Қоғам • 25 Желтоқсан, 2020

Бейбіт күннің қадірі

1705 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әйгілі француз ойшылы Жан-Жак Руссо «Мықты мемлекеттің кепілі – өз азамат­тары­ның тыныштығын қамтамасыз ете алуын­да» деген екен. Осыған үндес сөзді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та «Мемле­кет­те бейбітшілік пен тыныштық сақталған жағ­дайда ғана дамудың даң­ғыл жолы ашы­лады» деп үнемі айтумен келеді. Сол сияқ­ты қазақтың үлкен ақы­ны Мұқағали Мақатаев «Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде, Ұйқыдағы сәби­дің келбетіне...» десе, тәуелсіздік төлі, жас жыршы Мирас Қадырмұрат бауырымыз: «Аллаға мәлім, ризықтан бұрын тыныш­тық, Ризықтан бұрын тыныш таңдардың мұңы ыстық, Атадан қалған ат басты алып алтын­нан, Бағалы елге тыныштық деген күміс құт» деп жырлапты.

Бейбіт күннің қадірі

Осы орайда айтпағымыз бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда «Азаттық пен тыныш­тық, көксегенім» деп Абай атамыз жыр­лағандай, қазіргі қазақ қоғамына ең қажет дүние – бейбіт өмір, тыныш тірлік. Сондықтан әрбір қазақ баласы, әрбір қазақстандық тыныштық пен бейбітшіліктің қадірін біліп, соның қамын жемек керек...

Қазіргі таңда «демократия» дегенді желеу етіп желпініп жүрген азаматтар жақсы мен жаманды айыра білгені жөн. Бұлар айтып жүрген: адам құқығы, ашық қоғам құру… т.б. әдемі ұрандар қарапайым халықтың сезімін тербеп, ойын арбап, әсіресе парасат-пайымы тұрақсыз, өмірге наразы пенделерді еліктіріп әкету қаупі өте басым. Мұндай күмән­ді дүрмекке әсіре ұлтшыл немесе сезімге беріл­гіш тұлғалар тез ұрынады. Демек тыныш­тық­ты шайқап, бейбітшілікті бұзатын дүние ешқашан демократия болмайды.

Сол сияқты, дәл қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы әркім аузына келгенін айту немесе жазу, біреуді орынсыз масқаралау т.б. келең­сіз үрдіс етек алып барады. Ақылы бар адамға бұл да демократия емес. Өйткені, жал­ған сөз, жосықсыз ақпар адамдардың ақ пен қараны ажыратып пайымдауына кедергі. Оның сыртында мұндай әлем-жәлем қызыл сөз – бұқараны өсекке үйір қылумен бірге, өтірікке үйретеді, үрей тудырады, сол арқылы қара халықты ақпараттың қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін ажырата алмайтын күйге түсіреді.

Осындай жалған ақпармен сусындаған бұқара билікке сенбейтін болады. Сөйтіп, билік пен бұқара арасында жалған перде орнайды да, күндердің күнінде бұл пердені бұзу үшін жанжал туады. Осындай хаос тудырудың негізгі белгісі – халыққа жалған ақпарат тарату.

Екіншіден, жалған һәм жасанды демократия халықты табиғи болмысынан ажыратады да, ел ішінде бір-біріне ешқашан үйлеспейтін нәпсі қалауы пайда болады. Сөйтіп, көрер көзге бүтін қоғамның бірлігі ыдырайды. Нәпсі қалауына ерген адам жаман мен жақсыны, зиянды мен зиянсызды ажырата алмайды. Осындай алмағайып кезеңде, ел болып ақ пен қараны ажырата алсақ: пайдасы өзімізге, егер де ажырата алмасақ, пайдасы жауымызға. Демек жалған ақпар жаудан да қатерлі.

Расын айтсақ, елбұзар демократияға ілесіп, жалған ақиқат іздеп дүрлігушілер – надан адамдар. Бұған әсіре ұлтшылдық қосылса тіпті қиын. Онда отқа май құйғандай болады. Ең қиыны бұл топ өздерінің ісін халыққа пайдалы деп ойлайды. Жүйе өзгерсе бақытқа кенелеміз деп армандайды. Түк те олай емес.

Қысқасын айтқанда, болмысымызға жат батыс демократиясы бізге үлгі емес. Қайта халықты қараңғылыққа итермелейтін, адастырушы құрал. Мұның түп мақсаты – тұрақтылықты шайқау. Мысалы, ұйып бара жатқан айранды сәт сайын келіп шайқап тұрса, қайтеді. Ұйымайды. Іріп, сарысуға айналып кетеді. Бұл әрекеттің барлығы «демократия» дейтін ұғымның астарында іске асады. Біз осы атаудың мазмұнына алданып жүрміз. Түпкі мақсатын түсінбейміз.

Әлемдік демократияның авторлары – американдық һәм батыстың озбыр саясат­кер­лері. Бұлар тәуелсіз мемлекеттерді тәуелді жағдайда ұстау үшін: ғаламдық демок­ра­тияны дамыту, пікіралуандығын жасау, социологиялық зерттеу институттары жұ­мы­сын жүйелеу, адам еркіндігін қорғау… т.б. деген сияқты дүниелерді ойлап тапқан. Былай қарасаңыз, жап-жақсы сияқты, бірақ түп мақсаты басқа.

Жалпы әлем елдерінің тыныштығын бұзып, бүлік салу қалай ұйымдастырылатыны жайында ашық пікір айтып жүрген американдық саясаткер Уильям Энгдалдың сөзіне жүгінсек, ең әуелі тыныштықты бұзу үшін жаулар сол елдің ішінен билікке наразы адамдарды, соның ішінде жас буынды таңдап алады. Оларды арнайы үйретеді. Бұл адамдар Абай атамыз айтқандай, елді қуартпай, суалтпай тыныштық көрмейді (22-ші қарасөзі).

Сөздің түйіні: қазақ баласы, өз тағдырыңа біреулердің араласуынан сақтан! Арандатудан сақ бол! Бейбіт күннің қадірін біл!