Парламент • 24 Желтоқсан, 2020

Мемлекеттік сатып алудың тиімділігі артады

252 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның жалпы отырысы  өтіп, бірқатар заң жобалары мақұлданды. Атап айтқанда, депутаттар мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мемлекеттік сатып алудың тиімділігі артады

Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин заңға енгізілген нормалар мемлекеттік сатып алудың тиімділігін арттыратынын, ең бастысы – сыбайлас жемқорлықты төмендететінін айтты.

Сондай-ақ Н.Нығматулин мемлекеттік сатып алу саласында басшылардың қызметін міндетті рейтингтік бағалау заң деңгейінде бекітілетініне назар аударды. Ол ең алдымен, мемлекет мүддесін сақтай отырып, ашық жұмыс істеуге жол ашады.

Қолданыстағы заңда жеткізушілермен тікелей келісімшарт жасасып, бір көзден сатып алу қарастырылған. Бұл нормаларды депутаттар тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алуда бәсекелестік әдістері таусылған кезде ғана қолдануға болады деп толықтырды. Мұны орындамаған басшылар 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жауапкершілікке тартылады.

Сонымен қатар мемлекеттік орган­дардың бірінші басшыларын адал және ашық мемлекеттік сатып алуларды өткізуге ынталандыру үшін депутаттар олардың қызметі тиімділігінің негізгі көрсеткіштерін енгізу жолын ұсынды.

Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы рей­тинг­тік бағалауды енгізудің, сондай-ақ осы процесті автоматтандыру мәселелерін пысықтаудың маңызына назар аударып, бәсекелестік жеткізушілер арасында ғана емес, тапсырыс беруші мемлекеттік органдар арасында да болуы керек екенін атап өтті.

Заң жобасын депутаттарға таныс­тыр­ған Қаржы министрі Ерұлан Жамау­баевтың айтуынша, құжатқа енгізілетін түзетулер үш негізгі бөліктен тұрады. Біріншісі, мемлекеттік сатып алу заңна­масын жетілдіру. Екіншісі, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу. Үшіншісі, бір көзден сатып алуды азайту.

«Мемлекеттік сатып алу заңнамасын жетілдіру шеңберінде конкурс түріндегі сатып алудың жаңа тәсілі ретінде алдын ала келісімді қолдану қарастырылған. Бұл тәсіл екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде талаптарға сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілер іріктеліп, олармен алдынала келісім жасалады.

Екінші кезеңде тапсырыс берушілер алдын ала келісімнің қатысушыларына тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға тапсырыс жібереді. Келісімшарт ең төмен баға ұсынған әлеуетті өнім берушімен жасалады.

Әдетте, алдын ала келісім жасасу арқылы канцелярлық және шаруашылық тауарлары, кеңсе техникасы, жанар-жағармай, байланыс қызметі мен интернет желісіне қосылу секілді стандартты тауарлар мен қызметтер сатып алынады. Бұл ретте, алдын ала келісімдер орталықтандырылған мемлекеттік сатып алумен бірге қолданылады. Ұсынылып отырған әдіс сатып алу рәсімдерін

5 жұмыс күніне дейін азайтуға мүмкіндік береді», деді Е.Жамаубаев.

Ведомство басшысының айтуынша, сыбайлас жемқорлықты төмендету үшін Рейтингтік-балдық жүйе арқылы конкурс тәсілін енгізу ұсынылып отыр. Бұл тәсіл мемлекеттік сатып алу рәсіміне адам­ның қатысуын шектеуге, сатып алуды конкурстық комиссиясыз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Құны 100 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын бір көзден сатып алулар жойылып, ол электронды дүкен арқылы сатып алумен алмастырылады.

Сонымен қатар жалпы отырыста палата атом энергиясын пайдалану туралы заң жобасына енгізілген түзетулерді мақұлдады.

Құжатты талқылау барысында жұмыс тобы Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушы­лықтарды анықтау жағдайлары, қызметін ядролық қондырғылармен және ықтимал радиациялық қауіптілігі I және II санаттағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілерге тексеру жүргізу, атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау тәртібі және тағы басқаларына қатысты ұсыныстар енгізді.

Энергетика министрі Нұрлан Но­ғаевтың айтуынша, заң жобасы қолда­ныстағы заңнаманың құқықтық қайшы­лықтарын жою, сондай-ақ белгілі бір нормаларды Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) қа­уіпсіздік жөніндегі халықаралық нормаларына сәйкес келтіру үшін атом энергия­сын пайдалану саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бағытталған. Құжатта бірқатар мәселе қарастырылған. Мәселен, «Атом энергиясын пайдалану туралы» және «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі тура­лы» заң нормаларын қолдану кезінде түсініспеушілікке жол бермеу үшін терминология мен ұғымдық аппаратты нақтылау ұсынылып отыр. Уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілеттіктері мен функцияларын шектеу, атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс істейтін персоналға аттестаттаудан қайта өту құқығын беру де жоспарға енген.

«Ядролық материалдарды, радио­ак­тивті заттарды және радиоактивті қал­дық­тарды тасымалдау кезінде ядролық жә­не радиациялық аварияларға апаттық әзір­лікті және ден қоюды регламенттеу қарас­тырылады. Ядролық қондырғының жүйе­лерінде, жабдықтарында, жобалау жә­не пайдалану құжаттамасында өзгеріс­тер болған жағдайда ғана ядролық, радиа­циялық, ядролық физикалық қауіпсіздікке қайта сараптама жүргізіледі. Заң жобасы қабыл­данған жағдайда, тиісті құқықтық және әлеуметтік-экономикалық аспектілер жүзеге асырылады. Атом энер­гиясын пайда­лану саласындағы қауіп­сіз­дікті қамта­масыз ету және кызметті реттеу бө­лі­гінде қолданыстағы заңнамадағы құқық­­тық қайшылықтарды жою ескеріл­ген. Атом энергиясы жөніндегі халық­ара­лық агенттіктің қауіпсіздік бойынша талап­­тарын орындау қамтылған», деді Н.Ноғаев.

Сондай-ақ жалпы отырыста бірқатар ратификациялық заң жобалары мақұл­данды. Солардың қатарында «Өлім жаза­сының күшін жоюға бағытталған Азамат­тық және саяси құқықтар туралы ха­лықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бар.

Хаттама Қазақстан Республикасының өлім жазасының күшін жою бойынша халықаралық міндеттемелерді қабыл­дауына бағытталған. Аталған құжаттың 2-бабының 1-тармағында соғыс уақы­тында әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылғаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдануды көздейтін, ратификациялау немесе қосылу кезінде жасалған ескертпені қоспағанда, осы Хат­тамаға ешқандай ескертпелерге жол бе­рілмейтіні көзделген. Қазақстан Хаттамаға көрсетілген ескертпемен қосылып отыр.

Заң жобасы жөнінде Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді баяндама жасады. Оның айтуынша, Қазақстан соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырады. «Өлім жазасын алып тастау мәселесі тек заңды ғана емес, сонымен бірге моральді-этикалық өлшемге ие екенін түсінеміз. Осы мәселенің сезімталдығын, Үкімет регламентіне сай қазақстандық қоғамның пікірін зерделеуді ескеріп, келісудің барлық қажетті рәсімдері жүзеге асырылды. 2003 жылы өлім жазасын қолдануға мораторий енгізілгеннен кейін, елімізде жоғары жаза шарасын қолданбауының тұрақты құқықтық режімі қалыптасқанын атап өткім келеді. Бұл қадам еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыратынына кәміл сенеміз», деді Мұхтар Тілеуберді.

Ратификацияланған құжаттардың қатарында ТМД қатысушы мемле­кет­тердің ядролық авария немесе радиа­циялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бар.

Бұдан бөлек, Еуразиялық эконо­ми­калық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімге Армения Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды.

Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы, сонымен қатар Қазақстан мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары мақұлданды. «Халықаралық қаржы корпорациясы Қазақстанда өз қызметін 1994 жылдан бастап жүзеге асырады. Осы кезеңнен бастап 1,6 миллиард доллар көлемінде жобалар қаржыландырылды. Бұл Орталық Азия елдеріне салынған инвестицияның жалпы көлемінің 70 пайызын құрайды. Келісім Халықаралық қаржы корпорациясының қазақстандық офисінің орнықты жұмыс істеуіне және жаңа инвестициялар тартуға ықпал етеді», деді құжатты таныстырған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Жалпы отырыста депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне уран өндіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаны екінші оқылымда мақұлдады.

Палата асыл тұқымды мал шаруа­шы­лығы мәселелеріне қатысты заң жобаларына қатысты жұмысты жалғастыру туралы ұсыныспен келісті.

Жалпы отырыста депутаттар бір­шама заң жобаларына Сенат енгізген толық­тырулармен келісті. Олар: Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнама­лық ак­тілеріне Мемлекет басшысының Жол­дауының жекелеген ережелерін іске асыру мәселесі бойынша және экономикалық өсуді қалпына келтіру мен экология жән е ақпарат мәселелеріне қатысты заң жобалары.

«Сенат енгізген түзетулер нақтылау сипатына ие және Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен маз­мұнын өзгертпейді. Сондықтан Мәжі­ліс­тің Экономикалық реформа және өңір­лік даму комитеті Қазақстан Республи­ка­сының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасына Се­нат енгізген толықтыруларға келісім біл­діруді ұсынады», деді Мәжіліс депутаты Сәкен Өтебаев.

Жалпы отырыста Мәжіліс жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадас­т­ры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері туралы заң жобасын жұмысқа алды. Сондай-ақ жалпы отырыста депутаттар Мәжіліс регламентіне толықтырулар енгізді. Ол Парламенттік оппозиция туралы заңнаманы іске асыруға бағытталған.