Брифингте белгілі болғандай, өткен оқу жылында Қарулы Күштерде 60 мыңнан астам маман әзірленді. Бұдан өзге, 200-ден астам оқу-жаттығу, әскери көлік пен автокөлік техникаларын жүргізу жөнінде 16 мың сабақ өткізілді, 20 мың жауынгерлік атыс өтті. Сабақтар күндізгі және түнгі мезгілде өткізілді. Әскерлер заманауи қару-жарақпен жарақтануда. Мемлекет басшысының нақтылаған басымдықтары бойынша министрлік әуе шабуылына қарсы қорғанысты күшейтпек, әскер түрлері мен тектерінде радиэлектрондық күрес элементтерін дамытып, әскери-транспорттық авиация паркі ұлғайтылатын болады. Жауынгерлік даярлыққа ең қажетті компоненттер, атап айтқанда, озық технологиялар мен құралдар енгізіледі. Қарулы Күштерді жарақтандыру үдерісі жоспарлы түрде жүргізіліп, әскерге ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Министрдің айтуынша, биыл 370 бірліктен астам әскери техника сатып алынып, 200 бірліктен аса техника күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңартылды. Қарулы Күштерге алғаш рет «Бук» зениттік-зымырандық кешені әкелінді. Бұдан өзге, еліміздің әуе кеңістігін бақылауды іске асыру мақсатында шағын биіктіктегі нысаналарды анықтайтын «Роса» радиолокациялық стансалары, сондай-ақ елімізде жасалған «Нұр» радиолокациялық стансалары сатып алынып, қару құрамы толықты. Артиллериялық барлауды дамыту үшін қозғалатын нысандарды және батареяларға қарсы күресті барлауға арналған «Платформа» радиолокациялық стансалары әкелінді. Сонымен қатар әскерлерге заманауи Су-30 СМ ұшақтары, Ми-35 тікұшақтары, ұшқышсыз ұшу аппараттары келіп түсті. Әскери оқу орындары робот техникасы мен радиоэлектрондық күреске басымдық бере отырып, ғылыми зерттеулер жүргізуде.
Әскерлерде командирлердің бастамасы дамуда, ғылыми жұмыс жүргізілуде. Әскери мамандар дрондарға қарсы қаруды, ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірледі. Ғылыми взводтар құжаттарды берудің автоматтандырылған жүйесін әзірледі. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету кезінде бюрократиялық рәсімдерді қысқартады. Әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы аясында әскери қызметшілердің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жақсарту жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Казармалық-тұрғын үй қорының жаңа объектілері, оның ішінде жеңіл модульдік құрылыстар, казармалар, асханалар, қоймалар, оқу және спорт кешендері салынуда. Биыл осындай 56 ғимарат салынды. Бұдан бөлек, 2020 жылы үйсіз жұмыстан шыққан әскери зейнеткерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды.
Биыл әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз етуге Қорғаныс министрлігінің жылдық бюджетінен 67 пайыз қаражат жұмсалды. Қорғаныс ведомствосының барлық қызметі бюджет тәртібін мүлтіксіз сақтаумен іске асырылады. Қаражатты тиімді жұмсау аясында көрсеткіштерді талдауға, проблемалар мен толық емес есептер көрсетілген талдау жүргізу арқылы бюджеттік бағдарламаға ай сайын мониторинг жүргізеді. Министрлік қаржыландырудың балама көздерін іздейді, Қарулы Күштердің құрылымын оңтайландыру арқылы үнемдеуге қол жеткізеді. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігі пысықталуда. Биыл 9,3 млрд теңге үнемделді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе жоғары.
Қорғаныс министрлігінде «Цифрлы армия» бағдарламасы аясында халыққа қызмет көрсететін 13 мемлекеттік қызмет электронды форматқа ауыстырылды. Енді түрлі анықтамаларды, тіркеу куәліктері мен әскери билеттерді, әскери есепке қою мен шығару, әскери-техникалық мектептерге түсуді электронды үкімет порталы арқылы ресімдеуге және алуға болады. Автоматтандырылған басқару жүйесінің қолдану аясы кеңейтілді.
Сөзінің соңында Қорғаныс министрі отандастарымызға Қарулы Күштер – елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығының, әрбір қазақстандық отбасының тыныштығы мен сенімділігінің кепілі екендігін айтты.