Аймақтар • 24 Желтоқсан, 2020

Жамбыл облысының әкімі бюджет қаражатын толық игеруді тапсырды

213 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы көрсеткіштерінің орындалуы және бюджет қаражатының игерілуі қаралды,деп хабарлайды Egemen.kz

Жамбыл облысының әкімі бюджет қаражатын толық игеруді тапсырды

Өңір басшысы алдымен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.

Биыл әлемді шарпыған пандемия қалыпты тіршілікке өзгеріс енгізгені анық. Дегенмен дер кезінде қабылданған шешімдер арқасында негізгі басымдыққа ие салалардағы көрсеткіштердің төмендеуіне жол берілген жоқ. 11 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіштер көңілден шығады, дегенмен кездесіп отырған кемшіліктер де жоқ емес. Есепті кезеңде 2,5 пайызды құраған экономикалық өсімді жыл қорытындысымен 3 пайызға жеткізуге үміт зор.

2020 жылы барша әлем елдері секілді коронавирус қиыншылықтарымен бетпе-бет келгеніне қарамастан, өңір экономикасындағы оң динамиканы сақталды.

«Біз бұл жылды алдағы ауықымды жоспаларымыздың берік негізі болатындай етіп түйіндеу қажетпіз. Көрсеткіштер кем дегенде орташа республикалық деңгейден төмен болмауы тиіс. Оң динамикаға қарамастан, кейбір тапсырмалардың орындалмау қаупі бар. Қалған күннің ішінде 30 миллиард теңгеден астам қаражатты игеру керек», деді облыс әкімі.

Бұған дейін өткен кеңесте 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары сараланған десек, бұл жолы жылдың болжамды көрсеткіштеріне назар аударылды. Сонымен, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, өнеркәсіп 102 пайызды, ауыл шаруашылығы - 104,3, құрылыс - 105, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі - 107, инвестиция - 106 және бөлшек сауда - 100,3 пайызға орындалған. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша меже Меркі ауданында (95,7 пайыз) орындалмай қалу қаупі бар десек, ал тартылған инвестиция көлеміндегі көрсеткіш Шу (50%) және Сарысу аудандарында (60%) айтарлықтай төмен болады деп күтілуде.

Ал, қаржы басқармсының басшысы Роза Исаеваның айтуынша, бюджеттің кірістері 100,2%-ға орындалып, жоспардан тыс 157,2 млн.теңге түскен. Жыл қорытындысымен ол 104% көрсеткішке жетеді деп күтілуде.

21 желтоқсандағы жағдай бойынша бөлінген қаражаттың 93,8 пайызы игерілген. 30,2 миллиард теңге игерілмеген десек, оның 16,7 миллиард теңгесі аудандар мен Тараз қаласына, 15 миллиард теңге облыстық басқармаларға тиесілі.

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев қалған қаржының 25 желтоқсаннан кешікпей игерілетініне сендірді. Басқа әкімдер мен басқарма басшылары да мәселенің шешілетінін жеткізді. Ең кем дегенде, жыл қорытындысымен көрсеткіш 99,9 пайызды құрауы тиіс.

«Жылдың аяқталуына санаулы күндер қалды, барлығы белсенді жұмыс істеуі керек. Кесте құрылып, оны қатаң сақтау қажет. Соңғы күндері мәселелерді шешусіз қалдыруға болмайды. Біз қаражатты міндетті түрде игереміз деп сұрағанбыз. Сондықтан нәтиже керек. Біз өз көрсеткіштерімізді республикалық көрсеткіштермен байланыстырамыз. Ауыл шаруашылығы кем дегенде алты пайыздық өсімді көрсетуі тиіс. Әлеуметтік көмек әр мекен-жайға жетуі керек. Біз халыққа жылды жақсы нәтижелермен аяқтаймыз деп уәде бергенбіз. Біз сөзімізде тұруға тиіспіз», деді Бердібек Сапарбаев кездесу соңында.

Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдерді кешіктірмей, уақытында берілуі керектігін баса айтып өтті.