Технология • 29 Желтоқсан, 2020

Бірыңғай ақпараттық жүйе тұтынушылар құқығын қорғайды

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тауарлар мен қызметтерді пайдалануда тұтынушылардың жосықсыз сатушыларға алданып, құқықтары тапталып жататын сәттері аз кездеспейтіні жасырын емес. Осыған байланысты тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті азаматтардың құқықтарын қорғауға арналған бірыңғай ақпараттық жүйені іске қосты.

Бірыңғай ақпараттық жүйе тұтынушылар құқығын қорғайды

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғындар тұтыну­шы­лар­­дың құқықтарын қор­ғауға ар­­налған бірыңғай ақ­параттық жүйенің қызметіне жүгіне алады. Қазір бұл сынақ режімінде жұмыс істеп тұр. Демек, әр тұрғын ұялы теле­фон немесе компьютер ар­қылы Weask.kz сайтында өзі­нің өтінішін жібереді. Alser, Lamoda, «Mагнум» және «Aнвар» сауда нүктелері жоба­ның сынақ ре­жіміне қатысуға келі­сім беріп, жүйеге тіркелді.

«Құзырлы органға хабарлас­пас бұрын тұтынушы алды­мен мәселені сатушымен шешіп алуы керек. Егер де сатушы 10 күн ішін­де шағымға жауап бермесе, азаматтар Тұтынушылардың құ­қық­тарын қорғау комитетіне жү­гіне алады», делінген таратыл­ған ақпаратта.

Бірыңғай жүйе – тұтыну­шы­ларға, қызмет көрсетушілерге, үкіметтік емес ұйымдар мен мем­лекеттік органдарға арнал­ған алаң. Бұл өтініш беру және олардың қаралуын бақылауға арналған бірыңғай терезенің балама түрі. Аталған тетік тұ­тынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мә­селелерді барынша қамтып, жылдам шешуге септеседі, сон­дай-ақ мемлекеттік орган­дардың бизнеспен байланыс орнату процедурасын жеңіл­детеді.

Осы ретте кез келген сауда нысанына бірегей сәйкес­тендіргіш беріліп, ол QR-код түрінде көр­нек­ті жерде орналыс­тырылады.

«Мысалы, дүкеннің кіре­берісінде немесе тауар сатыла­тын жерде орналастырылуы мүм­кін. Егер сатып алушы оның құ­қықтары бұзылды деп санаса, QR-кодты сканерлеу арқылы жүйеге еніп, тиісті жерге шағым жіберуге мүмкіндік алады», деді комитет өкілдері.

Мемлекеттік органға өтініш түскен жағдайда, цифрлы жүйе автоматты түрде қай орган бұл шағымды қарауы керектігін анықтайды. Тұтынушыға мекен- жай иесі, шағымды зерттейтін адам, содан кейін барып ша­ғым нәтижелері көрсетіледі. Сату­шы да түскен шағым туралы хабардар болады. Бірінші кезеңде жанжалды сыртқы тарап­тардың қатысуынсыз шешуге мүмкіндік беріліп, бұл кәсіп­керлер мен тұтынушылар үшін де әлдеқайда тиімді бол­мақ.

Жоба авторлары мұның кәсіп­керлерге тауарлардың және тұ­тынушыларға қызмет көр­сету­дің сапасын жақсартуға сеп­­­тігін тигізетініне сенімді. Ал мемлекеттік органдар үшін мұн­­­дай шағымдарды жинау мен өңдеудің бірыңғай жүйе­сі тұтынушылардың барлық өті­ніш­терін кең ауқымда тал­дауға ықпал етеді. Тиісінше тұ­тынушылардың құқықтарын қорғау жүйесі жаңғыртылып, азаматтар құқықтық сауат­ты­лықты арттыруға мүмкіндік алады.