Кім білсін, қорадағы қойын қомсынып, қиядағы қыранды қолына қондыруға құштар пенде шіркіннің көңіл көксеуі таусылған ба?..
Бір білгіштердің айтуынша, адамның аты-жөні кейде тағдыр-талайына әсерін тигізетін көрінеді. Сол сөздің жаны болса керек. Өйткені біздің кейіпкеріміздің есім-сойын атасақ, көз алдыңызға асыл мұратын аялаған ару қыздың алтын айдай аяулы бейнесі келері анық.
Асылдың сынығы, алтынның үзігі
Ол Гагарин ғарышқа ұшып, от ауызды Олжас ақын «Адамға табын, жер, енді» деп асқақтайтын айтулы алпыс бірдің алғашқы күні Алматыда дүниеге келді. Ата-анасы көрермен көзайымына айналған арқалы өнерпаздар болатын. Екеуі Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында бірге самғады. Сыр-сымбаты келіскен жарасымды жұпқа жұрт сыртынан қызыға қарайтын.
Әкесі Әбдуахим қазақ баласы үшін бейтаныс балет әлеміне бұзып-жарып кірген бұла таланттардың бірі еді. Қатарынан қара үзіп Ленинградтың хореография училищесінде оқыды. 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ мәдениетінің онкүндігіне қатысып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атағын алды. Аға буын өкілдері оның биіндегі өзгеше өрнекті емірене еске алады. Көзін көрген әріптестері мен шәкірттері алғырлығын алға тартады. Ой-өрісінің кеңдігін, мінезінің мәрттігін жыр қылып айтады.
Алтынайдың айтқандарынан: Мен папамды мейлінше жақсы көрдім. Тұла бойы тұнған талант-тұғын. Маған ол бәрін білетіндей көрінетін. Ешкімге ұқсамайтын ерекше жан екенін кішкентай күнімнен сезетінмін. Әдебиетпен әуестенді. Қолынан кітап түспейтін. Менің атымды Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы ұстаз» повесінің негізгі кейіпкерінің құрметіне қойған. Өзі де өлең жазды. Суретті қандай салатын. Қылқалам шеберлерінің шедеврлерін жеріне жеткізе талдайтыны еріксіз таңдандыратын. Музыканы одан да жетік білетін. Музейлерге, көрмелерге, концерттерге қолымнан жетектеп апаратын. Көшеде әлдебір әуен естілсе, «Мынау кімнің шығармасы?» деп сұрайтын. Дәл тапсам қуанып, күмпің қағады. Қателессем, кәдімгідей қапаланып, «Қызым, мұның ұят. Қайдағы Чайковский? Глинка ғой бұл!» дейтіні әлі есімде. Сенесіз бе, сол кісінің арқасында антикалық дәуірдің айшықты туындысы саналатын грек мифтерін шемішкеше шағатынмын. Кейін бұлар пайдаға жарады. Тіпті бұрымымның өзін түрліше өретінін қайтерсің. Ленинградта оқып жүргенімде жазған сыршыл хаттары сандықшамда сақтаулы тұр. Кеудемді сағыныш кернегенде оңаша отырып оқитыным бар...
Қазақы қисынға сүйенсек, қасқа айғырдан кемінде төбел құлын туады. Әне, көрдіңіз бе, қыл аяғы жануарларға дейін тұқымына тартады. Ал адамдар екібастан. Бұқар жырау айтқандай, «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да – тартпай қоймас негізге».
Тектілік – қанмен бітетін қасиет. Ендеше, Алтынайдай ардағымыз аспаннан түскен жоқ. Кісілік қонған жердің қызы. Бабасы Асылмұрат қазіргі Қарағанды обысының Ақтоғай өңірінде «сансыз қара айдаған, шалғынға бие байлаған» мыңғырған бай болған. Жақсы-жайсаңдарға жаудай тиген кеңестік өкіметтің кесірінен атылып кеткен. Дала дегдарының немере бауыры Алашқа аты мәшһүр Нарманбет Орманбетұлы патшалық Ресейдің отаршылдығына қарсы қалам сілтегені әмбеге аян.
«Қалмады, ей, Сарыарқа, сенде қызық,
Сандал тау, сары өлкені алды мұжық»
Сондай-ақ «Сарыарқадан сән кетті, қазақтан қуат әл кетті» деген жыр жолдары бодандық бұғауында бұлқынған халқымыздың аянышты халін аңғартады. Тағдыр тәлкегін қойсаңшы бұл. Орыстың басқыншылық саясатын өлердей сынаған өр ақынның шөбересі сол орыс көркемөнерінің көрнекті өкілі боларын кім болжапты.
Атасы Әбілбек «халық жауының» баласы болғандықтан жергілікті белсенділердің қуғын-сүргінінен құтылмақ оймен амалсыз Алматыға көшкен. Бойдағы қарым-қабілеті жай жатқызсын ба, қара домбырасын құшақтап, талай мәдениет мекемесінің есігін қаққан. Ақыры Ахмет Жұбанов құрған халық аспаптары оркестрінің құрамына қабылданыпты. Содан ел басына екіталай күн туғанда соғысқа аттанған. Есіл ер қан майданнан қайтпады. Артында аңырап сүйген жары Бибісара мен екі ұлы – Әбдуахим мен Мэлс қалды.
Алтынайдың нағашы жұрты да тегін жандар емес. Нағашы атасы Николай Сидоров – Нева жағалауының тумасы. Білікті балет маманы. Маңдайына біткен жалғыз перзенті – Галинасының соңынан еріп талай жердің дәмін татыпты. Ақыры Алматыға ат байлаған. Қызы қазақ азаматымен тұрмыс құрған соң Алатау аясындағы әсем шаһарды тұрақтап қалған.
Алтынайдың айтқандарынан: Әке-шешемнің қосылуы бір хикая. Театрда табысқан. Бірін бірі ұнатқан. Өнерде де, өмірде де бірге болуға келіскен. Бірақ Бибісара әжем ұлының таңдауына қарсылық танытыпты. Түсінуге болады әрине. Баласы қазақтың қыздары құрып қалғандай күйеуінен ажырасқан орыс келіншегімен отасқанын қайдан жақтырсын.. Алайда қол ұстасуға бекінген қос ғашық алған беттерінен қайтпаған. Содан көпке дейін әжемнің өкпесі тарқамапты. Тек, мен туғанда ғана «отымның алды, суымның тұнығындай төл немеремді әкеліп көрсетіңдер» депті қатулы қабағын сәл жібітіп. Көрген бетте көңілденіп сала берген. Әкемнен айнымай қалған түрімнен айналып, мейірлене иіскепті. Кейін араласып кеттік. Ол бізден бөлек тұрды. Кейде үйімізге келіп мені бағатын. Тамақты талғап жейтін. Екеуіміз екі тілде сөйлесек те бір-бірімізді керемет түсінетінбіз. Алты-жеті жасымда ол маған өз қолымен тіккен түйе жүн көрпе сыйлады. Жеп-жеңіл, жып-жылы. Әбден тозығы жеткенше жамылдым.
Нағашыларым Санкт-Петербургтің сарсүйек зиялылары санатынан. Дастарқан басында ылғи балет жайында айтылатын. Нағашы атам Семенова, Уланова секілді саңлақтардың сахнадағы шеберліктерін шежіре етіп шертуден шаршамайтын. Жарықтық Қазақстан мәдениетінің дамуына да қомақты үлес қосты. Ал мамамның шешесі студенттік шағымда Ленинградта пәтер жалдап, мені жалғызсыратпады. Балетпен алаңсыз айналысуыма барлық жағдайды жасап бақты. Киімім жуулы, тамағым пісірулі болды. Міне, мен осындай ортада өстім.
Иә, екі жұрты да өнер өлкесінен нәпақа терген Алтынайдың айы оңынан туғаны заңдылық екен-ау.
Балетте жанған бақ
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Ата-бабаларымыз бәрін біліп айтқан. Басқаларды қайдам, Алтынайға бұл нақылдың тікелей қатысы бар. Өйткені ол өнерді әспеттеген шаңырақта туып-өсті. Көзін ашып көргені театр. Ес білгеннен естігені – сол салаға қатысты әңгімелер. Үйлеріне келетін қонақтар да – сахнаның қыр-сырына қанық әртістер қауымы. Үріп ауызға салғандай сүйкімді сәбиге олардың да ықыласы талай ауған шығар. Бауырларына тартып, басынан сипаған болар.
Аяғын апыл-тапыл басқаннан театр қабырғасында ойнады. Әке-шешесінің грим жасайтын бөлмесі, репетиция залы, сан мәрте спектакль тамашалаған салтанатты сахна – бәрі-бәрі жасынан жан дүниесін баурады. Оған балеттен басқаның бәрі бөтеннің бақшасындай көрінетін.
Бір қызығы, Әбдухим мен Галина әлпештеген Алтусялары өздерінің жолын қуғанын қаламады. Күрмеуі көп күрделі кәсіптің қиындықтарына қыздарын қимағаны да. Әрі-бері ақылдасып, музыка мектебінің фортепиано сыныбына берді. Алайда Алтынайдың есіл дерті балет еді.
Ақыры ата-анасы оны Ленинградтың А.Ваганова атындағы хореография училищесіне апаратын болып шешті. Түсіп кетсе құба-құп. Түспесе Алматыда музыка сабағын жалғастырады. Сөйтіп Галина Николаевна қаршадай қызын жетектеп кезінде күйеуі екеуі білім алған оқу ордасы орналасқан ақ түндер қаласына аттанды. Бұлар келсе іріктеу сынақтары аяқталып кетіпті (анасы емтихан мерзімінен әдейі кешіктіріп әкелгенін кейіпкеріміз кейін білді). Қабылдау комиссиясы құжаттарын қабылдамай, келген іздерімен кері қайтуға оқталғанда ойда-жоқта алдарынан осындағы оқытушылардың бірі Анна Петровна Бажаева жолыға қалмасы бар ма. Құдіретті күшті Құдай сәтін түсірсе шалқайған шаруаның түзеліп кетуі оп-оңай екен ғой. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Алтынайдың алдынан ақ күн туып, Анна Павлова, Галина Уланова секілді тұғыры биік тұлғалар тәрбиеленген атақты «Вагановканың» босағасынан имене аттады.
Талай таланттың тұсауын кескен Инна Зубковскаяның мектебінен өткен жас дарын атағынан ат үркетін С.М.Киров атындағы (қазіргі Мария театры) опера және балет театрына қабылданды. Алғашында бұған сенер-сенбесін білмеді. Балеттің кілең корифейлері жиналған байырғы ұжымға тастай батып, судай сіңуді ойлаудың өзі қорқынышты. Ылғи ығайлар мен сығайларды сахнадан ығыстыру түгіл солардың көлеңкелерінде қалып қоймаудың қамы сені біраз әуре-сарсаңға салуға жетіп жатыр. Балетті бастаған барлық қыздар еліктеп-солықтаған Ирина Колпакова, Габриэлла Комлева, Татьяна Терехова, Любовь Кунакова, Ольга Ченчиковалардың шашбауын көтеруге де әжептәуір шамаң болуға тиіс.
Бағына қарай, Алтынай кордабалеттегі көп бишілердің бірі болып ұзақ жүрмеді. Тұлпарды тайынан танитын КСРО халық әртісі Ольга Моисеева балғын дарынның даралығын бірден байқады.
Алтынайдың айтқандарынан: Ұлағатты ұстазымның алдында басымды иемін. Қатты қарыздармын. Қанатының астына алып, қамқорлық көрсетпегенде тағдырым басқаша қалыптасар ма еді, кім білсін. Жалпы, мен ұяң мінезділердің қатарына қосыламын. Жұлқынып тұрмаймын. Өліп-өшіп өзімді көрсетуге жоқпын. Сахнадан тысқары тірлікте пысықтығым шамалы. Ольга Николаевна театрда жұмыс істеген 22 жылдың бәрінде менің тәлімгерім болды. Кордабалетте жүргенде-ақ ақырындап үлкен рөлдерге дайындай бастады. Жұмысты жүйелі жүргізетін. Соның нәтижесінде творчестволық тұрғыдан ерте есейдім. Шеберлігім тез шыңдалды. Барлық проблемамызды бастықтарға барып өзі шешетін. Біз мамандығымызды тереңірек меңгеруден басқа нәрсеге бас қатырмадық.
Көргені жақсы көш бастайтыны белгілі. Бойындағы бейімділігі мен еңбекқорлығы екі жақтап Алтынайды алға сүйреді. Талантын елге танытты. Биік шыңдарды бағындырды. Әлемге әйгілі Мария театрының примасы атанды. Бір балерина армандайтын басты партиялардың барлығына жуығын орындады. Бірегей бейнелердің бәрін тізбелемей-ақ, Одетта – Одиллия («Аққу көлі»), Жизель («Жизель»), Аврора («Ұйқыдағы ару»), Баядерка («Баядерка»), Зарема («Бақшасарай бұрқағы»), Медора («Корсар») сияқты орны бөлек образдарды айтсақ та жеткілікті екені даусыз.
Сахнада жұптасып билеген серіктері де шетінен сен тұр, мен атайын серілер болды. Аттарын атасақ, Константин Заклинский, Фарух Рузиматов, Игорь Зеленский, Махар Вазиев, Ирек Мухамедов, Ян Брекс және басқалар болып жалғаса береді.
Айтпақшы, Алтынай өмірлік жарын да өнерден тапты. Күйеуі Константин Заклинский – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі.
Алтынайдың айтқандарынан: Бірде біздің училищеде Киров театрының белді әртістері Галина Мезенцева және Константин Заклинскиймен кездесу кеші ұйымдастырылды. Италиядан гастрольдік сапардан оралған беттері екен. Сөз кезегі келгенде Константин көрген-білгені мен көңілге түйгендерінен гөрі ішіп-жегенін, сатып алған сәнді аяқ киімін айтып көңілімді қалдырғаны. Одан да Римдегі Қайта өрлеу дәуіріне қатысты құндылықтардан алған әсерлерін баяндамай ма?! Жанымда отырған құрбыларымның «өзі былай өңді екен» дескен күбір-сыбырын естігенде еріксіз мырс еттім. Бізбен бірге Равиль Багуддинов есімді ересектеу жігіт оқыды. Сол әлдебір басқосуда қолыма шиыршықталған қағаз ұстатты да, «Мында Костя Заклинскийдің телефон нөмірі жазылған. Сен оған міндетті түрде қоңырау шал. Саған ғашық болып қалыпты» деді қуақылана жымиып. Қаным басыма шапшып әлгі қағазын қақ айырдым. «Анауыңа сәлем айт...» Қысқасы, желіккен «жеңгетайдың» ит терісін басына қаптап жібердім. Кейін театрға келгенде Костямен сахнада кездестім. Содан ба, соңыра арамыз жақындай түсті. Сөйтсем, ол мен ойлағандай елтеңбай-селтеңбай емес екен. Андрей Вознесенскийдің махаббат жырларын жатқа оқығанда оны мүлдем басқа қырынан таныған тәріздімін. Он тоғыз жасымда Костямен отау құрдым. Содан бері өнерде де, өмірде де бірге келе жатырмыз. Анастасия атты қызымыз «Астана Опера» театрындағы балет труппасының солисі.
Кеңес Одағында керемет биімен ерекшеленген Алтынай Асылмұратованы аттай қалап шақырған шетелдік театрлар аз болған жоқ. Амал нешік, ондай ұтымды ұсыныстардан белгілі себептермен бас тартты. Тек қайта құру қарқындаған тұста ғана Еуропаға есік ашылды. Ол осы мүмкіндікті пайдаланып, Батыс балетінде бақ сынауға бел буды. Алдымен Англияның Корольдік балетінде, сонан соң атақты Ролан Петидің Марсель ұлттық балетінде өнер көрсетті. Би әлемінің пірі Рудольф Нуреевтің алқауымен «Париж Операда» «Баядерка» мен «Аққу көлінің» қойылымдарында басты партияларда көрінді.
Еуропаны елеңдеткен Алтынай Асылмұратова мен Фарух Рузиматов айды аспанға шығарып, Америка асқанда таңдай қағып, бас шайқамағандар кемде-кем. Кезінде КСРО-дан «қашып» кеткен дүниежүзілік деңгейдегі дүлдүлдер Михаил Барышников пен Наталья Макарова олардың Нью-Йорк төрінде ойқастауына жол ашты. Мұндай құрметке бөлену бұған дейін өңдері түгіл түстеріне де кірмеген оқиға-тын.
Алтынайдың айтқандарынан: Капитализм мен социализм арасында темір шымылдық түрілісімен-ақ Фарух екеуіміз Кеңес балетшілері ішінен бірінші болып қашпай-пыспай, ресми түрде шетелдің беделді сахналарына шықтық. Бүгінде оның жолы оңай. Ал ертеректе тиісті мекемелердің рұқсатынсыз аттап баспайтынбыз. Үш әріптің қызметкерлері қыр соңымыздан қалмайтын. Ешкімге ермей, өз бетімізше сапарлаған сәттегі сезімімізді жеткізу қиын. Сырттағы сырттандардың бірі – өзіміздің Рудольф Нуреевпен Парижде жүздесіп, тіл қатысқаны үшін күйеуім Константин Заклинскийдің бәлеге ұшырай жаздағанын қайтіп ұмытайын. Бәрін айт та, бірін айт, Рудольф Нуреев, Михайл Борышников, Наталья Макарова, Ролан Пети, Кеннет Макмиллан, Морис Бежар сынды ХХ ғасырдың ұлы хореографтарымен жұмыс істегенімді мақтан тұтамын.
Айдынына оралған аққу
Атағы аспандаған қазақтың қадірлі қызы биші ретінде үлкен сахнамен қоштасқан бойда А.Ваганова атындағы Орыс балет академиясының көркемдік жетекшісі болып тағайындалды. Он үш жыл бойы кезінде өзі оқып бітірген хореография ордасында орасан істер тындырды. Қандасымыздың қадірі артқанына сырттай сүйсінгенімізді несіне жасырайық. Балеттегі бес батпан беделінің бағаланғаны ғой. Әйтпесе ормандай ұйысқан орыста бұл орынға лайықтылар аз болды деймісіз?!
Төркінін «танымай» кеткен жатжұрттық қызымыздың тарихи отанына табан тірегенін іштей тілейтінбіз. Елге ат ізін салмай кеткеніне ептеп ренжігеніміз де рас. Қарап тұрсақ, шартарапты шарлаған Алтынайымыз кіндік қаны тамған Алматысында бір-ақ рет билепті.
...Ақыры Алтынай айдынына қонған аққудай болып еліне оралды. Көптеген көшелі істерге бастамашы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оны астанаға алдыртты. Ақордада екі мәрте қабылдап, мәртебесін көтерді. Қолына бір емес, екі қызметтің тізгінін ұстатты. Ол бүгінде елордамызда ашылған Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры және «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі.
Айналасы бес-алты жылда Қазақстан мәдениетін жаһанға таныту бағытында біраз шаруаның басы қайырылды. Білікті маманның кәсіби тәжірибесі кәдеге жарады. Мәселен, әлемдік балеттің жер жүзін жаулаған жауһарлары астаналықтар репертуарынан орын алуда. Балет труппасы шетелдік гастрольдерге шығып, төл өнерімізді төрге өрлетті. Болашағынан үміт күттіретін Бақтияр Адамжан, Мәдина Баспаева, Әйгерім Бекетаева, Серік Нақысбеков қатарлы жастар халықаралық бәйгелерде топ жарды.
Алтынайдың айтқандарынан: Өнері өрге жүзген өрендеріміз жетерлік. Біз оларды атақ, ақша қууға емес, өнерге адал қызмет етуге баулығанымыз жөн. Үнемі ізденіс үстінде жүруге үйретуіміз керек. Дараланған дарындарымызды жоғалтып алмау қажет. Кейбірі шетке кеткісі келеді. Мен өзіміздегі қыз-жігіттерге ең әуелі туған елімізге еңбек сіңірулерің керек деген кеңес айтамын. Шекараның арғы жағынан шеберлерді шақыруды өз басым қолдай қоймаймын. Мүмкіндігінше, өз жұлдыздарымызды жарқыратқан абзал. Олардың бақытты басқа жақтан іздемей, туған топырағында ту тігуі үшін өз басым солардың жетекшісі ретінде бар күшімді саламын.
Ұлттық балет академиясының да міндеті ұшан-теңіз. Бұл – Орталық Азиядағы балет кадрларын даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны. Оқу корпусы, жатақханасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Осында оқитын жеткіншектердің жағдайымен танысқан Ульяна Лопаткина, Ирек Мұхамедовтей мықтылардың ризашылықпен жеткізген риясыз мақтауларын өз құлағымызбен естігенімізді атап өткеніміз орынды.
Алтынайдың айтқандарынан: Артылған сенімді ақтау жолында аянбаймын. Жауапкершілік жүгін педагогтеріміз жете сезінеді. Балет балаларды тәртіпке үйретеді. Әттең, адамзатты алаңдатқан пандемия кесірінен іргелі істер іркіліп қалды. Онлайн оқу біздің жүйеге онша келіңкіремейді. Музыканттар аспабын үйлерінде отырып-ақ тарта алады. Шәкірттеріміз залда жаттықпаса болмайды. Қайтеміз, көппен көрген қиындықтар да өтер-кетер. Қазақ балетінің болашағын қамдау қасиетті борышымыз болғандықтан ілгері жылжуға кедергі келтіретін қиындықтарды жеңуге мүдделіміз.
Әңгімеміздің басында паң өнердің падишасындай Алтынайдың тағы қандай арман-аңсары бар екен деген едік. Сұрап білсек, көп көрінеді. Ең бастысы – қазақ балетінің айы оңынан туып, жаһанды жаулағанын көру.
Асыл мұратынан айнымас Алтынайдың айтқаны келуіне тілектеспіз.