«Бүгінде ұлттық парктерде көлік үшін жабдықталған тұрақтарға, кемпингтерге, жаңа санитарлық кабиналарға аса қажеттілік байқалады. Министрлік халықаралық тәжірибе негізінде маршруттар мен соқпақтарды жетілдіруді қарастыруда. Осы аяда қазіргі заманғы визит-орталықтар, медициналық пункттер, кемпингтер, этноауылдар және т.б. құру көзделіп отыр. Осыған байланысты тиісті шеберлік жоспарлары әзірленуде. Олар жұртшылықпен талқыланып жатыр. Сонымен қатар жеке инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұған қоса, экотуризмді дамытудың 2030 жылға дейінгі болжамды мүмкіндіктері есептелді. Жеке инвестициялар көлемі 70 млрд теңгеге жетеді. Туристердің ағыны 12,2 млн адамға дейін ұлғаяды. 12 мыңға жуық қосымша жұмыс орны құрылады» деген болатын.
Министрлік бұл ойын жаңа Экологиялық кодекс арқылы заңдастыра түспек. 5 қарашада ведомство «Мемлекет-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін, оның ішінде концессияға беруге жатпайтын объектілер тiзбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 6 қарашадағы №710 қаулысына өзгерістер енгізу туралы жазба жариялады. Электронды үкімет порталында жарық көрген жазбада мемлекет-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін, оның ішінде концессияға беруге жатпайтын объектілер тiзбесiнен «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды» алып тастау ұсынылған. Алматыдағы экологиялық қоғамның ашуын туғызған да дәл осы ұсыныс. Олардың айтуынша, ерекше қорғалған табиғи аумақтарда (ЕҚТА) мемлекет-жекеменшік әріптестікті енгізу дұрыс емес.
«Қаулы – қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ЕҚТА – мемлекет-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жүргізіле алмайтын нысандардың бірі. Қазір экология министрлігі экотуризмді дамытуға шақыру арқылы ұзақ мерзімді МЖӘ келісімшарттар жасауды шешуге тырысып жатыр. Жалпы ЕҚТА-да МЖӘ механизмін қолдану идеясының өзі экологиялық заңнама қағидаттарына қайшы келеді. Экологиялық кодекстің 5 бабы 15-тармағында «жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық қауiптiлiгi презумпциясы және оны жүзеге асыру туралы шешiмдер қабылдаған кезде қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына әсерiн бағалау мiндеттiлiгi» туралы айтылған» делінген экологиялық қоғам мәлімдемесінде.
Экологтар МЖӘ әкімшілік қорды теріс пайдалануға, жеке мүдделердің алға шығуына әкеліп соқтырарын Bankwatch Network зерттеулері дәлелдегенін, сыбайлас жемқорлық та осы механизмнің бас ауруына айналғанын, сондай-ақ тендер өткізу нәтижесі де әркез ойдағыдай бола бермейді деген көзқарасты алға тартады.
– МЖӘ механизмі Қазақстанда бірнеше жылдан бері қолданылып келеді және қазіргі сыртқы басқару типіне және ерекше қорғалатын табиғи аймақтар территориясында ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға сай келмейді. Қазіргі МЖӘ туралы заң өте күрделі және түсініксіз. Экология министрлігі осындай жолмен сәтті жүзеге асқан халықаралық келісімшарттар туралы мысалдар келтірмеді, – дейді «Көкжайлауды сақтаймыз» бастамашыл тобының өкілі Елена Ерзакович.
«Зеленое спасение» экологиялық қоғамының төрағасы Сергей Куратов Іле Алатауы ұлттық паркі аумағында құрылыстың белсенді жүріп жатқанын, жеке кәсіпкерлердің бұл әрекетінен көшкін жүріп, эрозия қалыптасатынын айтады.
– Ұлттық парктер аумағы, негізінен Алматыға жапсарлас аймақтар қатты өзгеріске ұшыраған. Кей орындарға барудың өзі мұң. Мәселен, бұрынғы «Алма-Арасан» санаторийі жекешеленген, яғни ол жақпен өтуге болмайды. «Просвещенец» санаторийі, Бутаковка шатқалының да жағдайы осыған ұқсас, – дейді Куратов.
Белгілі журналист, экобелсенді Сергей Пономарев те министрлік бастамасына қарсы.
– Көлсай көлінің жағалауы автотұрақ, кемпингке толған, барлық қызмет ақылы. Ұлттық парктің директорымен сөйлестім. Сіздерге қаншама турист келеді, неге тәртіп орнатпайсыздар дедім. Ол алдыңғы директор туристерден түсетін барлық ақшаны өзі алып отыратын компаниямен пайдасыз келісімшарт жасасқанын, ал аумақты мемлекеттік инспекторлар тазалайтынын, келісімшартқа дау айту мүмкін емес екенін айтты. Ал осындай келісімшартты 49 жылға бір-ақ жасап тастаса не болады? Жақында елдің барлық ұлттық паркінде де осындай ахуал орнайтын секілді, – дейді С.Пономарев.
М.Мырзағалиев Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған түсіндірме жазбасында бұл жобаны қабылдау жайсыз және теріс әлеуметтік-экономикалық және (немесе) құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайтынын айтады. «Ұлттық парктердің учаскелерін мемлекет-жекешелік әріптестікке беру инвесторлар тарапынан сенімді арттыруға ықпал етеді және тиісінше туризмді дамытуға, қосымша жұмыс орындарын құруға, ауылдық елді мекендерді дамытуға қаржы салымдарының көлемі ұлғаяды. Мемлекеттік бюджеттен қаражат негізінен табиғат қорғау мекемелерін ұстауға ғана бөлінеді. Ақылы қызметтер көрсетуден түсетін қаражат табиғат қорғау мекемелерінің шоттарына түседі және мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейтін туризм инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. Бұл өз кезегінде туристік ағымның артуына және салық төлемдерінің ұлғаюына ықпал етеді», дейді министр.
Экологтар болса «ведомство бизнесті қолдау мен экотуризмді дамытуды сылтау етіп бюджет қаржысы мен жерді талан-таражға салғалы отыр» деп санайды.
«Ешбір шенеунік, ешбір кәсіпкер ЕҚТА-ны климаттық өзгерістер салдарын жеңілдететін, биоалуантүрлілікті қолдайтын, су ресурстарын сақтайтын, экологиялық қауіпсіздікті нығайтатын стратегиялық фактор ретінде қарастырмайды. Табиғи аймақтарды аралап шыққан тәжірибелі заңгерлер де, құқық қорғау қызметкерлері де учаскелердің иесін, шекарасын, нысаналы мақсатын біле алмады. Осыған дейін ұзақ мерзімге жалға берілген нысандарда үнемі дау туындап, іс сотқа дейін жетіп жатты. Демек, бұл сала маңызды реформаға өте мұқтаж және ол реформа ашық әрі кең талқылаудан өтіп, ЕҚТА-ны дамыту және биоалуантүрлілікті сақтау бойынша халықаралық келісімге сәйкестігі тұрғысынан экспертизадан өтуі тиіс. Дәл қазіргі әлсіз дайындық жағдайында территорияны басқару және инвестициялау бойынша жаңа тәртіп енгізу еш қисынсыз. МЖӘ енгізілсе, онда инвесторлар мүддесін қорғайтын заң күшейеді. Ал біздің ландшафтты кім қорғайды? Экологиялық қоғамдастық Үкіметтің ЕҚТА-да МЖӘ енгізу туралы бастамасына қарсы. ЕҚТА-ның негізгі рөлі – биоалуантүрлілік пен ландшафтарды сақтау. Дәл осы тәртіп кез келген шешімді қабылдау кезінде басымдыққа ие болуы тиіс. ЕҚТА стратегиялық нысан болғандықтан әркез мемлекеттік органдардың басқаруында қалуы керек» делінген мәлімдемеде.
Қазіргі Экологиялық кодекс 2007 жылдың 9 қаңтарында қабылданған. 2018 жылы жаңа экологиялық кодекстің тұжырымдамасы бекіп, 2019 жылы желтоқсанда редакция жасалып, Парламентке жолданды.
«Мемлекет-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін, оның ішінде концессияға беруге жатпайтын объектілер тiзбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 6 қарашадағы №710 қаулысына өзгерістер енгізуге байланысты қоғамдық тыңдау өткізу 20 желтоқсанға жоспарланған.
АЛМАТЫ