Қоғам • 15 Желтоқсан, 2020

Елордада мұғалімдер мен дәрігерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды

330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні қарсаңында дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік қызметкерлер, еңбек ардагерлері мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram  парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада мұғалімдер мен дәрігерлер мемлекеттік наградалармен марапатталды

«Тәуелсіздік күні қарсаңында дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік қызметкерлер, еңбек ардагерлері мемлекеттік наградаларға ие болды. Олар елорданың көшірілуінің алғашқы жылдарында халық санының жылдам өсуін ескере отырып, қаланы жылумен, жарықпен және сумен қамтамасыз етті. "Парасат" орденімен медицинаның дамуына зор үлес қосқан, Ұлттық нейрохирургия орталығында коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі штабтың жұмысын ұйымдастырған М.Шайдаров марапатталды.

«Құрмет» орденімен - білім беру, медицина, құрылыс саласындағы ардагерлер, «III дәрежелі Еңбек Даңқы» орденімен ондаған жылдар бойы ЖЭО, Астана-Энергия және т. б. стратегиялық объектілерде еңбек еткен қызметкерлер марапатталды.

Сондай-ақ, қала мен елдің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқандар «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» мемлекеттік медалдарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен табыс тілеймін!» деп жазды Алтай Көлгінов.