Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2020

Атырауда 600 орындық мектеп пайдалануға берілді

863 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау қаласындағы «Самал» шағын ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның сыйымдылығы 600 орынға есептелген.

Атырауда 600 орындық мектеп пайдалануға берілді

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметінше, бұл білім ұясында 831 оқушы дәріс алады. Олар осы кезге дейін өзге мектептерде оқыған.

Үш қабатты мектеп ғимаратында 200 орындық акт залы мен 130 орынға арналған асхана, жаңа үлгідегі психология кабинеті мен медициналық пункт бар. Жаңа білім ошағы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

«Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері білім беру саласына айрықша көңіл бөлінді. Өйткені бәсекеге қабілетті қуатты мемлекет құру үшін білімді ұрпақ тәрбиелеу керек. Сол себептен мұғалімдер мәртебесі көтіріліп, жыл сайын жалақысы өсіп отыр. Мектептердің  материалдық-техникалық базасы тұрақты жаңартылып келеді. Атырау қаласында 1991 жылдан бері 23 мектеп салынды. Биыл екі мектеп пайдалануға берілді. Ал үш мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, екеуінде жалғасып жатыр» деді өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, «Береке» шағын ауданында 1200, ал Дамбы ауылында 300 орындық жаңа мектеп салынып жатыр. Келесі жылы Жаңаталап ауылында 300, «Балауса» шағын ауданында 600, Ақжар-2 ауылында 600 оқушыға арналған мектеп пайдалануға беріледі. Төрт мектептің жанынан қосымша 120 орынға есептелген жапсаржай салынды. Сондай-ақ ғимараты апатты жағдайда деп танылған М.Жұмабаев атындағы орта мектеп үшін 160 орындық жаңа нысан салу жоспарланып отыр.

«Мұның барлығы Тәуелсіздіктің тірегі – жас буынның сапалы білім алуы үшін жасалған қадам. Өйткені сапалы білім ғана саналы ұрпақтың қалыптасуына ықпал етеді. Осы мақсатта Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесе арнайы жол картасын дайындалып жатыр» деді облыс әкімі.