Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2020

48 қостанайлық мемлекеттік наградаларға ие болды

177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Тәуелсіздік күніне орай «Жастар сарайында» өткен салтанатты жиында өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табыс етті.

48 қостанайлық мемлекеттік наградаларға ие болды

«Бүгін осы залда өңірдің дамуына күнделікті еңбегімен үлес қосып келе жатқан түрлі сала өкілдері жиналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 48 қостанайлық мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл – қажырлы еңбектің нәтижесі және Отанымыздың игілігі жолындағы сіздердің қызметтеріңізге берілген жоғары баға. Әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруға қосқан зор үлестеріңіз үшін Сіздерге және ұжымдарыңызға алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер», - деді Архимед Мұхамбетов құттықтау сөзінде.

Жиын барысында «Фрунзенское» ЖШС директоры Николай Шерер «Парасат» орденімен, Жітіқара ауданының әкімі Абай Ибраев, «Қостанай минералдары» АҚ Басқарма төрағасы Ербол Нұрхожаев, «Успеновск» ШҚ басшысы Анатолий Сергеев, «Шайхин» ШҚ басшысы Ғалымжан Шайхин «Құрмет» орденімен марапатталды.

«Заря» АҚ механизаторы Алексей Асанов, «Светлый Жарколь» ЖШС механизаторы Нұрлыбек Байсалбаев, «Хамитов» ШҚ механикалық ток машинисі Сергей Буллер, «Сыма» ЖШС механизаторы Серікбол Төлеміс III-дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін кеуделеріне тақты.

Сондай-ақ, бірқатар қостанайлықтар «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», «Халық алғысы» медальдарының, Қазақстан Республикасының және Қазақстан Республикасы Президенті Құрмет грамоталарының, «Белсенді қызметі үшін» төсбелгілерінің иегері атанып отыр.

Марапатталғандардың арасында дәрігерлер, педагогтар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер және бизнес өкілдері бар.

Бұл жолы өңіріміздің өркендеу жолында аянбай тер төккен бес қостанайлық «Қостанай облысының Құрметті азаматы» атағына ие болып отыр. Олар: Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын, жыршы, журналист Қасымхан Алдабергенов, «Мәскелеу» ЖШС директоры Зейнолла Жаңбыршынов, «Железнодорожное АМФ» ЖШС директоры Максим Артемук, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Бағила Баймағамбетова және ақын, драматург Ақылбек Шаяхмет.

 

Қостанай облысы