Мынау дүрия дүние біздің көзімізге әлеміш бояуға толы картинадай көрінеді. Өтірік деңізші... Ал қарғаға қарашығының шеңберіне әрең сыйған қоңыраулы қоңыр әлемдей-ақ. Бәрі де өмірді қалай көруге байланысты...
Ендеше, айналаңызға бір сәт суретшінің көзімен қараңызшы, Жарық-қыз!?
Сондықтан ғой... «сенің жан дүниеңді түсінген кезде көзіңнің суретін саламын» дейтіні. Қалай түсіндірсем екен... Жан күйіңнің түсімен, жанарыңды бояймын. Түсінесің бе, менің тағдырыма байланған көген көздерің тұңғиыққа тартады да тұрады. Түбі мен сол иірімге құлап өлетін секілдімін». Оның әр суретіндегі адамның ішкі хәлі қарашығынан қарап тұрғандай болады. Жүрек көзімен үңілсеңіз, сіз де осы сөздерді оқисыз. Ғажап емес пе?!
Тіршілік тәннен басталады. Адамның ең осал тұсы – әдемілік әсері. Сұлулар сол үшін азап шегеді. Жан сұлулығын қанша биік қойғанымызбен, тән сұлулығының алдында бәріміз әлсізбіз. Балмұздаққа таласқан бала секілді. Санамызды өзгеше инстинкт билейді. Ақылы аз болса да кез келген сұлудың алдында тізерлеуге бармыз. Торға қамалған тотықұстай. Сұлулықты жеңу – ақынның жазылмаған өлеңі немесе суретшінің қиялындағы картина.
Оның өмірбаяны – Ван Гогтың портретіне ұқсайды.
Модильяни кубизм бағытын алғаш бейнелеу өнеріне әкелген замандасы, даңқты суретші Пабло Пикассоны мойындамады. Бұл қайшылық оны тіпті асқақ көрсете түсті.
Париждің айлы көшесінде алақанына ауаны қондырған жалаңаяқ суретшіні көрсеңіз, ол Модидің прототипі ғана. Ал оның айдан түскен көлеңкесін қуалай жүгірген сұлу бойжеткен әйгілі ақын Анна Ахматованың жасампаз жырлары. Поэзия патшайымының Мәскеудегі ескерткіші суретшінің ерекше эскизін еске түсіреді. Сол нәзік нобай бір-бірімен рухани тамырласқан қос өнер иесінің мөп-мөлдір сағынышының куәсіндей ып-ыстық.
1906 жыл. Француз жазушысы Карко Франсистің жұқалтаң кітабын қолына ұстаған 22 жасар арманы асқақ жігіт Парижге келеді. Амбициясы зор аристократша киінген. Алып шаһарды өзіне табындырмақ ниетпен. Әйтсе де анасының тәрбиесінде өскен интеллектуал, ұлты еврей, италиялық жас суретші алып қалаға бірден сіңісіп кете алмады. Шырайлы шәрі жаңа тағдырды жатырқады. Бұл жатырқау оны оқшау, өзгеден дара тұруға тәрбиеледі. «Гномдардың астанасында алып адам ұмытып кеткен үлкен шам сияқты» көрінді.
Суретшіні қоғам түсінбеді. Ал адам түсінбеген дүниесінің бәрінен қорқады. Бұл үрей ақыры Модильяниді көпшіліктен алыстатты. Жо-жоқ, Модильяни тобырдан жырақ күн кешті дегеніміз дұрыс болар.
Париждіктер оны «Моди» деп атады. «Maudit» француз тілінде «қарғыс атқан» деген мағына береді. Шынымен де оның тағдырын қарғыс атқан еді. Айықпас дерт, ащы су ажалға жетеледі. Скульптурамен шұғылданды. Жұпыны өмірден жалыққан сәтте Италияға қайтқысы келетін, бірақ Париждің түстеріне қатты ғашық болды. Дихотамия. Пейзаж жазуды ұнатпады. «Мені адам қызықтырады. Оның бет-бейнесі – табиғаттың ең ұлы туындысы. Мен оны қажымай-талмай қолданамын», дейді өзі. Әйелдердің ашық образы –мұрасының інжу-маржаны.
Сенесіз бе, оның кейіпкерлерінің қатарында көше жезөкшесі де бар. «Адамдар қарапайым ақиқатты елемегендiктен көп азап тартады», – дейді Фридрих Ницше. Өзі сүйіп оқитын неміс философының осы бір нақылы оның шығармашылығының қайнары іспетті. Заратуштраға сүйішпеншілік, ғұрыптық сипат, Лангранж теоремасы, элипс, гормониялық ғажайып, оның тәкаппар туындыларының басты ерекшелігі еді.
Жалпы, ұлы өнер иелерінің ортақ жасы – 36 мизам. Одан ұзақ ғұмыр кешкендерінің қатырып картина сызғаны шамалы. Қырыққа дейін ең ғажайып туындыларын көкейінде пісіріп, жарыққа шығарғандарының ғана даңқы үстем шыққан. Бұл санның өзінің магиялық құпиясы бар секілді. Кім біледі!? Бірақ мұрат – ғұмырдың ұзын-қысқалығымен өлшенбейді. Уақыт – қашанда шартты ұғым. Бір күнің бір жылға татуы мүмкін, бір жылың бір тәуліктің еншісінде кетуі де ғажап емес. Ең бастысы – Тәңірден еншілеген аманатыңды түгел атқаруың.
Осы тілек үлестірерде ұлылардың ғұмыр өлшеміне салып безбендеп, жан иесіне тарту ету бұрыннан бар әдет. Әдет дейміз-ау, кейде жарқ еткен дарынға жұлдыздай ағып кеткен алыптардың бағын берсін деп айтқың-ақ келеді. Иә, бір түйір бақ – бәріне таразы. Көңіл пердеңнің көзін ашады. Жеңісің де соған тәуелді іспетті. Дәл Амадео Модильянидің Жаннаны жолықтырғанындай. Өнердің жаңа бір сатысына көтерілгендей күйге бөленді. Құдды шабыттың шалқар шыңына шыққандай. Ал Жанна ше, бір суретшінің бағы болып баз кешті. Диспропорция. Бар пейілі өнеріне ауған. Әйтсе де ессіз сүйіспеншілік есіркемеді.
Сұлуларға сұқтанудың артық салмағы жоқ қой... О да тұрған не бар?!
Сосын кешігіп келген бақыт көңілден ұзамайды. Жалпы бақыттың кідіргені – жақсы ырым. Қадірін білесің. Жанна Эбютерннің портретінде жаңа ритм, гормониялық ғажайып, бояу математикасы сақталған. Оған деген ішкі сезімі, риясыз құрметі түстерге өң беріп тұрғандай. Автордың ең ұлы туындысы. Сүйгеніне арнап 30-ға жуық шығарма жазған. Десе де бұл маңда үлкен трагедия бұғынып жатыр. Сіз бен бізді таң қалдыратын бір нәрсе бар. Ол – Модильянидің о дүниеге өзімен бірге музасын алып кеткендігі. Саналы түрде.
Тәңір кесіп-пішкен құс тұмсығындай ғұмырдың 2 жылы қалғанда кезіккен асыл бейне мәңгіліктің шамын жағып кетті. Аңызға пара-пар аңсар мен албырт сезімнің шарпысуы.
«Асықтық азапқа бастайды...» дейді данышпан Гете. Жанна сол асықтықтан мың есе азап шекті. Коларосси академиясының тегін студиясында кезекті бір моделін нысанаға алған сырбаз суретші бітімі ерек студент қызды байқап қалады. Мольбертке жайғасып, мұқият сурет салған еңбекқор бойжеткен Амадеоны бірден елітіп әкетті. 33 жасар суретші кеш бойы 19 жастағы балаң арудан көзін алмайды. Бұл көркем көзқарас музасының да махаббатын оятқан еді. Өнер ордасына ұлы суретші болуды армандап түскен нәзік білімгер ұлы махаббатын кездестірді.
Сол дәуірде шайырлар мен суретшілердің мұң шағар мекені Монпарнастағы «Ротунда» кафесі ғана болатын. Кез келген күні сіз онда Модильяниді ғана емес, Пикассо, Дерейн, Морис Вламинк сынды дүлдүлдерді де жолықтырасыз. Француз богемалары арасында орыстың авангард суретшілері, ақындар мен революционерлер де отырады. Түн ауа шарапқа сылқия тойған кедей суретші жиырмаға толмаған жас келіншектің иығына асылып кетіп бара жататын. Осылайша Жанна мақсатын мансұқ етіп, некесі қиылмаса да, отбасының қарсылығына қарамай суретшінің тар бөлмесін паналады.
Екеуі соңынан ерген қауесеттерден қашып, Ниццаға қоныс аударды. Суретшінің денсаулығы жылдан-жылға нашарлай түскен. Таршылық табанға батты. Қараңғы күндердің қамалын қиратып өмірге қыздары келді. Оның атын анасымен аттас қылып «Жанна» деп қойды. Бірақ сонда да Модильянидің суреттері әлі де көлеңкеден шыққан жоқ. Некесіз туған сәби қайын атасының тегіне жазылды. Ашыққан Жанна баланы өзі емізе алмады. Жоқшылық аяққа тұсау болды. Әкесі қызына немересін ертіп, үйіне қайтуын сұрағанда, Модильянидің қасында көңілі тоқ екенін жеткізді. Сұрықсыз күндерден қажыған қос ғашыққа сұрқай Парижге қайтуға тура келді. Көп ұзамай Париж богемасының соңғы әрі шынайы өкілі Модильяни өмірден озды.
Ол барда көкірегіне бүкіл ғалам сыйып тұр еді-ау. Көкірегін тілімдеген қайғысын иліктіре алмады. Іші қалай өртенді. Ендігі тіршілікте мән қалмағандай. Өртенген жүректің емі – соңынан ілесу. Сүйгені қалағандай. Жүрегінде жанған өртті солай ғана өшіре алады. Өз өмірін Модильянисіз көре алмаған бейкүнә Жанна ана дүниеге ата-анасының үйінің терезесінен секіріп кете барды. Бақытсыз қыз 9 айлық жүкті болған. Алыптың киесі аянышты білмейді екен. Қыршынынан қиылды.
Модильяни өнерінің соңғы бекетінде айнымас адал, тозбас берік махаббаты кеудесіне қондырды. Дүние кеңігенімен ғұмыр шектелгенде бәрі жалған. Сырқаты меңдесе де жалыны жүректе, сенімі кенересінде, тіпті ақыл ойы әлем аясында екенін кәміл түйсінді. Ғұмырында жалғыз-ақ сәуле қалғанын сезді. Ол сәуле – Жанна болатын. Бейшара қыз, бақытсыз қалыңдық және шын өнердің құрбаны.
Тірінің сыбағасы – тағдырмен арпалыс. Әйелдің сұлулығы – жанға дәру, жүрекке жара. Нәтиже – ғашықтық мехнаты ғана. Жанна болса, сол мехнаттан мезгілінде құтылды. Жас кезінде махаббат азабының өзі ғажап күш сыйлайды екен-ау. Жалғыздықты кінәламаған беті өзін жардан лақтырды. Бір ізге түсті, бірге жерленді.
Бәріміз – өмір өзеніне бір батып, бір шығып жанталасқан қағаз кемедейміз...
Өмір сүру үшін ғашық болу керек, Жарық-қыз!?