Руханият • 25 Желтоқсан, 2020

Алматыда «Тарих. Тағылым. Халық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

378 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда ҚР Президенті Архивінде «Тарих. Тағылым. Халық» деген атаумен Х халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдар жинағының тұсаукесері өткізілді. Іс-шара бейнебайланыс форматында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда «Тарих. Тағылым. Халық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

«Конференцияның отандық және шетелдік зерттеушілер арасындағы танымалдығы жылдан-жылға артып келеді. Соған сәйкес жыл сайын шараға қатысатындардың да қарасы көп. Осы жылдардағы конференция материалдарының барлық жинақтары ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихына қызығушылық танытатын мамандар мен зерттеушілер үшін үлкен сұранысқа ие» деп атап өтті ҚР Президенті Архивінің директоры Жәмилә Әбдіқадырова. Сонымен қатар Ж. Әбдіқадырова ғылыми форумды ұйымдастырудағы жемісті серіктестік үшін Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен «Мицва» қауымдастығының басшылығына алғысын білдірді. «Биыл елде орын алған жағдайға байланысты конференция бейнеконференцбайланыс форматында өтті. Алайда бұл шараның тиісті деңгейде өтуіне кедергі келтірмеді, керісінше онлайн форматта ұйымдастырылған форум жұмысына Грекия, Израиль, Қазақстан, Канада, Қырғызстан, Польша, Ресей, АҚШ, Өзбекстан және Украина елдерінен көптеген мамандардың қатысуына мүмкіндік ашты» деп өз сөзін жалғады.

«Тарих. Тағылым. Халық» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында өткізілді. Материалдар жинағын дайындау және басып шығару конференцияны ұйымдастыру комитетінің үйлесімді жедел жұмысының арқасында жүзеге асырылды.

Жиырма жыл бойы жүзеге асырылып келе жатқан бұл жоба Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы түрлі ұлттардың жаппай қоныс аудару тарихы туралы ақпаратты сақтауға, мәңгілікке қалдыруға және таратуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Конференция жұмыстарының қорытындысы бойынша халықты, өнеркәсіп нысандарын, мәдениет мекемелерін эвакуациялауға байланысты мәселелер, сондай-ақ жаһандық саяси оқиғалардың нәтижесінде тұрғылықты жерін өзгертуге мәжбүр болған халықтың өмір тарихы көрсетілген материалдар жинақтары жарық көрді.

Биылғы жылғы шараның материалдар жинағындағы 662 бетте 71 автордың 74 баяндамасы ұсынылған, жалпы көлемі – 42 баспа табақ.

«Мицва» қауымдастығының басшысы Александр Барон «форум материалдарын басып шығару – Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы туралы білімді кеңейтуге қосқан үлес» екенін атап өтті. «Тарих. Тағылым. Халық» халықаралық жобасының келесі ХІ конференциясы 2022 жылы өз жалғасын табады деп жоспарланып отырғанын да жеткізді.

Тұсаукесерге отандық және шетелдік зерттеушілер Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Қазақстан Халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы Наталья Калашникова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Лайла Ахметова, Солтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова, ҚР Президенті Архивінің бас сарапшысы Евгения Чиликова, Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінің бас қор сақтаушысы, жоғары санатты архивші Елена Тимофеева, Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің «Археология, этнология, деректану және тарихнама» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Шайыркүл Батырбаева (Қырғызстан), Гданьск қаласындағы Екінші Дүниежүзілік соғыс музейінің қызметкері, PhD Дмитрий Панто (Польша), Мырза Ұлықбек атындағы Ұлттық университетінің тарих факультеті «Деректану және архивтану» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Хайрия Буриева (Өзбекстан), Тюмень мемлекеттік университетінің профессоры Александр Ярков (Ресей) қатысты. Олар басылымның ғылыми құндылығымен қатар, жинақ материалдарындағы адам тағдырының нақты мысалдары арқылы қиын және қайғылы тарихи кезеңдердегі адамгершілік туралы ойларының келешек ұрпақ үшін үлкен тәрбиелік мәні бар екенін атап өтті.