«Шатило и К» ЖШС Солтүстік Қазақстан облысындағы Жамбыл ауданындағы Казанка селосында ұйымдастырылған. Аудан орталығы Преснов селосында оның астық қабылдау пункті бар. Оқиға осы пунктте орын алды.
Түнгі кезекшіліктегі аудандық полиция қызметкерлері осы кәсіпорында жеті түнде шамдарын сөндіріп, астық артық артып жатқан сегіз «КамАЗ» автокөлігін байқап қалады. Түн жамылып әрі шамдарын сөндіріп астық артып жатқандар бірден күдік тудырып, полиция қызметкерлері олардан құжаттарын көрсетуді талап еткен. Сөйтсе, бұлар шынында да ешқандай рұқсатсыз астық артып жатқандар болып шығады. Егер осынша көлік тіркемелерімен толық толтырылғанда 160 тоннадай астық артылған болар еді. Бірақ полиция қызметкерлері астықтың заңсыз артылып жатқанын тоқтатып, тек 80 тонна қолды болғалы тұрған жерінде ұстаған.
Түн жамылып астықты басқа жаққа жөнелткелі жатқан сол кәсіпорын басшыларының бірі болып шықты. Қазір ол күдікті ретінде ұсталып, уақытша қамау орнына тоғытылды. Үшінші класты бидайдың бір тоннасының бағасы биыл 200 доллардан асып кеткенін ескерсек ұрлықтың қаражат көлемі орасан зор болып шыққаны түсінікті.
Қазір Жамбыл ауданының ПБ қызметкерлері аса ірі мөлшерде астық ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Келтірілген шығын сомасы 23 миллион теңгеден астам екені анықталып отыр. Қазіргі таңда қылмысқа басқа да адамдардың қатыстылығы тексерілуде.
Осы уақытқа дейінгі тергеу жұмыстары жаңа астық өнімінің бірінші партиясы желтоқсан айының басында ұрланғанын анықтады. Ол жолы 190 тоннадан астам астық Ақмола облысының бір элеваторына жеткізілген.
Қазір қасқырға қой баққызғандай болған компания басшылары өздері сенім білдірген адамнан залал шегіп, өкініште қалып отыр. Әрине, сонша көлемдегі дүниені жітіру үшін ұйымдасқан топ құрылғаны да анық. Тергеу барысында олар анықталатын шығар деген үміт бар. «Тергеу әрекеттері барысында ұрланған өнімді сату орны да анықталды. Күдіктінің үйінен конверттерге салынған аса ірі көлемдегі ақша да табылды. Қылмыстық әрекетті тергеу ҚК 188-бабы жүргізілуде. Тәркіленген «КамАЗ» автокөліктері мен құжаттама да тексерілуде», - дейді Жамбыл ауданының ПБ бастығы полиция полковнигі Асан Мейрамов.
Айта кететін жайт, бұл қылмысты тергеу барысы СҚО ПД бастығы мен облыстық прокуратураның бақылауында.
Солтүстік Қазақстан облысы