Мо Ян прозасында барлық кейіпкерлерін антропологиялық деңгейге қайтарып, адамды жануар, тіршілік, алғашқы тірлік иесі етіп бейнелейді. Бұл тәсіл автордың өзіндік ерекшелігі. Яғни мәселеге социологиялық, этикалық әдіспен қарамайды. Қоғамның көңіл күйін бақылаушы санатында емес, қарапайым жұрттың бірі ретінде суреттейді. Мысалы, «Өмір мен өлімнің азабында» бір адам талай құбылады – адамға да, жылқыға да, сиырға да, тіпті есекке де айналады. Демек, қаламгер шығармашылығында қытай ертегілеріндегі жан иелерінің қайтыс болған соң басқа жануардың денесіне ауысып, қайта өмірге келуі сынды мифологияны жақсы пайдаланады. Сондай-ақ Мо Ян көбінесе ез бен ынжықты, сорлы мен бейшараны емес, жігерлі мен қайраттыны, тіресетіндер мен қасарысатындарды жазады. Кей сыншылардың «Мо Ян зор эстетиканың өнерлі рухы бар жазушы» дейтіні де осыдан.
Баспаның әлемдік классиктерді аударудағы кезекті бұл жобасы – Мо Янның елімізде алғаш рет шыққалы отырған ірі еңбегі. Айта кетейік, роман 2006 жазылып, жарияланған болатын. Ал шығарманы түпнұсқадан Жәйірбек Мұхамедхан мен Дүйсенәлі Әлімақын тәржімалаған. Қырық алты баспатабақтан тұратын аудармаға бір жылға жуық уақыт кетіпті. Мо Янның өзге шығармаларына қарағанда мүлде басқа стильде жазылған «Өмір мен өлім азабы» романының көркемдік қуаты жайлы аудамармашы Дүйсенәлі Әлімақыннан сұрап көрдік.
«Бұл шығарма ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қытай өмірін сөз етеді. Бас кейіпкер – жер иесі Си Мыннао өлім жазасына кесілген соң, өмірге ит, маймыл, есек, доңыз болып қайта келіп, ең соңында кәдімгі адам ретінде қайта өмір сүре бастайды. Өзгеше жазу стиліне ұлттық аңыздар мен мифтерді аса шеберлікпен ұштастырып, осындай сүйекті шығарма жазған автор бұл туындысында өмір мен өлім, қуаныш пен жұбаныш, ізгілік пен жауыздық, махаббат пен ғадауат, ел, отбасы тағдыры сияқты маңызды мәселелерді тілге тиек ету арқылы сол кездегі солақай саясатты сынға алады. Шығарма барысында Мо Ян да маңызды кейіпкердің бірі ретінде суреттеледі. «Өмір мен өлім азабы» – осыған дейін әлемнің бірнеше тіліне аударылып, оқырмандар тарапынан жақсы баға алған шығарма. Енді бұл романды қазақ оқырмандары да ана тілімізде оқи алады. Шығарманы оқып отырып, фольклорлық қазынамызды құнттап ақтарып, мифтер мен әфсаналарымызды өзек етіп, осындай роман неге жазбасқа деген ойға келесіз», дейді ол.
Мо Янның шығармашылығына Уильям Фолкнер мен Габриэль Гарсиа Маркестің ықпалы тиген деседі. Бұл туралы автордың өзі де автобиографиялық эсселері мен сұхбаттарында жиі айтады. Бәлки, жазушының модернистік бағытта жасаған көркем бейнелері мен формаларының қытай әдебиетінде ерекшеленуіне осы рухани байланыстың әсері болған шығар. Қалай десек те, он бір роман, он сегіз повесть, бес әңгімелер жинағының авторын әлем оқырмандары жазу шеберлігімен һәм тосын ойларымен таниды. Алдағы басылып шығатын роман да модернист Мо Янды қазақ оқырманымен таныстырмақ.