдауында болды. Қалекең оған келешекте «Қазақтың жалпы тарихы» атты еңбегін түгелдей аудартуға ниетті екендігін айтты. Осылай қазақтардың ықылас-пейіліне риза болған қытайлық ғалым «Қазақтың жалпы тарихы» атты төрт том кітаптың қолжазба нұсқасын «осыны сен аудар» деп маған аманаттады. Бірақ қаражат тапшылығынан автордың «Қазақ мәдениетінің тарихы» деген атпен бір томдығы 2001 жылы зорға жарық көрді. Өздеріңіз көріп отырғандай міне биыл төрт томдық түгелдей кітап болып басылды.

– «Қазақтың жалпы тарихы» қазіргі қазақтар үшін несімен құнды?

– Бұл еңбектің басты құндылығы – қазақ тарихының этномәдени кеңістігін өте кең ауқыммен қарастырып, хроно­ло­гия­лық шеңбері және тарихты жүйелеуі мен кезеңдерге бөлуін мүлде басқаша әдістеме арқылы жүзеге асырғандығы. Екіншіден, зерттеу ауқымы қазіргі Қазақстан территориясынан шығып кеткендіктен ерте заман және ортағасырлық тайпалық, ұлыстық құрылымдардың ізін толық аңғаруға болады. Бұдан өзге қаншама археологиялық мұралар, көне қорғандар, тарихи орындар, жартас жазбалары мен мәтін жазылған ұстын тастар, петроглифтер шекарадан тыс жерлерде жатыр. Су Бэйхай олардың бірсыпырасын қазақ халқының мұрасы ретінде зерттейді. Айта берсек, кітапта осы тақылеттес біз үйренетін көптеген өзгеше шешімдер, пайымдаулар мен әдістемелер бар.