Президент • 20 Желтоқсан, 2020

Басты міндет – вакцинаның кең көлемдегі қолжетімділігін қамтамасыз ету

123 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Басты міндет – вакцинаның кең көлемдегі қолжетімділігін қамтамасыз ету

Видеоконференция режімінде өткен іс-шараға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан Президенттері қатысты.

Жиын барысында Мемлекеттер басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясындағы көпжақты ықпалдастық, ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасы және оны іске асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспары жайында пікір алмасты. Сондай-ақ ТМД елдері Парламентаралық ынтымақтастықты арттыру және нығайту мәселесі талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бүгінгі отырыстың әлемдік экономика мен саясаттағы көптеген маңызды проб­лемалар төңірегінде өтіп отырғанын, дүние жүзіндегі қиын ахуалды коронавирус пандемиясы одан әрі шиеленістіріп жібергенін жеткізді. Қазақстан Президенті ортақ мүдделерді ескере отырып бірқатар ұсыныс жасады, оның ішінде, коронавирус індетіне бірлесе қарсы күресуге қатысты ойын ортаға салды.

– Бүгінгі күннің ең басты міндеті – азаматтарымыздың коронавирусқа қарсы вакцинаға кең көлемде қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Осы орайда COVID-19 індетіне қарсы жаһандық күресте әлемде бірінші болып вакцинасын тіркеген және халыққа екпе жасай бастаған Ресей Федерациясының жетекші рөлін атап өткім келеді. Қазақстан да өзінің вакцинасын әзірлеп жатыр. Оның сынамалары жақсы нәтиже беруде. Біз келесі аптада Ресеймен бірлесіп, вакцина өндірісін іске қосамыз. Ол ресейлік те, қазақстандық та өнім ретінде экспортқа шығарылады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент әріптестерін өздерінің сыртқы саясат ведомствосы басшыларына БҰҰ аясында Ауруларды бақылау және биологиялық қауіпсіздік жөніндегі аймақтық орталықтар желісін, сондай-ақ Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру жөніндегі Қазақстанның БҰҰ-да жасаған ұсынысын қолдау үшін тапсырма беруге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Достастық елдерінің арасындағы іскерлік белсенділік пен экономикалық байланыстарды жандандыру жұмысын ТМД-ның басты міндеттерінің бірі ретінде атады.

– Қазіргі жағдайда біздің негізгі ба­сым­дығымыз – әлеуметтік-эконо­микалық тұрақтылықты сақтау, халықтың табыс деңгейін және жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Бірақ бұған сауда-эконо­микалық қатынастардың барлық кешенін қайта жаңғыртпай, қол жеткізу мүмкін емес. Өзара сауда-саттықты одан әрі ырық­тандыру, кедергілер мен шектеулерді реттеу жөніндегі жұмыстарды жандандыру қа­жет. Инвестиция тартуға, көлік-тран­зит әлеуетін тиімді пайдалануға, өнеркә­сіптік кооперацияны тереңдетуге, өңірлер арасындағы тікелей байланыстарды дамы­туға баса мән беру керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қызмет көрсетудің еркін саудасы туралы келісімді және оның әр мемлекетке нақты пайда әкелетін инвестициялар жөніндегі негізгі бөлімін келісуді аяқтаудың маңыздылығына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаны қорғау және «жасыл экономикаға» қатысты  шешімдерді енгізу, сондай-ақ жаңа цифрлы технологияларды дамыту мәселелеріне арнайы тоқталды. Қазақстан ТМД Мемлекетаралық экологиялық кеңестің 2021 жылғы төрағасы ретінде аталған саладағы ұлттық заңнамалардың тәсілдері мен үйлестірілуін ұштастыру мүмкіндігін зерттеуді, сондай-ақ Цифр­ландыру мәселелері бойынша арнайы жұмыс тобын құруды  ұсынды.

Қазақстан Президенті Мемлекеттер басшыларының назарын қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге аударды. Оның пікірінше, мемлекетаралық қатынастардың шиеленісуі және өзара сенімсіздік жағдайында орнықты даму мен ілгерілеу мүмкін емес.

– Әзербайжан Президенті Ильхам Гей­дар­ұлы Әлиев пен Армения Премьер-министрі Никол Воваевич Пашиня­н­ның бірлесе күш салуымен, Влади­мир Владимирович Путиннің белсенді ара­ағайындығымен Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы келі­сімді тағы бір рет атап өткім келеді. Бұл қалыптасқан күрделі жағдай­дағы ең дұрыс шешім болды. Аталған тарихи келісім өңірде ұзақмерзімді бей­біт­шілік орнатуға ықпал етеді деп үмітте­немін. Шын мәнінде, Достастық ұйымы құрылғалы бері саяси атмосфераны улап келген посткеңестік кеңістіктегі қақтығыс ошағының оты сөндірілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осындай қиын-қыстау кезеңде елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың маңызы арта түседі деп санайды.

– Иә, біз бір-бірімізден экономикалық әлеуетіміз тұрғысынан ерекшеленеміз. Біздің тарихи көзқарасымыз, Таулы Қарабақтағы қақтығыс көрсеткендей, тіпті, геосаяси көзқарасымыз да әртүрлі болуы ықтимал. Дегенмен, ең бастысы, біздің халықтарымыз бейбіт жағдайда өмір сүріп, бір-бірімен достық қарым-қатынаста болғысы келеді. Біздің міндетіміз – халықтарымыздың арасына сына қағылуына жол бермей, өзара тиімді ынтымақтастықты арттырудың жолын іздеу, қазіргідей стратегиялық құбылмалы жағдайда ТМД елдерін жа­қын­дастыру. Біз пандемиядан кейінгі ке­зең­де оның барлық сын-қатерлері мен ауыртпалықтарын еңсеруде көпжақты ықпалдастық мәселесін ойластыруымыз керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ны халықаралық қоғамдастықта зор беделге ие деп санайды.

– Біздің ұйымның негізін қалау­шылар күш жұмылдыра отырып, пост­кеңестік кеңістікті тарихымыздағы қара­ма-қайшылық кезеңіндегі ауыр қантө­гістен аман сақтап қала алды. Достас­тықтың әлеуетін жаңа геосаяси жағ­дайда одан әрі күшейту және оның халық­аралық аренадағы орнын нығайту – бар­шамыздың ортақ міндетіміз. Тату көршілік рухындағы ынтымақтастық, өзара құрмет көрсетіп, мүдделерді ескеру арқылы қазіргі сынақтар мен алдағы сын-қатерлерге лайықты төтеп бере алаты­нымызға сенемін, – деді Қазақстан Пре­зи­денті.

Мемлекет басшысы Қазақстан Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 2020-2022 жылдардағы төрағасы кезінде аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз етуге маңызды үлес қосуға ниетті екенін атап өтті. Ол үшін еліміз АӨСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымы ретінде қайта құруды жоспарлап отырғанын және бұл бағытта бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Достастық оған мүше мемлекеттердің барлығына пайда әкеліп, негізгі мәселелер бойынша ұстанымдарды үйлестірудің маңызды тетігі ретінде қала беретінін атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа, оның ішінде, ТМД-ны одан әрі дамытудың тұжырымдамасына және осы Тұжырымдаманы іске асы­ру­дың негізгі іс-шаралар жоспарына, Біріккен Ұлттар Ұйымының құрыл­ға­нына 75 жыл толуына орай Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемле­кеттер басшыларының бірлескен мәлімде­месіне, Халықаралық ақпараттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынты­мақтастық туралы Тәуелсіз Мемле­кеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесіне қол қойылды.

Қазіргі жағдайды ескере оты­рып, ТМД-ны одан әрі дамыту тұжы­рымдамасы экономикалық, саяси, мәдени-гума­ни­тарлық салалардағы ықпал­дастық бағыт­тары бойынша кеңейтілді. Құжатта ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісі, зергерлік өнеркәсіп салаларындағы кооперациялық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру, сондай-ақ өнімдердің жекелеген түрлеріне қатысты ортақ нарықты дамыту мәселелері қамтылды. ТМД елдері цифрлы технология, ғарышты пайдалану салалары бойынша да ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Ал мәдени-гума­нитарлық бағытта денсаулық сақтау, ха­лықтың санитарлық-эпидемиялық амандығын қамтамасыз ету, жастармен жұмысты ілгерілету жөніндегі ынты­мақтастықты жандандыру мәселелері қарас­тырылды.