Қоғам • 24 Желтоқсан, 2020

Жағдай жасалса, дәрігер жұмысы жақсарады

66 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұйырса, биыл Алматы облысында құрылысы аяқталып, жаңадан іске қосылатын медицина мекемесі ғимарттарының саны 18-ге жетпек. Ал тағы 2 нысанның құрылысы жаңа жылда аяқталады.

Жағдай жасалса, дәрігер жұмысы жақсарады

Жалпы, өңірдегі денсаулық сақтау қызметінің сапасын арттыру мақсатында қолға алынған іске «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 3,4 млрд теңге бөлінген болатын. Бұл қаржыға облыстың 10 ауы­лын­да дәрігерлік амбулатория салынуда. Ал шалғай ауылдардағы медицина мекемелерінің ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, жаңадан салынуы басы ауырып, балтыры сыздаған жұрттың сапалы ем алуына себепші болатыны анық. Ал аудан орталығындағы ауруханалар мен перзент­ханалардың заман талабына сай жабдықталып, қолданысқа берілуі тұрғындардың шынайы алғысына лайық іс болып тұр.

Жақында Жамбыл ауданын­да 100 орындық жаңа перзентхана ашылды. Ғимараттың құры­лысына бюджеттен 4,9 млрд теңге жұм­салған. Жалпы аудан орта­лығы Ұзынағаш ауылында жылына 5 мыңға жуық нәресте дүние есігін ашады екен. Бұған дейін 50 орындық ескі ғимаратта жұмыс істеген дәрігерлер дән риза. Өйткені жаңа перзентханда ана мен балаға қажетті нәрсенің бәрі бар. Енді бұл нысанда жүкті жəне босанған əйелдерге, жаңа туған сəбилерге жоғары білікті медициналық көмек көрсетіліп, патологиялық жағдайларды диагнос­тикалау, акушерлік-гине­кологиялық кеңестер беру қыз­меттері көрсетіледі. Ғима­раттың іші жұқпалы індет кезінде өзекті саналатын антибактериалды фильтрлермен де жабдықталған, қажетті климаттық бақылау және желдеткіш құралдарға қосылған.

– Былтыр біздің ауданда 4 600 бала өмірге келді. Биыл сәбилер саны 5 мыңға жетеді деген болжам бар. Жаңа перзентхананың ашылуы дәрігерлердің жұмысын жақсартып, ана мен бала өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді деген ойдамын. Себебі қазір перзентханада 12 кувез аппараты, 24 фототерапия аппараты, өкпені жасанды желдететін 8 аппарат бар, басқа да барлық қажетті құрал-жабдықтар түгелденді. Бұрын мұнда 48 қызметкер болса, қазір мамандар саны 119-ға жетті, – дейді Жамбыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Дамир Сұраужанов.

Сондай-ақ, денсаулық күзе­тін­дегі сапалы жұмысқа қол жеткізу құрметіне Еңбекшіқазақ ауданының екі бірдей ауылының тұрғындары ие болды. Осы аудандағы Көктөбе ауылы мен Қорам ауылында дәрігерлік амбултория ғимараты ашылды.

– Көктөбе ауылдық округінде есігін ашқан дәрігерлік амбулатория 50 орынға арналған. Нысан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде салынды. Оның құрылысына 279 млн теңге бөлінген. Бір қабатты ғимаратта қажетті бөлмелердің бәрі бар: тіркеу орны, процедуралық кабинет, екпе бөлмесі, дәрігерлердің кабинеттері, клиникалық және био­химиялық зертханалар және тиісті нормаға сәйкес қарастырылған. Дәрігерлердің жұмыс істеуіне де, қаралушыларға да қолайлы жағдай жасалған. Заманауи медициналық мекеме Көктөбе ауылының 5 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсететін болады, – дейді Еңбекішқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев.

Айтпақшы, 2 млн адамға жуық тұрғыны бар өңірде алғашқы медицина көмегін көрсететін шағын емхана мен амбулаторияларға деген сұраныс өте жоғары күйінде қалып отыр. Қазір Алматы облысында 235 дәрігерлік амбула­тория, 104 фельд­шерлік-акушерлік пункті және 220 медицина бекеті бар екен. Яғни тұрғын­дардың 80 пайызға жуы­ғы ауылды мекендейтін аймақ үшін бұл көрсеткіш әлі аз болып тұр.