Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2020

Арманы орындалған адам

315 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары Қостанай облысында мал ұрлығы белең алып кетті. Облыстық полиция департаментінің бастығы Бекет Айтмағамбетов аймақ тұрғындарымен әлеуметтік желі арқылы онлайн режімде өткен кездесуінде өңірде биыл 189 мал ұрлығының тіркелгенін тілге тиек ете келіп, қылмыстың бұл түрі көбіне тұрғындардың қорадағы малды қараусыз жібере салуының салдарынан болатынын айтты.

Арманы орындалған адам

Мәселен, биыл облыста орын алған 124 ұрлық өрісте еркін жайылып жүрген малға қатысты жасалса, мұның сыртында, қараусыз қалып, бетімен жайылып кеткен 150 бас малды полиция іздеп та­уып, иелеріне қайтарып берген. Дегенмен департамент бастығы мал ұрлығы биыл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға азайып, аталған қылмыстың ашылу деңгейінің де жоғары екенін жеткізді. «Бұл көрсеткішке ең алдымен полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігінің нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз», деген департамент басшысының сөзінің жаны бар. Мысалы, биыл патрульдік полиция қызметкерлері бірнеше жыл бойы мал ұрлығымен айналысып келген қылмыстық топты ұстады. Қарапайым халықты қан қақсатқан қылмыстық топтың облыстың 6 ауданындағы 11 үйден 12 жылқы, 5 ірі қара, 68 ұсақ мал, 1 мал таситын тіркеме және «ВАЗ» 2112 автокөлігін ұрлағаны анықталып отыр. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі 22 млн теңгеден асып кетеді.

Күдіктілер қолға түскенімен, әу бас­та өздеріне тағылған айыпты мойын­дамай, жауаптан жалтарып кете берді. Бірнеше жыл бойы, әр уақыт кезеңінде, бір-бірінен шалғай жатқан әр елді мекенде жасалған шытырман қылмыстың бетін ашу шынымен де аса қиын шаруа. Мұндай сәтте аса тәжірибелі тергеушінің өзі тығырыққа тіреліп, іс толық ашылмай қалуы мүмкін. Алайда бүкіл облыс жұртшылығын дүрліктірген атышулы істі талдырмаш қана келген қазақтың қаракөз қызы бастан-аяқ алып шықты. Қостанайдың сайын даласында қасқырдай жортып, ауыл-ауылды торуылдап жүріп, талай отбасын нәпақасынан айырып, қора­дағы малын өңгеріп алып кеткен «екі аяқты қасқырларды» жарты жыл талмай тергеп, қылмыстық іске тіркелген 27 эпизод бойынша бұлтартпас дәлелмен әр­қайсысына айыбын арқалатқан қы­лыштың жүзіндей өткір мінезді өжет қыз – Қамысты аудандық полиция бөлімі­нің аға тергеушісі, полиция майоры Жанар Тоқаева еді. 

– Қылмыстық топтың құрамында үш адам бар. Үшеуі де Алтынсарин  ауда­нындағы Силантьев ауылының тұрғындары – Арыстан Мұхаметов пен Бектеміс Рамазанов 32 жаста, ал Бауыржан Бегімов отыз төртте. Атышулы қылмысқа қатысты бір-екі эпизодқа ғана тоқталайын,  былтыр наурыз айында үшеуі Силантьев ауылының тұрғыны К.Жылқышиновтің 2 биесін 3 құлынымен қосып ұрлап әкеткен. Мал иесіне келген жалпы шығын көлемі 1 млн 250 мың теңге шамасында. Сол жылы мамыр айында Б.Бегімов бастаған қылмыстық топ Сарыкөлден Ұзынкөлге баратын күре жолдың бойында жергілікті тұрғын А.Сәкенованың 4 жасар асыл тұқымды бұқашығын ұрлайды. Барымташылар ірі қара малды алдымен мылтықпен атып, одан кейін етін бөліп, көлікке тиеп алған. Тергеу барысында оқиға орны мұқият тексерілді. Нәтижесінде, Сарыкөл ауданына қарасты Павлыш-Спасск ауылынан 4 жарым шақырым жерде «ИЖ-16» үлгісіндегі 16 калибрлі мылтықтың екі оғы табылды.  Тергеу барысында күдіктілерді бұлтартпай мойындату үшін әрбір қылмысты нақты айғақтармен дәлелдеу керек. Бұл шаруа оңайға соққан жоқ, алайда криминалистика саласындағы әріптестерімнің көмегімен үш күдіктінің де қылмысы дәлелденіп, іс сотқа жіберілді. Осылайша, облыстық сот қылмыскерлердің әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды, дейді білікті Ж.Тоқаева.

Тергеу саласында 13 жыл бойы ең­бек етіп келе жатқан білікті маман осы уа­қытқа дейін жүзге жуық қылмысты әш­кереледі. Соның ішінде әлі күнге дейін Жанардың жадынан кетпейтін тағы бір аса ауыр қылмыстық іс бар. Полиция майоры былтыр Қостанайда 26 бойжеткенді алты жыл бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп келген 6 адамнан құралған қылмыстық топқа қатысты тергеу ісін аяқтап, сотқа жіберді.

– Жәбірленушілердің бәрін іздеп таптық. Олардың бесеуі кәмелетке  толма­ғандар. Ең кішісі 14 жаста. Сот шешімімен қылмыстық топтың ұйымдастырушысы 18 жылға сотталды. Қалғандары 15-16 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, – деді тергеуші.

«Әйел адамға тергеуші болу қиын емес пе, полицияға қызметке келуге не түрткі болды?»  деп сұрап едім, «Мектеп қабырғасында жүргенде тергеуші болсам ғой деп армандайтынмын. Өйткені ол кезде теледидардан «Спрут» фильмі жүріп жатты. Фильмнің бас кейіпкері, әділдік жоқшысы комиссар Катанидің қайсарлығы мен жанкештілігіне қайран қалатынмын.  Қиялшыл жас кезіміз ғой, осындай болсам ғой деп армандайтынмын. Мен арманы орындалған адаммын», деді Жанар жымиып.                                       

Қостанай облысы