Дөңгелек үстел жұмысының мақсаты – қазақстандық музейлер қызметкерлерінің арасында экскурсиялық қызмет көрсету саласында тәжірибе алмасу, оларды музей ісінің өзекті мәселелерін шешуге тарту, сондай-ақ Қазақстан музейлері қызметкерлерінің арасында білім беру және ғылыми байланыстарды дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
ХХІ ғасырда экскурсиялық қызмет көрсету жұмысы күрт өзгеріске ұшырады. Мұның себебі – қоғамдық сананың өзгеруі, инклюзияның дамуы, жаңа технологиялардың белсенді қолданылуы. Сондай-ақ әлемді дүр сілкіндірген пандемия салдары да көптеген тарихи-мәдени ошақтардың жұмыс істеу бағытына біршама өзгерістер енгізді.
Яғни аталған шара аясында өңірлік музей мамандарының қатысуымен экскурсиялық қызметке қатысты маңызды мәселелер талқыланып, оны шешу жолдары бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды.
Дөңгелек үстел жұмысы бастапқы үш бағытты қамтыды: Алғашқысы пандемия кезіндегі музей: экскурсиялардың өзгеруі және жаңа технологияларды қолдану болса, келесісі ерекше қажеттіліктері бар адамдарға экскурсиялар: мәселелер, негізгі міндеттер және экскурсия жүргізудің әдістері. Соңғысы экскурсиялық қызметті әдістемелік сүйемелдеу.
Жиынға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген экскурсоводы, ЮНЕСКО-ның ұлттық жаттықтырушысы Бақыт Оразымбетова қатысып, Ұлттық музей мен еліміздің өңірлік музейлері қызметкерлерінің баяндамаларын тыңдады.
Аталған шара барысында қатысушылар назарына Ұлы Даланың ежелгі өнері және технологиялары залы бойынша театрландырылған экскурсия ұсынылды.