Қазақстан • 23 Желтоқсан, 2020

Электронды үкімет порталына тіркелу жеңілдетілді

260 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Цифрлық даму, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (ЦДИАӨМ) бірлескен кеңесі өтті. Кеңес барысында министр Бағдат Мусин сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған цифрлы өнімдерді таныстырды.

Электронды үкімет порталына тіркелу жеңілдетілді

Атап айтқанда, биометриялық деректердің көмегімен электронды үкімет порталында тіркелуге болады. Осылайша, электронды үкімет қосымшасында тіркелу үшін смартфондағы камера жет­кілікті. Тұлғаны биометриялық сәйкестендіру пайдаланушыны тексеру сұрақтарын қою арқылы дербес анықтайды және тіркейді. Аталған тетік электронды-цифр­лы қолтаңба және мобиль­ді аза­маттар базасында тіркелу қажет­тілігін болдырмай, тіркеу процесін айтарлықтай жеңілдетеді. «Бұған дейін мен Мемлекет басшысына биометрияның көмегімен жыл соңына дейін тіркеу жобасын іске асыруға уәде берген едім, бүгін біз оны алғаш рет таныстырып отырмыз. Енді әрбір қазақстандық бір минут ішінде мобильді азаматтар базасында, Egov порталында тіркеліп, ЭЦҚ ала алады. Бұл процесті бір қадамға дейін жеңілдетумен қатар, жергілікті жерлерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Өйткені, бәріміз білетіндей, жемқорлық төменнен басталады», деді министр.

Сондай-ақ мемлекеттік органдар­дың ақпараттық жүйелерін оңтай­ландыруда және экономика салаларын цифрландыруда платформалық тәсіл таныстырылды.

Сонымен қатар министр Ақтөбе қаласында жер қатынастары саласын цифрландыруға бағытталған қанатқақты жобаның іске қосылғаны туралы айтты. Қазір Ақтөбе тұрғын­дары электронды үкімет порта­лын­­дағы аукциондар арқылы жер телім­дерін сатып ала алады. Болашақта бұл жобаны бүкіл елге тарату жос­парлануда.

Бағдат Мусин екінші деңгейлі банктермен және басқа компаниялармен бірлескен жобаларды ұсынды. Министр цифрландыруға монополия жоқ екенін және қазір жеке бизнес халыққа мемлекеттік қызметтерді ұсынуға қатысып жат­қанын атап өтті.

Кеңес барысында тұрмыстық сыбай­лас жемқорлықты жою, қолай­лы жағдай жасау, сондай-ақ министр­ліктің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдан бастап ашылған ЦДИАӨМ «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысын атап өтті.

Өз кезегінде агенттік өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы бас­тамалар және әрбір қызметкердің еліміздің игілігі үшін адал және парасатты еңбегінің маңыздылығы туралы айтып берді.

«Мемлекеттік қызметшілердің парасаттылық идеологиясына еніп, шыншылдық пен әділдік сияқты қағидаттарға адалдығын іс жүзінде көрсете бастауы маңызды. Ең бас­тысы – оң өзгерістерге деген ниет пен ерік», деді агенттік төрағасы Алик Шпекбаев. Оның айтуынша, министрлік – цифрландыру сала­сын­дағы сыбайлас жемқорлық тәуе­кел­дерін жоюға тиіс уәкілетті орган ғана емес, сонымен қатар тиім­ді цифрлы құралдарды енгізу ар­қылы сыбайлас жемқорлық тәуекел­дерін болдырмау тұрғысынан бар­лық мемлекеттік органдардың страте­гиялық серіктесі.

Министрліктің барлық мемлекет­тік қызметтерді цифрландыру есебі­нен адами факторды алып тастау жөніндегі міндетін ескере отырып, ведомствоның өзінің қағаз форматта мемлекеттік қызметтер көрсетуіне жол бермеуі аса маңызды. Министрлік басқа мемлекеттік органдар үшін оның ашықтығы мен айқындылығы бойынша эталон болуы тиіс.

Кеңес соңында министрлікке қо­ғам­ның пікірлері мен үміттерін еске­ре оты­рып, тұрмыстық сыбайлас жем­қор­­лықты жоюдың, пара­сат­тылық қа­ғи­­даттарын насихат­таудың және ха­лық­тың цифрлы сауатын арт­ты­рудың нақты жоспарын құру ұсынылды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған де­йін осын­дай кездесулер Бәсеке­лес­тік­ті қор­ғау және дамыту агент­тігінің, Ден­сау­­­лық сақтау, Қаржы, Қор­ғаныс, Ауыл ша­­­руа­шылығы, Эко­логия, Білім және ғы­­­лым, Төтен­ше жағдайлар министр­лік­­­тері­нің ұжымдарымен өткен болатын.