Қоғам • 30 Желтоқсан, 2020

Күш атасына арнап кешен салынады

790 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Батыс Еуропа – Батыс-Қытай» автокөлік дәлізі бойындағы Ордабасы ауданының орталығы Темірланға кем дегенде әлемнің 54 мемлекетінен туристердің келуіне бір себеп бар. Қандай себеп дерсіз?

Күш атасына арнап кешен салынады

Еліміздің мақтанышы, алып күш иесі, теңдесі жоқ кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұ­ңайтпасұлы – күрес өнерінің бірнеше тү­рін жетік меңгеріп, әлем чемпионы ата­ғына қол жеткізген тұңғыш қазақ. Ол өмі­рінің соңғы жылдарында осы ауданда тұрған. Күре жолдың бойынан өтіп бара жатқанда күш атасының мазараты көрінеді. Әлемнің 54 мемлекетінде күреске түсіп, 48 медаль олжалаған, 35 жасында Германияда әлем чемпионы атанған Қажымұқан жайлы тереңірек мағ­лұмат алғысы келетін шетелдіктер мен ел тұрғындарының Ордабасына арна­йы ат басын бұрары анық. Күш атасы өнер көрсеткен елдердегі спортсүйер, болмысы ерек­ше жандар жөнінде білуге құмар қауым­ның қазақтың Қажымұқанын іздеп келері анық. Бұл орайда ауданда Қажы­м­ұқан Мұңайтпасовтың 150 жыл­ды­ғына орай іргелі жоба жүзеге асырыл­мақ. ­Бүгін­де аудан әкімдігі жер бөліп, жоба­лық-сметалық құжаттары дайындалған.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде 11 айда атқарылған жұмыстарын қорытындылаған аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков 5 гектар аумақта спорт кешені бой көтеретінін мә­лім етті. «Жобаның құны – 1 млрд 375 млн теңге. Қазіргі таңда қаржы қаралды. Ендігі кезекте мемлекеттік сату, сатып алу конкурсы өткізіліп, мердігер компания анықталады, келесі жылы құрылыс жұ­мыстары басталады. Ол жерде спорт кешені, мұражай және қонақүй болады. Бір жағы туризмді дамытуға, екінші жағынан спортшылардың шеберлігін шыңдауға, тұрғындардың спортпен айналысуына мүмкіндік жасалады», деді аудан әкімі. Жалпы, аудан аумағында туризм саласын дамыту бағытында биыл инвестициялық құны 2 млрд 811 млн теңге болатын 6 жобаны іске асыру жоспарланып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында да өсім бар. Мысалы, биылдың 11 айында өңірлік ішкі жалпы өнім көлемі 78 млрд 285 млн теңгеге жеткен. Яғни өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тыр­ғанда 10,3 пайызға артқан. Өнім көлемін арттыру мақсатында маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін 15 млрд 912 млн теңге көлемінде инвестиция тартылған.

«Қаржыландыру көздері бойынша респуб­ликалық, жергілікті бюджет қа­ра­­жаттары 4 млрд 793,8 млн тең­­­ге­ге ке­місе, меншікті қаражаттар 3 млрд 369,3 млн теңгеге, басқа да қара­­жат­тар 183,4 млн теңгеге артқан. Аудан бойын­ша инвестиция көлемінде бюд­жет­тік емес инвестициялардың үлесі – 83%. «Қарапайым заттар экономикасы» бағ­дар­ламасы аясында жалпы құны 1 млрд 399,3 млн теңге болатын 33 жоба сүйемелденуде, қазіргі уақытта 759 млн теңге көлемінде 21 жоба қаржы инс­титуттарымен қаржыландырылды. Ал «Бизнес-Бастау» бағдарламасы бойынша 227 азамат сертификат алып, жос­пар 100 пайызға орындалды. Ауданда өндіру, өңдеу бағытындағы және жалпы кәсіпкерлік саласындағы жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп келеді», деді Н.Тұрашбеков.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында жұмыс істеп жатқан 35 кәсіпорынның 22-сі белсенді, ал мезгілді жұмыс атқаратыны – 13. Осы кәсіпорындардың өндірген өнім көлемі 19 млрд 253 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 104,5 % болды. Биыл жалпы Индустрияландыру картасы аясында инвестициялық құны 2 млрд 350 млн теңге 3 жобаны іске қосу жоспарланған. Жұмыс істеп тұрған 11 024 бірлік шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 33,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 118,6,% болды. Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 46 млрд 885 млн теңгеге жетіп, 65 774 гектар егістік жер игерілген. Аудандағы жалпы жылыжай көлемі 82,02 гектарға жеткен. Олардан 4 370 тонна қияр, 2 420 тонна қызанақ алынды. Егістік жерлерді тиімді пайдалану мақсатында 171,9 гектар жерден екі рет өнім алынған. Ауыл шаруашылығы саласында 5 млрд 255 млн теңге инвестиция тартылды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 665 ірі қара мал алынып, тапсырма 138,8 пайызға, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 4 089 бас мал алынып, тапсырма 190,7 пайызға, «Құлан» бағдарламасы бойынша 289 бас жылқы алынып, жоспар 104,3 пайызға орындалған. Ауданда 379 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді, оның 100-і биыл іске қосылған.

Сондай-ақ Н.Тұрашбеков егістіктерді ағын сумен қамту мәселесіне тоқталды. Аудан бойынша жалпы 85 канал бар. «Ол каналдарға бірнеше жылдан бері толық механикалық тазалау жұ­мыстары жүр­гізілмеуі салдарынан канал­дардың егіс­тік жерлерді ағын сумен толық қам­та­масыз ету көрсеткіші төмен­де­ген. Осы мақсатта биыл тазалауды қажет ететін каналдар зерделеніп, нәтижесінде 43 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Оның жалпы ұзындығы 380,9 шақырым болса, механикалық тазалауды қажет ететіні – 214,6 шақырым. Тазалау нәти­­жесінде 15 249 гектардың сумен қам­та­­масыз етілуі жақсарса, шілде айында су жет­пей қалу қаупі бар 2 228 гектар жер­дің мәсе­лесі толық шешілді», деді аудан әкімі.

Аудандағы 57 елді мекеннің 43-і, яғни 91,5%-ы орталықтандырылған ауыз су құбы­рымен қамтамасыз етілген. Биыл 10 елді мекеннің ауыз су жүйелерін ағым­дағы жөндеу жұмыстарына 167 млн теңге бөлініп, толығымен игерілген. Сон­дай-ақ аудан әкімі 57 елді мекеннің 6-уы табиғи газбен қамтылғанын, 15 елді мекенді кө­гіл­дір отынмен қамту үшін жобалық- сме­талық құжаттары дайын­да­лып, сала­лық басқармаға ұсыныс беріл­генін айтып өтті. Алдағы уақытта 15 елді мекенге газ құбыры жүргізілген жағ­дайда, аудан тұрғын­дарының 40,2 пайызы көгілдір отын­мен қамтылады. Бүгінде аудан халқын 100% газбен қамту мақсатында аудан бюджеті есебінен 27 елді мекенді газ­дан­дыру мақсатында жобалық-сме­та­лық құжаттамалар әзірленуде.

 

Түркістан облысы