Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2020

Өңірде өріс ашқан жаңа кәсіп

777 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде марал шаруашылығының іргесі кеңейіп келеді. Ал бұғы баққан шаруалардың дені Шығыс Қазақстан облысында болса, енді бұл тізімге Жетісу да қосылды. Жақында Ақсу ауданының Суықсай ауылында марал фермасы ашылды.

Өңірде өріс ашқан жаңа кәсіп

Тегінде, марал өсіру меди­циналық туризмді дамытуға жол ашады. Қазір бұл кәсіпті тұрақты табыс көзіне айналдырған шығысқазақстандық марал өсірушілердің ауылына шетелден арнайы келетін адамдар қатары көбейіпті. Әсіресе, марал мүйізін кесетін маусымда дертіне дауа іздеген турист легі үзілмейді. Өйткені, марал мүйізінен аққан қанның құрамында 25 түрлі микроэлемент бар көрінеді, оның адам ағзасына тигізетін оң әсері өте жоғары екені медицинада дәлелденген. Мүйіздің буына түсіп, сорпалану кісі бойындағы сүйек, буын ауруларының мың да бір шипасы екен. Демек, марал шаруашылығын дамытуға деген сұраныстың артатын жөні бар. Мұның көрінісін шығыс аймақтағы аудандардың тіршілігінен байқауға болар. Қазір Шығыс Қазақстанда 16 марал шаруашылығы жұмыс істейді. Ал бағымдағы бұғы мен маралдың саны 9 мыңнан асады. Мұндай шаруашылықтар негізінен Катонқарағай ауданында орналасқан. Сонымен бірге Алтай, Зайсан, Көкпекті, Күршім, Ұлан аудандары марал шаруашылығын дамытуға бел буыпты. Яғни біз мұны бұғы мен марал бағудың болашағы зор кәсіп екенін әйгілеу үшін айтып отырмыз. Әрі шығыстағы шаруалардың ісі өзге өңірлерге үлгі болып отырғанын да атап өтуіміз керек.

Міне, осы мақсат жетісулық кәсіпкерлердің де марал шаруа­шылығын ашуға түрткі болды. Мысалы, енді «Аршалы тур» серіктестігінің аумағында марал табыны өріп жүретін болады. Жақында Ақсу ауданына қарасты Суықсай ауылына Шығыс Қазақстан облысынан 23 бас марал жеткізілді. Бұрын-соңды Жетісу топырағына аяқ баспаған жануарлар қазір бейімделуден өтіп, жайылымға шығарылған.

– Бұғы бағу қазаққа таңсық кәсіп болмаса да, бұрын істеп көрмеген адамға қиын тиері анық. Осы кәсіппен айналысу­ға бел буған соң биыл жазда Катонқарағайға арнайы барып, марал шаруашылығының қыр-сырына қанықтық. Ол жақтағы жігіттерден 10 күн бойы сабақ алып, тәжірибе жинап қайттық. Панты әзірлеуді де үйрендік. Енді Жетісуда да марал санын көбейтіп, пантымен емдейтін орталық ашуға ниеттіміз, – дейді «Аршалы тур» серіктестігінің басшысы Берік Алдабергенов.

Айтпақшы, ақсулық шаруа­ның тыңнан жол тауып, бұрын бас­тамаған іске тәуекел етуі Алматы облысының туристік әлеуе­­тінің жыл сайын артып отыр­­ғанына дәлел болатын сияқ­ты. Өйткені, Жетісудың әсем таби­ғаты мен қолайлы дема­лыс ай­мақтары өңірдегі туризм­нің дамуына мүмкіндік беріп отыр.

Басқаны қойғанда, Алакөл жаға­лауына келушілер легі соңғы жылдары екі есеге өсті. Тіпті биылғы пандемия жағ­дайын­дағы қиындықтарға қара­мастан, об­лысқа келуші турис­тер қатары үзілмепті. Мәсе­лен, жағажайдағы демалыс мау­сымының алғашқы бір жарым айында ғана Алакөлде 629 мыңнан астам адам ты­нық­қан екен. Осы кезеңде көл жаға­лауында 3 млрд 739 млн теңгеге сервистік қызмет көр­сеті­ліпті. Ал жалпы демалыс мау­сымы барысында келген турист саны 1 млн адамнан асып отыр.

Сондай-ақ қарқынды даму жолына түскен туристік ба­ғыт­тың бірі ұлттық парктер аума­ғында. Биылғы алты айда аумақ­қ­а келген адам саны 125 мың­нан асты. Қуанарлығы, туризмнен табыс табуға аудандар да кірісіп жатыр. Мәселен, биыл Сарқан ауданы аумағына алыс-жақын шетелдерден 23 мыңнан астам демалушы келді. Оның ішінде «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мемлекеттік мекемесі­нің аумағына келушілер саны артқан. Мұнда 13 экологиялық және мәдени-тарихи туристік бағыт жасалған екен. Өткен жаз маусымында ұлттық парктегі табиғат байлығын көзбен көріп қайтуға 1500 турист арнайы ат басын бұрған көрінеді.

Ал осы ауданмен іргелес жат­қан Ақсу ауданында енді марал шаруашылығы өрістесе, панты терапиясымен емдеу орта­лықтары көптеп ашылаты­ны анық. Себебі қазір бұл бизнес түрі Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында жемісті болып отыр. Ал Алматы сияқты ірі мегаполиске бір табан жақын Ақсу өңірінде осы іс ілгерілесе, шипа іздегендер мен қызық қуғандар саны да артатыны сөзсіз. Демек, бұғы баққан шаруаның бай боларына сенім бар.

 

Алматы облысы