Технология • 20 Желтоқсан, 2020

Жаңа сервис іске қосылды

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің Сауда министрлігінде Derekhub.kz арқылы шешім әзірленді. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен дәрі-дәрмектердің бағаларын және бағаны заңсыз көтеру жағдайларын бақылауға көмектеседі.

Жаңа сервис іске қосылды

Бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі саласындағы derekhub.kz сервисі Қазақстан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) және дәрілік заттардың бағаларына мониторинг жасауға және талдауға мүм­кіндік береді. derekhub.kz арқы­лы отандық бизнесмендер мен тұтынушылар ӘМАТ өзекті бағаларын және Сауда және интеграция министр­лігі белгілеген шекті құн нормаларын көре алады.

«Мұндай платформаның идея­сы пандемия кезінде та­уарлар мен дәрі-дәрмектердің 10-нан 30%-ға дейін айтарлықтай қымбаттауы байқалған кезде қалыптасты. Бұған дейін ведомство белгілеген лимиттерде бағаның ұсталуын тексеру үшін барлық өңірді қамтуға мүмкіндік бермейтін ішінара тексерулер жүргізу қажет болатын. Енді бұл үшін біз әзірлеген сервисті пайдалану жеткілікті», деді Сауда және интеграция министрлігінің Ішкі сауда департаменті директорының орынбасары Ерлан Ешназаров.

Сауда және интеграция ми­нистр­лігі бизнесті, сауда объек­тілерін осы бастамаларға ерікті негізде қатысуға шақырады. Оның шеңберінде платформаға қатысушы компаниялар заңды мәселелер бойынша бизнесті қолдаудың тегін жедел желісіне және министрліктің атаулы сертификаттарына, сондай-ақ ӘМАТ нарықтық бағалары бойынша тұрақты талдамалық есептерге, бұлтты фискалдық құралға және dosmart ниеттестік картасына тегін жазылуға, кепілсіз кредит өнімдеріне және Альфа банктен төлем құралдарына қол жеткізе алады. Сондай-ақ ведомство тарапынан жылдың әлеуметтік жауапты кәсіпкерлеріне «Адал сатушы» («Trusted businnes») аталымы беріледі.

Платформа қанатқақты режім­де іске қосылды. Кәсіп­керлер бағаларды жүктей алады және тарихты жеке кабинет­тен көре алады. Ритейл-аналитика оларға тегін толық көлемде қолжетімді болады.