Руханият • 31 Желтоқсан, 2020

Адам өмірін құтқарған қаһармандар

526 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Құрамында полицияның аға лейтенанты Бейбіт Байсеркин, кіші лейтенант Дарын Совет және аға сержант Айбат Әкімжанов бар Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты пат­руль жасағы күндегідей қыз­метте жүрген болатын. Бір мезетте, дәлірек айтқанда сағат 14.00-дің шамасында бұлар ты­­ныштығын күзеткен шағын аудан­дағы көп қабатты үйлердің біріндегі балконнан белгісіз бір бойжеткеннің секірмекші болып жатқаны туралы шұғыл хабарлама түсті.

Адам өмірін құтқарған қаһармандар

Тәртіп сақшылары оқиға бол­ған жерге жедел жеткен. Сөйтсе, сегізінші қабаттағы балконнан аяқтарын салбыратып жібер­ген бір бойжеткен секірмекке оқта­лып отыр екен. Төменде бес-алты адам қызға олай істемеуін өті­ніп, жалынып жүр. Ал пора-пора болып жылаған қыз болса, өзінің ешкімге керексіз болып қалғанын, сол себепті де өмірмен қоштасқысы келетінін айқайлап айтып жатты...

Сөйтіп абыр-сабыр болып жатқан кезде, аулада жүрген тұр­ғындардың бірі полиция қыз­меткерлеріне әйелдің қол сөм­кесін әкеліп берді. Ол балконда отырған қыздың жерге құлап түскен сөмкесі болып шықты. Аға сержант Айбат Әкімжанов сөмкенің ішінен үйдің кілтін тауып алды. Сірә да қыздың үйінің кілті болар-ау деген долбармен әріптесі екеуі сегізінші қабатқа жүгіре жөнелген.

Бұл кезде аға лейтенант Бей­біт Байсеркин тоғызыншы қа­батқа көтеріліп, есі кіресілі-шы­ғасылы отырған қызды сөзге тартып, алдарқата бастаған еді. Полиция қызметкерлері сөмке ішінен шыққан кілтпен пәтердің темір есігін ашып, ішке енгенде, қыз отырған балконға апаратын бөлме іштен жабық болып шықты. Ойланып тұруға уақыт жоқ еді: тәртіп сақшылары ішке есікті бұзып кірді. Бірден атылып барып төменге енді секіре берген қызды екі жақтан ұстап қалған...

Кейін бәрі де белгілі болды. Әлгі қыз анасымен әлдебір себеп­терге байланысты сөзге келіп қал­ған екен. Былай қарасаңыз, өмір­ден күдер үзетіндей күрделі нәр­се де емес. Күнделікті тұр­мыс­­­та күн сайын болып жататын май­­да-шүйде мәселе. Өкінішті-ақ...

Тәртіп сақшылары құтқа­рыл­­ған қызды медицина қызмет­керлеріне тапсырып, әрі қарай жұмыстарын атқаруға кетті. Қо­ғамның тыныштығын, адам­дар­дың амандығын сақтау – олар үшін күнделікті міндет бол­ған­дықтан, олар бұл оқиғаны көп ұзамай ұмытып та кеткен болатын. Алайда жақсылық та аяқасты қалмайды екен: ара­ға аз ғана уақыт салып, үш по­ли­цейдің адам өмірін құтқару жо­лындағы жанкешті іс-әрекеті бү­кіл полиция департаментіне аян болған.

Полиция басшылығы тәртіп сақшыларының тар жерде тап­қырлық пен батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен іс-әрекеттерін өте жоғары бағалады. Полиция аға лейтенанты Бейбіт Бай­­серкин, кіші лейтенант Дарын Совет және аға сержант Айбат Әкімжанов Қазақстан Респуб­ликасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қолынан «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» меда­лін алды. Бұдан бөлек, Қара­ғанды облыстық полиция депар­таментінің бастығы Ерлан Фай­зуллиннің бұйрығымен бей­біт күннің батырларының әрқай­сысы 100 мың теңге ақша­лай сыйлықпен марапатталды. Осы салтанатқа арналған жеке құ­рам­ның жиынында полиция бас­­шысы: «Өзгеге үлгі болуы үшін біз адамды құтқарған әріп­­тес­терімізді үнемі қолдап, ын­талан­дырып жүруіміз керек», деген болатын.

Тәртіп сақшылары ажал ­аузынан алып қалған бойжеткен күндердің бір күнінде өзінің осы істеген қылығына қарадай қы­сылып, тіпті өкінуі де мүмкін. Әл­бетте өмір көші түзеліп, бәрі жақсы болып кетсе, жас қыз бо­лашақта тұрмыс құрып, ана ата­нып, өмірге ұрпақ әкелуі де ғажап емес қой. Сонда қарап тұрсаңыз, өздерінің кәсіби мін­детіне мейлінше адал үш полицей болашақта өсіп-өнетін бір әу­лет­тің тамырын тағдырдың тал­қысынан аман сақтап қалған болып тұр-ау.

Міне, сол себепті де, қоғам­ның басты байлығы – адамның өмірін құтқарып қалған азамат­тар­дың қай-қайсын болсын қа­һарманға теңесе артықтық етпес еді!

 

ҚАРАҒАНДЫ