Жалпы, Қазақстанда тұңғыш рет «Үміт бесігі» деген атпен жүзеге асқан бұл жоба осы ғасыр басында Еуропа елдерінде бастау алыпты. Әуелгіде идея ізгі мақсатқа – тастанды балалардың өмірін сақтауға бағытталған екен. Жарық дүние есігін ашқан сәбилерді қоқысқа тастау оқиғасы жиілегеннен кейін қоғамдық ұйымдар «Бэби бокс» жобасын қолға алып, емханалар мен ауруханалар маңына арнайы жәшіктер орната бастаған. Қазір мұндай арнайы сәби қабылдайтын орындар әлемнің бірқатар елінде қалыпты жұмыс істеп тұрған көрінеді.
– Өкінішке қарай, босанған ананың өз баласының өміріне қауіп төндіруі сияқты аса ауыр қылмыс түрі барын жоққа шығара алмаймыз. Сұмдық болса да, мұндай статистика бар. Біз қолға алған «Үміт бесігі» әлеуметтік жобасы туғанынан ата-анасы бас тартқан сәбидің өмірін құтқаруға бағытталған, заман талабына сай туындаған шешім. Яғни біз тастанды сәбилерді қабылдайтын орындарды медициналық мекемелер жанынан ашу қажеттілігін көтеріп жүрміз. Бұл сәби өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Қабылданған сәби ары қарай бірден мемлекеттік органдар қамқорлығына берілуі керектігін де ескердік. Сондықтан «Үміт бесігі» әлеуметтік жобасының ең алғашқы орны Еңбекшіқазақ ауданаралық көп салалы ауруханасында ашылды. Екінші жағынан біз осы өзекті мәселеге қоғам назарын аударуға тырысып отырмыз. Өйткені, құтқарылған сәби өмірі – біз үшін жеңіс, еңбегіміздің жемісі. Әрине, «Үміт бесігіне» сәбиін өткізетін ана мүлдем болмаса екен, жалпы елімізде тастанды бала туралы түсінік жойылса екен деп тілейміз, – дейді жоба туралы түсінік берген «Aspan Space» қайырымдылық қорының өкілі Индира Жакубекова.
Жобаның жылдам жолға қойылуына ел көлемінде орын алған өкінішті оқиғалар легі себеп болғаны анық. Соңғы бес жыл көлеміндегі деректер ойлануға мәжбүрлейді. Мысалы, Қазақстанда 2016 жылы 12 бала перзентханадан тыс жерде туылып, оның бесеуі шетінеген. Нәрестелердің жансыз денесі қоқыстан, әжетханадан табылған. Ал 2017 жылы 9 сәби осындай жағдайда дүниеге келіп, бір нәрестенің өмірін құтқару мүмкін болмапты. 2018 жылы 7 нәресте, 2019 жылы 2 бала қоқыс жәшігінен табылған. Өкініштісі, биыл қазақстандық «көкек аналар» 9 сәбидің көз жасына қалған. Демек, тастанды бала қабылдайтын орынның ашылуы пісіп, жетілген іс екені анық. Айтпақшы, осындай «бэби бокстар» ашқаннан кейін Ресейде 115 сәби ажал аузынан қалған. Тіпті 15 баланы анасы кері қайтарып алған екен.
Ал Еңбекшіқазақ ауданаралық ауруханасының директоры Жәмила Әбілова «Бэби-бокс» жәшігінің ашылуы жаңа туған шақалақтардың арықтан, қоқыс орнынан, дәретханалардан табылуына тосқауыл болады деген ойда. Яғни бұл арнайы орын басына тағдыр тауқыметі түскен кез келген әйелге өз баласын қауіпсіз жағдайда қалдыруға мүмкіндік береді-мыс. Сонымен қатар бұл жоба әйелдің жеке басының құпиясын да сақтайды екен. Сол үшін бокс маңына бейнебақылау камералары орнатылмайды.
– Есіктегі перзентханада күніне жиырмаға жуық бала дүние есігін ашады. Биыл 2 600 нәресте туды. Өкінішке қарай, сәбиінен бас тартқан аналар бар. Біз мұндай жағдайда жазықсыз баланы жетімдер үйіне жібереміз. Мысалы, биыл анасы баланы үйде босанып, оны сөмкеге салып, дүкен есігінің тұтқасына іліп кеткен жағдай болды. Бала аман қалды, қазір оның дені сау, сәбилер үйіне ауыстырылды. Ал мына «Бэби бокс» жәшігі мүлдем басқа мақсатты көздейді. Өкініштісі, кездейсоқ жүктіліктің салдарынан дүниеге келген нәрестелер дәрігерлердің бақылауынан тыс қалады. «Қаладағы қоқыстан бала табылды, дәретханаға сәби тастап кетіпті» деген ақпараттар біздің жүрегімізді ауыртады, әрине. Көп жағдайда әлгіндей балалардың өмірін сақтап қалу қиын. Медициналық көмек кеш көрсетілгендіктен, тағдыр талқысын іште жатып көрген нәресте шетінеп кетеді. Міне, осындай жағдайдың алдын алу үшін бала қабылдау орындарының болғаны дұрыс. Мысалы, Есіктегі аурухана аумағында ашылған боксқа бала түскені туралы хабарлама түскеннен кейін, біз сәбиге жедел медициналық көмек көрсетеміз. Әрине, бұл жаңа туған сәбидің амандығы үшін өте маңызды. Кей жағдайда босанған ана райынан қайтып, баласын іздеуі де мүмкін ғой. Жобада бұл жағы да қарастырылған. Яғни үш айдың ішінде анасы өз ойын өзгертіп жатса, нәрестесіне оралып, қайтаруға мүмкіндігі бар, – дейді Жәмила Әбілова.
Жалпы, әлеуметтанушылар тастанды баланың көбеюіне, оның ішінде нәресте өміріне немқұрайды қарауға жасөспірім қыздар арасындағы жүктілік көрсеткіші себеп болып отыр деген пікір айтады. Мысалы, Қазақстандағы бала құқығына қатысты зерттеу жұмысына сүйене отырып мәлімдеме жасаған әнші, репродуктивті денсаулық бойынша UNFPA амбассадоры Ақмаржан Көшербаеваның пікірі шындыққа жанасады.
– Елімізде жасөспірімдер арасында жүктілік көрсеткіші өте үлкен. Жыл сайын 1 000 жасөспірім қыздың арасында 36 қыз жүкті болады. Бұл Еуропамен салыстырғанда алты есе көп. Екіншіден, біздің қыздардың денсаулығы өте нашар. Дәрігерлік тексеру деректері бойынша дені сау қыздардың үлесі – 47 пайыз ғана, яғни әрбір екінші қыздың денсаулығында ақау бар. Үшіншіден, қауіпсіздік туралы. Соңғы жылдары 16 жасқа дейінгі қыздарға жасалған сексуалды қылмыстар саны 60 пайызға көбейген, – дейді Ақмаржан Көшербаева.
Өкінішке қарай, жасөспірім қыздарды зорлау мен ерте жүктіліктің дерегі Алматы облысында да азаймай отыр. Мысалға, өткен жылы кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасаудың 93 дерегі анықталса, биылғы 9 айда мұндай оқиғаның саны 83-ке жетіпті. Жалпы, азғындықтың кез келген түрін ақтауға болмайды. Ал бала зорлау оқиғасының жиілеуі қоғамды тіптен ойландыруы тиіс. Өкінішке қарай, ел ішінде оқушы қыздарға «қол жүгірту» әрекеті әбден асқынып, адамдардың азғындауына дейін жеткен. Ең сорақысы, туған немересін зорлаған ақсақал, тете өскен қарындасын қорлаған жігіт ағасы, тіпті бауыр етінен жаралған балдырғанына қастық ойлаған әке де бар. Жоғарыда анықталған 83 зорлық дерегінің ішінде айтылғандай, 1 жасөспірім өзінің атасымен, 3 қыз ағаларымен, 7 бойжеткен туған әкесімен, 2 жеткіншек өгей әкесімен, 1 қыз бала көршісімен мәжбүрлі түрде жыныстық қатынасқа барғандарына шағымданған. Бұдан өзге 70 жасөспірім басқа да қара ниетті адамдардың құрбаны болыпты. Оның ішінде жасына жетпей жүкті болып қалған қыздардың да қарасы аз емес екен. Полиция тарапынан осы сипаттағы 273 дерек тексеріліп, 37 оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Әрине, жан түршігетін деректердің артында бала тағдыры тұрғаны анық.
Айтпақшы, біз тақырыпқа орай дерек іздеу барысында қоқысқа бала тастау туралы ақпараттардың тым жиі жарияланатынын байқадық. Мұндай сұмдық статистика еліміздің барлық аймағына қатысты тіркелген. Кейінгі екі жыл көлемінде Атырау, Қостанай, Қарағанды, Алматы, Павлодар облыстары мен Жезқазған, Петропавл, Шымкент, Түркістан қалаларында мұндай оқиға бірнеше мәрте қайталанған. Әрине, ақпараттар легі азалы болғанмен, деректің артында ауыр қылмыс жатқаны анық. Тәртіп сақшылары да бұл бағытта белсеніп жұмыс істегенмен, бала өліміне қатысты ғана қылмыстық іс қозғайды екен. Яғни көп жағдайда «көкек аналардың» ізін табу қиынға түседі. Ал анықталған жағдайда да түрлі көлемде айыппұл төлеу туралы жазамен құтылады. Мысалы, биыл Қарағанды қаласында сәбиін қоқыс жәшігіне қалдырған анаға қатысты сот үкімі шыққан болатын. Ол «Қылмыстық кодекстің» 119 бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған. Сот «көкек анаға» 55 560 теңге көлемінде айыппұл салды...
Алматы облысы