Оқиға • 01 Қаңтар, 2021

Жыл шешімі

303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Заманында заңғар жазушымыз Мұхтар Омарханұлы Әуезов алған (1949) Сталиндік сыйлық (бірінші дәрежелі) кейін КСРО Мемлекеттік сыйлығы болып аталды.

Жыл шешімі

Соған сәйкес Одақ құрамындағы басқа да республикалар өз Мемлекеттік сыйлығын тағайындаған еді. Қазақстан Абай атындағы әдебиет және өнер саласы бойынша Мемлекеттік сыйлық деп белгіледі. Алғашқы лауреаттары Т. Ахтанов,  Х. Есенжанов, С. Мұқановтар болған Мемлекеттік сыйлық тәуелсіздік алғаннан кейін Абай атындағы деген мәртебесінен айырылған еді.

Хакімнің 175 жылдығы аясында сыйлық қайта Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық атанды. Ме­рейлі мезет, мәртебелі жылдың әсе­рінен бе, биыл бұл сыйлыққа шығар­масын ұсынушылар көп-ақ болды. Комиссияның екі отырысынан (ашық және жабық дауыс беру) кейін ресми мәлімдеме жарияланбастан жеті шығармашылық тұлғаның сыйлыққа лайықты деп танылғаны анықталды. Осы тұста көзі тірісінде классик атанған жазушыларымыздың бірі – Тынымбай Нұрмағамбетовтің есімі тізім ішінен табылмағаны қоғамдық пікір тудырған еді. Ал оқырман және қаламгерлер қауымы өзінің сүйікті жазушысын сыйлық иелерінің арасынан көргісі келетінін ашық айтты. Соңғы сөзді ел басшысынан күтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов кандидатурасын қолдап, сыйлық алған сегіз қаламгердің бірі етуі – әдеби жылдың ең әділетті шешімі ретінде бағаланды. Бұл – шын мәнінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының анықтығын тағы айшықтаған қадам болды.

 

Ерлан ЖҮНІС,

Маржан Әбіш,

«Egemen Qazaqstan»