Сөз-ақ. Бұл жанрда сәтті жазудың қиындығынан болар, драматургияға әр жазарманның қаламы бара бермейді. Бүгінгі күнде де қазақ театрлары жақсы пьесаларға мұқтаж екенін көзбен көріп жүрміз. Әсіресе жасөспірімдерге арналған драмалық шығармалар жоқтың қасы. Театр сахнасында – не балаларға, не ересектерге арналған спектакльдер ғана. Ал он үш жастан асқан бозбалаларға арналған театрландырылған қойылым сиреп барады. Әрине, бұл қу шөппен ауыз сүрткеніміз емес.
Тек, жасөспірімдерге арналып қойылып жүрген спектакльдердің деңгей-дәргейі көңіл қуантпайды. Чеховтан «Көркемдік деген не?» деп сұрағанда: «Бұл, ең алдымен, көркем шығарманың шынайылығы», деген екен. Бүгінгі театр сахнасындағы спектакльдердің көбінде осы шынайылық жоқ. Әлқисса.
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры репертуарында қазіргі таңда шамамен 40 шақты спектакль бар (оның нақты қаншасы аударма, қаншасы отандық драматургия екенін театр басшылығынан сұрап біле алмадық). Одан бөлек жас көрермендер үшін 17 ертегі қойылады. Театр репертуарына жылына төрт немесе алты спектакль қосылып отырады екен. Ал көптен бері қойылып жүрген спектакльдер көркемдік кеңестің шешімімен алынып тасталынады. Жаңа қойылымдар да көркемдік кеңестен өткеннен кейін министрлікке ұсынылады.
Біраз уақыт бұрын еліміздің бас жасөспірімдер театрында Жұлдызбек Жұманбайдың режиссерлігімен Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» атты повесіне инсценировка жасалып қойылған болатын. Қазақ балалары рухани ашаршылық жағдайында тұрған бүгінгі таңда мұндай спектакльдер көрерменді там-тұмдап қуантқаны рас. Алайда қазір қойылып жүрген бірен-саран спектакль жасөспірімдердің рухани сұранысын қанағаттандыра алмайды.
Мәселен, драматург Серік Асылбекұлының «Рабиғаның махаббаты» атты повесі оқырмандардың назарын аударған соң, автор шығарманы пьесаға лайықтап жазып, Н.Жақыпбайдың режиссерлігімен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 1990 жылдардан бастап 7-8 жыл бойы қойылды. Жоғары сынып оқушыларының бейкүнә махаббаты һәм суицид жөніндегі бұл шығарма сол уақытта театр көрермендері арасында резонанс тудырып, аншлагпен өткен еді. «Қоғамды ағарту арқылы бәрін өзгертуге болады» деген ұстанымдағы драматург Серік Асылбекұлы жасөспірімдерге арналған қойылымдар турасында да ой бөлісті.
«Адамдардың санасын өзгерту арқылы экономиканы да, өндірісті де, ауыл шаруашылығын да көркейтуге болады. Барлық дүниенің түп төркіні адамның сана-сезімінде жатыр. Ал сана-сезімді ұлы шығармалар арқылы ғана тәрбиелей аламыз. Одан басқа әлемде адам тәрбиелеудің тиімді құралы жоқ. Достоевскийдің «Әлемді сұлулық құтқарады» деген сөзіне «әлемді ізгілік құтқарады» деп қосар едім. Ал көркем әдебиет адамның жанын ізгілендіретін бірден-бір рухани құрал», деген автор бүгінгі күні драматургияға қалам тартатындар саусақпен санарлық екенін де айтты. «Мәселен, бізде 700 жазушы болса, соның 15-нің ғана пьесалары қойылып жүр. Ал дүниежүзінде Нобель сыйлығын алған алты-жеті драматург қана бар. Осының өзі драманың күрделі жанр екенін көрсетеді. Әлемдегі ең бай әдебиет – орыс әдебиетінде классик прозаиктер көп. Ал талантты драматургтерге келсек, А.Островский, А.Чехов, А.Вампилов, А.Гельмандарды ғана атай аламыз», дейді.
Күні кешеге дейін елімізде жасөспірімдерге арналған екі-ақ театр бар-тын. Олар – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры және астанадағы Жастар театры. Соңғы уақытта облыстық үлкен театрлардың жанынан жастар труппалары құрылғанын да айта кетейік. Мәселен, Петропавл театрындағы Фархат Молдағали жастар труппасын құрып, елді елең еткізді. Бұл бастама Қызылорда, Талдықорған, Көкшетау қалаларында да жалғасты. Жасөспірімдер репертуарының тоқырау кезеңінде іске асқан игі жоба театр саласындағы жақсы бір қозғалыс болған сияқты.
Драматургтер мен театр режиссерлері арасында шығармашылық байланыс жоқ екенін айтқан театртанушы Амангелді Мұқан мерейтойлық даталарға орай ұйымдастырылатын әдеби байқауларға тоқталды.
«Мәселен, Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында өткізілген әдеби байқауға 40-50 пьеса келіп түсті. Үздігі анықталып, марапатталды. Кітап та шықты. Алайда театр сахнасында қойылған жоқ. Осы сияқты мерейтойлық оқиғалар қарсаңында жазылған пьесалар сол жүлде алған күйі қала береді. Яғни драматургтер мен театр режиссерлері арасында шығармашылық байланыс жоқ. Мәселен, Мәскеудегі Сац театрында жас көрермендермен арнайы педагогтер жұмыс істейді. Яғни әр спектакльдің алдында жас көрермендерге театр мәдениеті жөнінде лекция оқып, тәрбиелейді. Театрдың негізгі функцияларының бірі – тәрбиелеу екенін ұмытпау керек. Ал еліміздегі жасөспірімдер театрында педагог деген штат жоқ», дейді. Сондай-ақ театр сыншысы, Созақ ауданында мектепте жұмыс істейтін Айдарбек Байділдә деген автор «Ұстаз» деген пьеса жазғанын тілге тиек етті. Онда бүгінгі мектеп өмірі, 10-11 сыныптағы жасөспірімдердің қызықты оқиғалары суреттелген. Бұл пьесаға режиссерлер де қызығыпты. Алдағы уақытта Ұлан Ахметовтің режиссерлігімен Талдықорғандағы театрда қойылуы мүмкін екен.
Ал драматург, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Сұлтанәлі Балғабаев: «Жасөспірімдерге арналған пьесалардың деңгей-дәрежесі туралы сөз қозғамас бұрын, сол саптағы спектакльдер бар ма деу керек. Бізде қазір үлкен тарихи оқиғаларға арнап спектакль қою етек алған. Ал көрерменнің сұранысына зерттеу жүргізіп, талабын ескерген пьесалар азайып барады. Қазақ театрларының бүгінгі кемшілігі осы. Шынын айтқанда, театр аудиториясының көп бөлігін жасөспірімдер құрайды. Мәселен, Алматыда 70-тен астам қазақ мектебі бар. Сол мектептердің жоғары сыныптардағы балалары жылына екі рет театрға барады дегеннің өзінде, соларға арнап 150 спектакль қоюға болады. Бізде бұның статистикасы мүлдем есептелмейді. Ал жасөспірімдерге арналған пьесалардың жоғалуы – репертуар жасақталғанда көрерменнің сұранысын назарға ілмеуінен болып отыр. Әлемдегі театрлардан біздің театрлардың айырмашылығы – дайын қаржыға кез келген жанрдағы спектакльді қоя береді. Оған көрермен қызыға ма, жоқ па, рейтингі қалай – маңызды емес. Яғни продюсерлік менеджмент жұмыстары жүргізілмейді», дей келе Мәдениет және спорт министрлігінің театр репертуарына қатысты нақты саясат жүргізу керектігін айтты.
Тәуелсіздік күні қарсаңында елордада Жас көрермендердің музыкалық театры ашылған болатын. Ел астанасынан бой көтерген жаңа театрдан өнерсүйер көрерменнің күтері көп. Өнер ошағының директоры Асхат Маемиров балалар мен жасөспірімдер шығармаларына арналған әдеби байқауларды тек драматургиялық туындыларға ғана емес, музыкалық шығармаларға да арнап ұйымдастырылу керектігін айтты.
«Отандық драматургияға келсек, кез келген жасөспірімдер театрының репертуарында Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» болуы тиіс. Өйткені бұл шығармада өтпелі кезеңнің психологиялық иірімдері қанық әрі тереңдікпен суреттелген. Яғни прозалық шығармалардан инсценировка жасап, халыққа ұсына беру керек. Бір-екі жылда жасөспірімдерге арналған драмалық шығармалар жазыла қоймайды. Сондықтан 70-80- жылдардағы балаларға арналған әдебиет жауһарларын жедел түрде аударып отыруымыз керек. Ал өз кезегімізде Нұр-Сұлтан қаласының музыкалық жас көрермендер театры алғашқы қойылымымызды он бестегі Абай мен Тоғжан арасындағы махаббатқа арнадық. Музыкалық театр болғандықтан, Әуезовтің «Абай жолы» трилогиясындағы Абай мен Тоғжанның үш бетке толар-толмас кездесуін жас автор Мирас Әбілге жаздырттық. Абайды біз көбіне ойшыл, философ және рухани тұлға ретінде көрсеткен соң жас балалар қашқақтайды, тісі батпайды. Көрермендер Абайдың тұлғасымен бірге өсу керек деген ұғымды ұстанып, балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына, талғамына, болмысының қалыптасуына әсер ету үшін арнайы он бес жасындағы кезеңін алдық. Ол арада Құнанбайдай әкесінің өнегесін, Ұлжандай анасының тәрбиесін, дос пен бауырдың қадір-қасиетін «Абай-Тоғжан» спектаклінде біртұтас қамтуға тырыстық. Көркем шығармалардан бөлек халық аңыздары мен ертегілерін де сахнаға адаптация жасасақ, құнды олжа болмақ», дейді.