Өнер • 25 Желтоқсан, 2020

Елена Әбдіхалықова: Күйінгенім де, сүйінгенім де – өнерімде

2149 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Бүгінгі қоғамда таза өнерді, шын өнерді бар болмысымен қолдап, қорғап һәм сахнаның абыр-дұбырынан саяқ жүретін, ал жеке кездесе қалсаңыз, ән туралы шын пейілімен ақтарылатын өнер адамдарын кезіктірудің өзі қиын. Әнші, композитор, ақын Елена Әбдіхалықова сол саптағы аздаған өкілдің бірі. Жақсы ән тудырып, тыңдарманның жүрегін тазарту арқылы қазіргі қазақ сахнасындағы бейбастықпен күресіп жүрген талант иесімен шығармашылықтың қызығы мен қиындығы туралы әңгімелескен едік.

Елена Әбдіхалықова: Күйінгенім де, сүйінгенім де – өнерімде

– Абыз Әбіш Кекілбайұлы мен Фа­риза апамызды ерекше қадір тұ­та­сыз. Баға­сын алып, ыстық ықы­­ласына бөлен­діңіз. Ақындық та­лан­­тыңыздың ұш­талуына да осы кі­сілер сеп бол­ды. Рухани ұстазда­ры­ңыздан шығар­ма­шылықтан бөлек не үйрендіңіз?

– Екеуі де ұлы тұлға. Егер бүгінгі әдебиет пен өнерге, тіпті билік басына келгендер сол екеуінің еткен еңбегін, ұстанған жолын бағыт етіп, өз халқына, елі мен жеріне адалдығын үлгі тұтса, тап осы күнгідей бос сандырақ пен ұсақталу, рухани құлдырау болмас еді. Мен ол кісілерден еңбек етуді, кісіні алаламауды, өтірік пен өсек айтпауды үйрендім. Әрбір таңыңда елдің амандығын тілеуді, халықтың бірлігі мен елдің тәуелсіздігі үшін бір сәт көз ілмей күресуді үйрендім. Бай екен деп жаманның сойылын соқ­пауды, жарлы екен деп жақсыны жасытпауды үйрендім… Ол кісілердің ел­ден жасырған алабөтен қайғы-мұңы да, сыр-сыпсыңы да болған жоқ, барлық ғұмырларын кең-байтақ Қазақстанның өркендеп-өсуіне, қазақтың болмыс-бітімінің сақталуына, іргелі ел болуы­на арнады. Ендеше, менің де тұтқан мұратым сол!

– Біраз уақыт Қазақ радиосының «Көркемдік кеңес» бағдарламасында мүше болдыңыз. Эстрадамыздағы көркемдік деңгейі төмен әндерді сынап, эфирге жібермеуге тырыстыңыз. Жалпы, осы көркемдік кеңес қазақ эстрадасының жақсы бағытқа өзге­руіне қаншалықты әсер етеді?

– Ол Көркемдік кеңес Қазақ радио­сында Мәди Манатбек басшы болып тұр­ғанда құрылып, бірнеше жыл өте ауқымды жұмыс жасады. Жол-жөнекей әндер мен мәтіндерге талап күшейді. Көркемдік кеңес керек. Әсіресе бүгінгі сапырылысқан уақытта ненің не екенін түсінбейтін ұрпаққа, қолына шырақ ұстатқандай «мынау дұрыс, мынау бұрыс» деп ашық айту керек. Өкініштісі, біздің қоғамда үлкен-кішінің бәрі мақтансүйгіш. Түзелсін деп, кішкене пікір айтсаң, тіпті жауығып кетеді. Не болса соны өлең деп, мазмұны да, мәні де ешқандай музыкалық талаптарға жауап бермейтін әуендерді жазып алып, жұлдыз сезініп жүретін біраз адамға кеңес мүшелері тарапынан тосқауыл сөз айтылғаны рас. Бірақ одан қорытынды шығарған ешкімді көрмедім.

Негізі Көркемдік кеңес үкімет тарапынан құрылып, ведомствоаралық келісілген нақты құжатпен қабылдануы керек. Өйткені әні мен өлеңі бұзылған елдің сана-сезімі мен түйсік-танымы да бұзылады. Ондай ұрпақ өз тілі мен ділінен тез айырылады. Осыны жоғарыға жеткізе алмай-ақ қойдым.

– Осы уақытқа дейін қанша ән жаздыңыз? Жалпы, әнге өлеңді қалай таңдайсыз? Қандай талаптар қоясыз? Немесе «ән жазып беріңізші» деген бұйымтай-өлеңдер көп келе ме?

– Әнді көп жазбаймын. Бар-жоғы 50-60 ән. Жалпы, мен не болса соны жазып, жұрттың миын ашыта бергенді жек көремін. Қазір клавишті аспапта ойнайтын, аранжировка жасайтындардың бәрі ән жазады. Дәстүрлі ән айтатындар да «Сәулем-ай», «Қарғам-ау», «Ахау-ай», т.б. толып жатқан ха­лықтық әуендерден бір-бір такт алып, «ән жаздым» деп хабарлай береді. Шет­елдің әндерінен, өзбек пен түріктен ұр­лап тауысты. Шын жан-жүрегімен ән жазатын Кеңес Дүйсекеев, Төлеген Мұхамеджанов, Ескендір Хасанғалиев, Қуат Шілдебаев, Болат Қохаманов сияқ­ты композиторлар қайда? Одан бұрынғы Шәмші, Нұрғиса, Әсет, Сыдық, т.б. айт­пағанда.

Аздап өлеңнен хабарым болған­дықтан мәтінге қатты мән беремін. Кез келген өлеңнің ішкі әуені болады. Менің басқалардан ерекшелігім сол әуенді көре де, ести де білемін. «Мынау өлең ұнады, соған ән жазуым керек» деп отырмаймын, өлеңді оқығанда, ол бірден ән бо­лып шыға келеді. Ең алдымен, өлең менің жүрегіме әсер ету керек. Сол үшін үнемі «бір өлең ұнап қалар» деп, поэзия кітаптарын оқимын. «Менің өлеңіме ән жазыңыз, керемет өлеңім бар» дейтіндер де жетіп артылады. Негізі, көп адамдар өздері туралы өте жоғары пікірде ғой. Әлі ақын болып қалыптаспаған жастарда да, журналистикадан зейнетке шығып, іш пысып өлеңші болғандарда да бар бұл мінез. Ондайда ұят туралы сөз айтудың өзі қиын.

– Қазір фонограммамен ән айту заң­мен реттелді. Яғни әнші фонограм­мамен ән айтатын болса, көрер­мен­ге алдын ала ескертуі керек. Қа­лай ойлайсыз, бұл өзгеріс қазіргі әндер­дің дең­гейіне ықпал ете ала ма?

– Бұл заң орындалса жақсы, әри­не. Жалпы, біздің елде заңдардың орын­далуы қай деңгейде және заң жал­пыға бірдей ме? Заңсыз да өзін-өзі құр­меттейтін әнші табиғи даусымен айтады деп ойлаймын. Мен Алматыда, елор­дада өткен үлкен шығармашылық кештерімде эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен, тек қана өз даусыммен екі жарым сағаттан ән салдым. Екі жарым-үш октавалық диапазонды әндерді орындадым. Оған үлкен күш, шеберлік пен дайындық керек екенін музыка мамандары ғана түсінетін шығар. Ал фонограмманың өзін фальш­пен айтатындарды жақтайтындар өз алдына жетіп артылады.

Одан да бұрын, мені фонограмма емес, ән мен өлеңнің сапасы көбірек ма­залайды. Барлық теле-радиодағы, сайт­тарға түскен әндерді сүзгіден өткізіп барып, арнайы база жасап қана тарату керек. Еліміздің аумағындағы барлық тұтынушылар осы базадан алу керек те, оған жоғары деңгейде Көркемдік кеңес жұмыс жасау керек. Бір сөзбен айтсақ, тәртіп керек! Сол кезде ғана ән деңгейі жоғарылауы мүмкін. Әйтпесе, қалғаны бос сөз болып қала бермек.

– 90-жылдарда маңғыстаулық ақын Мэлс Қосымбаевпен өткен ай­ты­­­сыңыз ерекше есте қалыпты. Қа­зір айтысқа шақырса, барар ма еді­ңіз? Суырыпсалмалық өнерді ұштап тұрасыз ба?

– Жоқ, айтысқа қатыспаймын. 

– Әндеріңізде мұңның сарыны басым. Елена Әбдіхалықоваға ғана тән мұң, ол қандай мұң?

– Мен үшін жоғарыдағы айтқанда­рымның бәрі мұң! Елдің мұңын түсінген адам ғана менің мұңымды түсіне алады.

– Өмірде жоғалтып алған сезім­деріңіз бар ма? Өз жүрегіңізді қандай сезімдер­ден аулақ ұстағыңыз келеді?

– Өмір бақи сол бір балалық, пәк сезімдерді жоғалтқым келмей жанталасып келемін. Халқымыздың «екі шұқып, бір қара» деген сөзі санамда тұрады, мен «бір шұқып, бір қараймын». Тіршілік болған соң кейде қуанасың, кейде кі­жінесің. Сол кіжіністі, өкпе-ренішті аулақ ұстағым келеді. Ұлы Махамбеттің «Ай­тып-айтпай не керек, Кіжінумен өтті ғой Махамбеттің көп күні» дегеніндей, біздің уақытта құндылық арзандап, арзанқолдар пұлды болып тұрғанда Махамбеттің сезімін бастан жиі кешесің.

Анам көрсеткен адал жолдан ба­рын­ша ауытқымауға тырысамын. Үне­мі Фариза апайдың мына шумағын қайталап жүремін:

Заман – айдын, адам – құл,

ортаң – кеме.

Тіршілікте құландай жортам деме.

Жалғыз қалсам, жанымды зіл

басады.

Кейде айнаға қарауға қорқам. Неге?

Ішімде үнемі «мен осы өзгеріп кетпедім бе?» деген сұрақ тұрады.

– Бір сұхбатыңызда «Өзім орындасам ғана әнімнің қатпар-қатпары, айтқым келген сыры, мінезі ашылады» деген едіңіз. Қазір де осы пікір­десіз бе? Ән табиғатын аша алатын жас таланттар жолыққан жоқ па?

– Ол пікірді негізі Роза Қуанышқызы Рымбаева «Сенің әндеріңді өзіңнен артық ешкім айта алмайды» деп айтқан еді. Жалпы, әншінің даусынан бөлек, деңгейі, өресі болады. Кейбір әндерге дауыстан бұрын үлкен жүрек керек, жүректің ішкі тебіренісі керек. Менің әндерім сол тебіреністі керек етеді. Оны, әрине, өз баласын, өз анасынан асырып ешкім сүйе алмайтыны сияқ­­ты, өзім жеткізе аламын деп ойлай­мын. Десек те менің әндерімді Мақ­пал Жүнісова, Рамазан Стамғазиев, Жұбаныш Жексенұлы, Дәурен Сейіт­жанов, Арайлым Ыбыраева сынды талант­ты әншілер жоғары деңгейде орын­дайды. Өткен жылы өзімнің туған ауылым Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мөрәлі Шәменов ауылы менің әндерімнен шағын байқау өткізіп, сонда елде жүрген таланттардың көптігін көргенмін. Менің әндерімді керемет етіп орындағандарына таңғалдым.

– Қарапайым халық әншілерді тек сахнадан көрген соң жақсы өмір сүреді деп ойлайды. Ал шын мәнінде әншілердің сахна сыртындағы жағ­дайы қандай?

– Басқалар үшін жауап бермеймін. Өзім тек қана еңбекпен, бейнетпен келе жатырмын. Өзім ән жазып, оның аранжировкасын, оркестрге өңдеуі бар, сахналық киім, жазғаныңды эфир­­ге беру, дыбыс жазу, концерт ұйым­­дастыру өз мойнымда. Сахнаға әдемі болып шығу өте үлкен еңбекті, қар­жыны, күшті қажет етеді. Табиғи дауыста концерт өткізу өте қиын шаруа. Жұрт өнер адамдарының түк қайғысы жоқтай көреді. Біздің де несие алатынымызды, бала-шағасын асырай алмай отырған, жұмыссыз туысымыздың бар екенін біле бермейді. Өзімізден гөрі бауырларымызға көбірек қарайласамыз. «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» демекші, өнер адамдары қазір диуана болдық қой.

– Мінез дегеніміз не? Қоғамдағы адамдар мінезді қалай түсінеді? Өнер­дегі мінез бен өмірдегі мінез қан­дай болуы керек?

– Анам марқұм «Момын дегенше, жаман десейші» деп отыратын. «Атаң да болса, алдына бір шық, әділетсіз жерде, әділдігіңді айт» деп үйретті. Құдай мінезсіз езден сақтасын. «Өнерде былаймын, өмірде басқамын» дей алмаймын. Сахнада өнерім қандай болса, сол – менің өмірім! Күйінгенім де, сүйінгенім де әндерімде, өлеңдерімде тұр. Бұрын қазақ «екіжүзді» деп күйінетін еді, қазір «үшжүзділерді» көріп жүрміз…

Мінез әртүрлі болады: әркімнің жеке басының мінезі – өзінің тағдыры. Мені ойландыратын – қоғамдық мі­незіміз, бүтін бір ұлт ретіндегі болмыс-бітіміміз. Біздің қоғамда ептеп-септеп, тамыр-таныспен өмір сүру әдеттен асып, ұлттық болмысымызға сіңіп барады. Осының салдарынан жемқорлық ұлттық менталитетке айналды. Көре тұра, «аш бәле­ден қаш бәле» – үнде­мейміз. Біле тұра, «күл болмасаң, бүл бол» айтпаймыз. Қазір қай қазақтың бойында осы мінез жоқ. Бәрінде бар! Үлкен айтса, «алжыды» дейміз, кіші айтса, «бұған не жоқ» дейміз. Бір сөзбен айтсақ, тағы да ұлттық ішкі белсенділік, ұлттық жатырқау, қоғамдық қарсылық білдіруде деңгей төмен. Оған елімізді жайлап алған әртүр­лі діни секталар, олардың әрбір жан үшін аяр қи­мылдар жасап, жастарымызды улап жатқаны, отбасылық құн­дылықтардың дәріптелмеуі, жас ұрпақ­тың бойындағы ұлттық танымның аздығы, ана тілі аясының тарылуы себеп. Елімізде осы күнге дейін ұлттық құндылықтарды сақтау туралы заң жоқ.

Халықты ақымақ көруге болмайды. Халық кімнің кім екенін, кім қалай билікке жеткенін, кім қалай байшыкешке айналғанын бес саусақтай біліп отыр. Біздің қоғамда тек қана адал еңбекпен байыған адам бар ма? «Мен адал жолмен жеттім дегендердің» де бір қолдаушысы, бір кезде бір сүйемелі болмаса, жолы бола қоярына күмәнім бар.

– Досты қалай таңдайсыз?

– Адамға досты да Құдай қосады. Біреулер сияқты «керек адам» деп, қызметі, байлығы, жоғарыда туысы барлармен әдейі достасқан емеспін. Жүрегінде нұры бар адамдардың бәрін досым деп есептеймін. Надандар мен ниеті арамдар өздері-ақ маған жолай қоймайды.

– Сіз адамдарды қалай қабыл­дай­сыз? Мәселен, қызметтегі адамды ше­неунік ретінде қабылдайсыз ба, әл­де ішкі жан дүниесін көруге тырысасыз ба? Және сізді басқалар кім деп қабылдағанын қалайсыз? Елена Әбдіхалықова – ақын деп пе, әлде композитор немесе әнші?

– Адамдарды, жоғарыда айтқаным­дай, адал пейіліне қарай қабылдаймын. Біреулердің ештеңесі жоқ болуы мүм­кін, бірақ оның ниеті, адалдығы бар. Қызметтегілерді алдымен амандасу мәдениетіне, сөз мәнеріне, ақыл-пара­сатына қарап қабылдаймын. Өкінішке қарай, қазір билікте жүргендердің бірталайы ең болмаса алдына келген кісімен амандасу әдебін білмейді ғой. Өте ұят. Халықтың ренжитіні де сол.

Көне түріктерде «жүректен жүрекке жол бар» деген мақал бар, өзіне керек болмысты жүрек өзі сезеді. Мені қарапайым өнер адамы деп қабылдаса жетеді.

– Қазіргі қоғамның дерті не деп ойлайсыз?

– Жемқорлық! Қолына қапелімде билік тиген кішкентай адамдардың тойымсыздығы. Соның салдарынан болатын тағы да жемқорлық.

– Бүгінде телевизия саласында ең­бек етіп жүрсіз. Бұл сала сізге қан­ша­лықты таныс? Және не бере алды?

– Биыл ұлы Абайдың 175 жыл­дығына орай елімізде Abai tv арнасы ашылды. Арна ұлы ақынның өз тағдыры сияқты, қиын уақытта, карантин кезінде, өлім-жітім көп болып жатқан уақытта эфирге шықты. Мемлекет басшысының мұндай уақытта әдебиет пен өнердің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын, насихаттайтын осынау тамаша арнаның ашылуына көңіл бөлуі қатты қуантты.

Ешқашан телеарнаға шығып, хабар жүргіземін деп ойлаған да, сұ­ранған да емеспін. «Қазақстан» ұлт­тық арнасының басшысы Ләззат Та­нысбайдан ұсыныс болды. Телеарна бас­шылығы өздері сырттай талқылап, маған тоқтағанын айтқанда, басында аң-таң болдым. Мамандығым филолог болған соң, журналистикадан алыспын дей алмаймын, эфирдің мазмұнын сол жердегі оператор, редактор, режиссер әріптестерімнің көмегімен үйреніп, қалыптасып келемін. «Сарасөз» хабарын көрермендер жақсы қабылдап, оң пікірлерін айтуда. Сұхбат түрінде өрбитін бұл хабар маған қоғам­ның тыныс-тіршілігін білуге, адамдарды жақынырақ тануға жол ашты. Өзімді қайнаған ортада жүргендей сезіндім. Бұл жағынан, әрине, өнер адамына өте пайдалы.

– Қос кітап құтты болсын! «Менің жал­ғыз жұлдызым» атты жыр жи­­нағы мен «Сағыныш-ғұмыр» атты ән жинағын шығару идеясы қа­шан, қалай туды? Оқырман қалай қабыл­дап жатыр?

– Әлемді індет жайламай тұрғанда халыққа шығармашылық есеп бермек ойымда болған. Сол жоспарымның бір парасы өлең мен ән жинақтарымды жарыққа шығару еді. Кітаптардың шығуына Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Өтелгенұлы Тұрымов қол­дау көрсетті. Өлең жинағымды өзім­­нің «Менің жалғыз жұлдызым», ән жинағымды «Сағыныш-ғұмыр» атты әндерімнің атауларымен атадым. «Менің жалғыз жұлдызым» әнім­нің өлеңін де өзім жазған едім. «Сағыныш-ғұмыр» Ерлан Жүністің өле­ңі. Екі ән де жұрттан жоғары баға алған шығармалар. Екеуінде де менің тағдырым жатыр. Егер мені іздеген жан болса, осы екі кітаптан таба алады.

– Шар­та­рапты шарлаған панде­мияға бай­ланысты еліміздегі көп­теген іс-шара­лар шегерілгені бел­гілі. Осы бір қы­­сылтаяң шақта ме­рей­тойыңыз ой­да­ғыдай атап өтіл­меген шығар?..

– Биыл той тойлайтындай уақыт бол­мағаны түсінікті. Әлеуметтік желі арқылы халықтан құттықтаулар алдым. Мен туралы досым ақын Бауыржан Бабажанұлы «Қазақ әдебиеті» газетіне «Нарқыз» деген мақала жазды. Жур­налист Аманғали Қалжанов «Астана ақшамына» сұхбат жариялады. Жуырда ғана Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясына ие болдым.

– Сіз – ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырды тең жалғап тұрған орта буыннансыз. Сізге қайсысы жақын? Қай ғасыр  сіздің ғасырыңыз? Қай ғасырдан өзіңізді көбірек көресіз?

– Осы сұрақты өзіме өзім жиі қоя­мын. «Шынында, мен кіммін?» деймін. Өзіме кейде өткеннің көзімен қараймын, кейде келешектің көзімен қараймын. Өткеннің көзімен қарасам, ештеңе бітірмеген, әдебиет, өнер деген үлкен үйдің тек жабығынан сығалап жүрген тұлымы желбіреген қызды көремін. Келешектің көзімен қарасам, сол үлкен үйді жоқтап отырған шарасыз бір кейуана көремін. Кейде бойымды қорқыныш билейді. Өзімді осы күні жоқ іздеп, адасқан жандай көремін. Үлкен үйді құдай берген таланттар емес, пысықай пасықтар мен надандық жайлап бара жатқандай болады да тұрады. Қоғамның әбден кірлеп кеткені мені қартайтты. Адамдардағы ар мен сананың төмендегені әбден шар­шатқаннан болар, бәлкім… Кім біліпті…

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»