Саясат • 21 Желтоқсан, 2020

Өмірзақ Шөкеев кешенді бағдарлама әзірлеуді ұсынды

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан өңірінің тарихын, археологиясы мен мәдениетін еліміздің рухани астанасы ретінде ғылыми тұрғыдан зерттеу жаңа және кешенді көзқарасты талап етеді. Осы орайда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев кешенді бағдарлама әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды деп хабарлайды Egemen.kz

Өмірзақ Шөкеев кешенді бағдарлама әзірлеуді ұсынды

Оған қала тарихына қатысты кітаптарды аудару және басып шығару мәселелері енеді.

Бағдарламада археологиялық қазбалар, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру, театр және музыкалық қойылымдар мен Түркістан қаласының шынайы келбетін ашатын басқа мәселелер қамтылуы тиіс. Археология институтының директоры, академик Б.Байтанаев, белгілі археологтар М.Тұяқбаев, А.Ержігітова, профессор, Қ.А.Ясауи атындағы МКТУ ғылыми-зерттеу орталығының директоры Д.Кенжетай сынды ғалымдармен бірқатар мәселелерді талқылау барысында облыс әкімі жоғарыда айтылған ұсыныс-пікірін ортаға салды.

Ғалымдар Түркістанның жаңа тұжырымдамасын жасау үшін құнды кеңестер берді.

Тарих пен мәдениет ескерткіштері жарқын оқиғаларға бай аймақтың өткенін зерттеу мен түсінуге негіз болып табылатыны айтылды. Сонымен қатар ғалымдар Түркістанды біртұтас тарихи-мәдени аймақ ретінде зерттеу тарихына жүгіне отырып, оны ортағасырлық авторлардың еңбектерінен бастау керектігін мәлімдеді. Табари, Ибн-Хордадбех, Макдиси, Истахри, Ибн-Хаукал, Джувайни, Шереф-д-Дин Эзди, Васифи және басқа да ұлы ойшылдардың шығармалары тыңғылықты зерттелуі қажет. Оның үстіне XIX ғасырдың екінші жартысында әйгілі «Түркістан альбомы» жарық көрді.  Бұл Орта Азияның кең географиялық аймағын зерттеудің көпжылдық нәтижесі бола алды. Басқосуда келесі кезеңді Түркістанды археологиялық зерттеудің негіздері деп санауға болатыны айтылды.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жасалған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы 2004-2011 жылдар Түркістанды қарқынды зерттеудің тағы бір маңызды кезеңі болды. Бағдарлама шеңберінде археология, құнды жәдігерлерімізді табу, сақтау және қалпына келтіру, тарихты, мәдениетті және тарихи мұраны зерттеу саласында көптеген жобалар жүзеге асырылды. Тарихи-мәдени мұраны танымал ету және туристік кластерді дамыту бойынша жобалар басталды. Түркістан өлкесінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу мен насихаттауды жалғастыру және еліміздің басты геомәдени брендтерін құру - кезек күттірмейтін және маңызды міндет», деді Өмірзақ Шөкеев.

Сондай-ақ облыс әкімі қазірдің өзінде Отырар оазисінің ескерткіштері, Күлтөбе, Сауран археологиялық кешені, Сидақ, Бөріжар қорымы, Жуантөбе, Қараспан төбесі, Сайрам-Испиджаб, Созақ елді мекендері, Жібек Жолының феномені және басқа да көптеген нысандар санқырлы зерттеу жұмыстарының негізі болатынын атап өтті.