Руханият • 25 Желтоқсан, 2020

Ғалым-шығыстанушы Нығмет Сәбитовтың 125 жылдық мерейтойына орай конференция өтті

367 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен ҚР Ұлттық кітапханасы бірлесіп ғалым-шығыстанушы, библиограф, этнолог, филология ғылымдарының кандидаты Нығмет Сәбитовтың 125 жылдық мерейтойына орай «Н.Сәбитовтың ғылыми мұрасы мен қоғамдық-ағартушылық қызметіне» арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғалым-шығыстанушы Нығмет Сәбитовтың 125 жылдық мерейтойына орай конференция өтті

Конференцияның мақсаты – Қазақстан шығыстануы мен этнологиясының және тарих ғылымдарының қазіргі проблемеларын талқылау және Н. Сәбитовтың шығыстану, библиография, этнография, мәдениет тарихы салаларындағы ғылыми мұраларын зерделеу. Іс-шара аясында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 2020 жылы шыққан Ә.Шашаев пен М.Бегманованың ғалым жөнінде «Нығмет Сәбитов: шығыстанушы, тарихшы-этнограф, библиограф» кітабының тұсаукесері өтті. Сонымен бірге ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкерлері дайындаған «Нығмет Сәбитов (1895–1955). Библиографиялық көрсеткіш» (Алматы, 2020) шағын басылымы таныстырылып, виртуалды кітап көрмесін ұсынды. Сондай-ақ Тарих және этнология институтының қызметкерлері Әшім Бағлан мен Күркеев Ержан арнайы Нығмет Сәбитов атындағы стипендияға ие болды.

Н. Сәбитов 1935 жылы КСРО ОАК жанындағы Н.Н. Нариманов атындағы Мәскеудің Шығыстану институтын бітірген. 1924–29 жылдарда Астраханда шығып тұрған «Кедей тілі» атты қазақ газетінің редакторы, 1935–36 жылдарда Сталинабад қаласында (қазіргі Душанбе) Тәжік КСР Халық ағарту комиссариатының әдебиет және баспа ісі жұмыстары бойынша бас басқармасында орынбасар және әскери цензор. 1936 жылы Главлит қызметкері ретінде Сталинбадтағы көптеген кітапханалардан троцкийшілдік әдебиеттерді уақытылы алып тастамағандықтан партиядан шығарылып, қудаланған.

1938–42 жылдарда Қазақ мемлекеттік көпшілік кітапханасында (қазіргі Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы) ғылыми қызметкер болып, аса құнды әрі ғылыми ортада сұранысқа ие бірқатар библиографиялық көрсеткіштерді құрастырады. 1942 жылдың мамыр айынан бастап  өмірінің соңына дейін Н. Сәбитов Ғылым академиясында, бастапқыда КСРО ҒА филиалы болған Тіл, әдебиет және тарих  институтында, ал 1945 жылдан бастап – ҚазКСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының аға ғылыми қызметкері, этнография бөлімінің алғашқы меңгерушісі, директордың ғылым жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Сонымен қатар, 1945–1952 жылдар аралығында ҚазКСР министрлігі жанындағы діни істер жөніндегі Кеңестің уәкілетті өкілі болды.

Н. Сәбитов – Кеңестік Қазақстандағы алғашқы кәсіби шығыстанушы, библиограф және алғашқы этнографиялық экспедицияны ұйымдастырушы, тарих және мәдениет бойынша маңызды ғылыми-анықтамалық және әдістемелік жұмыстардың авторы, ғылыми ізденіс жұмыстарын өзіне жүктелген мемлекеттік-әкімшілік қызметтерімен ұштастыра білген.

Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Ресей мен Тәжікстаннан келген ғалымдар қазіргі заманғы ғылыми және рухани көзқарас тұрғысынан ойшылдың тарихи мұрасының өзекті мәселелерін қызығушылықпен және ықыласпен талқылады. Іс-шара барысында Шығыстану іргетасын қалауға ғалымның қосқан үлесі және оның көптеген идеяларының перспективалары туралы пікірлер айтылды.