Аймақтар • 17 Желтоқсан, 2020

Қостанай облысында 128 отбасы пәтер кілттерін алды

144 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Жітіқара қаласының тұрғындарына пәтер кілттерін табыс етті. 

Қостанай облысында 128 отбасы пәтер кілттерін алды

Бес қабатты 80 пәтерлі үй биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынды. 

Құрылыс жұмыстары барысында 121 адам тұоақты еңбекпен қамтылған.

«Бүгін біз үшін өте маңызды, көптен күткен күн, ол өмір бойы есте қалады. Оның үстіне, біз өз үйіміздің кілтін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні алдық. Бұл-бізге мемлекет сыйлайтын тамаша сыйлық», - деді көпбалалы ана Айсұлу Ақтаева.

Көп балалы ана Айсұлу Ақтаева 3 бөлмелі пәтердің кілтін алды. Бұрын бұл отбасы жалдамалы пәтерде тұратын.

Сондай-ақ, Федоров ауданы мен Денисов ауылының тұрғындары қоныс тойын тойлады.

Биыл Федоров ауылында 4 және 24 пәтерлі тұрғын үйлер салынды. Мереке күні кезекте тұрған көп балалы, әлеуметтік осал және жетім балалар санатындағы тағы 28 отбасыға кілттер табыс етілді.

Ал Денисов ауылында 20 пәтерлі үй салынды, оның кілттері көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, дәрігерлерге, әлеуметтік сала қызметкерлеріне және кезекте тұрғандарға берілді. 

Бүгінгі таңда Мемлекеттік бағдарламалар аясында Қостанай облысында 328,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 3 мыңнан астам пәтер. Жыл соңына дейін тағы 51 мың шаршы метр пайдалануға беріледі. 

Сонымен қатар, шамамен 850 аз қамтылған отбасы мен мұқтаж кезекте тұрғандардың тұрғын үй жағдайлары жақсартылатын болады.