Мысалы, жақында ғана қайта құрылған «Қарадала» және «Хантәңірі» халық театрлары алғашқы өнер жарысынан олжалы оралды. Ұйғыр ауданындағы өнер ұжымы байқауда Гран-При иеленсе, Райымбек ауданындағы өнерлі жастардың қатысуымен ашылған шығармашылық топ бірінші орын алды. Қос ұжым Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен «Жылдың бесінші маусымы» атты онлайн фестивальға Абайдың «Ескендір» поэмасы негізінде жасалған спектакль мен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэтикалық-сазды драмасын ұсынған екен. «Қарадала» мен «Хантәңірінің» өнері халықаралық дәрежедегі өнер шеберлерінің көңілінен шығып, бірден қос жүлделі орынды жеңіп алды.
Жалпы, биылғы онлайн байқауға әлемнің бірнеше елінен кәсіби драма театрлары қатысыпты. Оның ішінде Қырымның музыкалық театры, Кипрдің «Dell Art» театры, Еуропаның бірнеше пластикалық театры және екі әдеби театр, бір хор театры және басқа да театр-студиялар мен балалар театрларының өнері сынға түскен. Сүйінерлігі, Германия, Ресей, Беларусь елдерінің театр сыншылары қазылық еткен фестивальда Жетісудың жаңадан ашылған халық театрларының қойылымы топ жарды.
Халық театрларының халықаралық байқауға қатысуына белгілі өнер қайраткері, актер, режиссер Асқар Наймантаев ұйытқы болған екен. Жалпы, жетісулықтар Асқар Наймантаевтың еңбегін биыл тұсауы кесілген Райымбек ауданы мен Ұйғыр ауданындағы әуесқой өнер ұжымдарының ұйымдастырушы ретінде жоғары бағалайды. Онлайн фестивальға да осы екі театрдың қатысуына өз батасын беріпті. Тәуелсіз жарыс болғасын қатысушылар қомақты жарна төлеуге міндетті болған. Ал қажетті қаражатты «Хантәңірі» театрын қанатының астына алған Райымбек аудандық мәдениет үйінің директоры Еркін Рахымжан мен «Қарадала» театрының ноқта иесі, Ұйғыр аудандық мәдениет үйінің директоры Салтанат Ермұхамбетова демеушілерге жүгініп жүріп тапқан екен.
– Бұл байқауды ұйымдастырушылардың сайтында бұрыннан тіркелген едім. Фестиваль көпжанрлы байқау ретінде қызықтырып жүрген-ді. Әрі байқауға кәсіби ғана емес әуесқой, студенттік тіпті балалар театрлары да қатыса алады екен. Шартын түгел орындап, екі театрды тіркедік. Біздің спектакльдер еуропалықтарға тың тақырып болғандықтан, сұрақ көп болды. Абайдың «Ескендір» поэмасын Е.Винокуров деген адам орысшаға аударған екен, соны тауып алып, қазыларға жібергенмін. Еуропалықтарға Ескендір туралы аңыз қызықты екен, біздің қойылымды тың жаңалық деп қабылдады. Ал, Мұқағалидың «Аққулар ұйықтағанда» шығармасын өз сөзіммен қысқаша мазмұндап жазып жіберген едім, қазыларға түсінікті болу үшін. Қойылым ұнапты. Жоғары баға алды. Айтпақшы, мен өтініш анкетасына екі театрды да «халық театры» демей,
«театр» деп жіберген едім. Енді оны толық жазуға анкета парағындағы орын тар болды... Есесіне, қазылар алқасы «Екі бірдей музыка әрі драма театрын ашыпсыңдар, бұл тамаша жетістік» деп тілектестік білдіріпті. Осылайша, Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен «Жылдың бесінші маусымы» атты онлайн фестивалінің бас жүлдесі мен бірінші орны ауылдағы өнерлі ағайынға бұйырды, – дейді Асқар Наймантаев.
Алматы облысы