Аймақтар • 23 Желтоқсан, 2020

Машани еңбектері дәріптелді

641 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Келер жылдың қаңтарында Түркістан облысында «Фарабиді тұңғыш зерттеуші» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылмақ, ал қыркүйекте «Әл-Фараби және әл-Машани» атты рес­публикалық семинар-конференция өткізіп, ондағы баяндамалар жинақ ретінде шығарылады. Сондай-ақ «Әл-Фараби және әл-Машани» тақырыбында облыс музейлеріне Кентау, Түркістан, Шымкент қалалары мен Шардара, Жетісай аудандарында көшпелі көрмелер ұйымдастыру жоспарланып отыр. Одан бөлек Ақжан әл-Машаниге қатысты мектеп оқушылары мен әлеуметтік желі қолданушыларына да үзбей, жоспарлы дәрістер оқу көзделуде.

Машани еңбектері дәріптелді

Ертеңгі күнге жоспарланған игі істер туралы Отырар ауда­нының орталығы Шәуілдірде өткен «Әбу Насыр әл-Фарабиді тұңғыш зерттеуші – Ақжан әл-Ма­­шани» тақырыбындағы дөңгелек үстелде айтылды. Сон­дай-ақ бұл күні облыстық мәде­ниет басқармасы «Руханият –Әбу Насыр әл-Фараби музейі» МКҚК-ның ұйымдастыруымен және Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университеті Шы­­­ғыс­тану факультетінің фарабитанушы, машанитанушы ма­мандарының қатысуымен Шәуіл­дірде «Отырардан бастал­ған Әбу Насыр әл-Фараби ұстаз ізімен» тақырыбында Ақжан әл-Машаниге арналған көрме залы ашылды. «Ақжан әл-Ма­шанидің көзін көріп, батасын алғандардың бірі мен едім. Ел­жанды, ұлтжанды Ақжан атамыз әл-Фараби баба мұрасын зерттеуді мақсат етіп қойғандағы ең алғашқы қадамы, сапары осы Шәуілдір, Отырар өңірінен басталған. Ендеше, ғылым-білім жолын таңдаған бүгінгі ұрпақ Әбу Насыр әл-Фараби және Ақжан әл-Машани ізімен жүріп, осы топырағы киелі, қасиетті ша­ңырақ Отырардан бастау алып жатса біз қуаныштымыз. Ол кісінің «Әл-Фараби және Абай» сабақтастығын ғылыми тілде баяндап кеткен еңбегі ешқашан мән-мағынасын жоймай, қайта уақыт өткен сайын жарық жұл­дыздай жарқырай түсіп, келер ұрпаққа да жарық нұ­рын сыйлайды», деді салтанатты рәсімінде Отырар ауданының Құрметті азаматы, ақын Әселхан Қалыбекова. Ал этнограф, өлке­танушы Абдулла Жұмашов Әл-Фараби мұрасының нағыз жанашыры, олардың сақталуына, халыққа жан-жақты насихаттауға зор үлесін қосқан, екі бірдей ұстазы – Ақжан әл-Машани және Асантай Әлімұлының ізбасары, шәкірті екендігін мақтанышпен айтып өтті. «Ақжан әл-Машани «ХХ ғасырдың әл-Фарабиі» деген құрметті атаққа сонау 70-жыл­дардың аяғында ие бол­ған. Оның «Әл-Фараби және осы заманғы ғылым» атты еңбегі жас зерттеушілерге үлкен көмекші құрал. Себебі Әл-Фараби энциклопедист ғалым. Ол із салмаған бірде-бір ғылым жоқ: тіл ғылы­мынан бастап, педагогика, этика саясат, медицина, метафизика тағы да басқа толып жатқан ғылымдармен қоса, адамның жан-жүйесін танып білуші ғалым психология, адамның іс-әрекетін, мақсатын, бақытқа жету жолдарын айқындап кеткен. Машанидің «Әл-Фараби заманы енді туды, Әл-Фарабиді осы замандағы ғылым жетістіктерін қолдана оты­­рып тани аламыз» деген сөз­дері ақиқатқа айналып отыр», деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің өкілі, машанита­нушы Гүлсім Садақбаева. Оты­рарлық өлкетанушы Асантай Әлімұлының ісін жалғастырушы ізбасары, суретші, қолөнер шебері Марэн Асантайұлы әкесінің әлемге екінші ұстаз деген атпен танымал Әл-Фараби мұрасына өте ұқыптылықпен қарағанын еске алды. «Оның «Отырар ойраны» деген суре­тінің өзі тарихи-шежіре. Осы күні Отырар археологиялық мұра­жайында сақтаулы тұрған суретті 9 жыл салған еді. Бүгінде сол суретті қарап отырып, әкем­нің ерен еңбегін, маңдай терін көргендеймін. Әл-Фараби, әл-Машани мұраларын зерттеуге көп­шілік болып атсалысуы­мыз керек. Киелі топырақты Оты­­рар өңірінде шеберханалар ашып, жас ұрпаққа атадан қалған өнерді табыстау ендігі күні біздің мой­нымыздағы парыз екенін жан дүниеммен ұғамын, сол парызды орындауға аянбай қызмет жасаудамын», деді М.Асантайұлы.

Сондай-ақ дөңгелек үстелде «Руханият – Әбу Насыр әл-Фа­раби музейі» МКҚК директоры Алмас Жұмашов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған істерге тоқ­талды. Ғалымның ең­бегін те­рең зерттеп халыққа жет­кізу мақ­­сатында ғылыми-зерт­теу аудар­ма орталығын құру­ды ұсын­ды. Музейдің сурет­ші-қал­­пына келтірушісі Шалатай Оразгелдіұлы «Отырар өңірі тари­хының шежірешісі – қазба жәді­герлері» тақырыбында өз ойын ортаға салды. Ал музей­дің экскурсия жүргізушісі Жан­болат Оралбайұлы Ақжан әл-Машанидің 115 жылдық мерейтойы құрметіне «Отырардан басталған Әбу Насыр әл-Фараби ұстаз ізімен» тақырыбындағы көр­­меде фотосуреттері, пайда­ланған заттары, жарық көрген кітап­тары және қолжазбалары қойылғандығын атап өтті.

 

Түркістан облысы