Аймақтар • 04 Қаңтар, 2021

Алматының Медеу ауданында 8 мектеп салынады

570 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматының Медеу ауданында бір жылда 1160 орынға арналған жаңа мектептер пайдалануға берілді, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматының Медеу ауданында 8 мектеп салынады

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен мегаполисте пандемияға қарамастан, мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын азайту бойынша кешенді жұмыстар жалғасып жатқандығын атап өтті. Алматыда 2025 жылға дейін білім беру нысандарын үдемелі салу бағдарламасы жүзеге асуда. Өткен жылы 2 мектеп салынса, биылғы жылы 8 мектеп және 17 қосымша құрылыс бой көтермек. Осылайша, 23 мың оқушы орны ашылып, биыл орын тапшылығы 73 пайызға қысқартылады.

Медеу ауданында барлығы 43 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Жалпы контингенті 31 353 болатын 28 мемлекеттік мектеп (29 360 орын) және 15 жекеменшік мектеп (1 993 орын) бар. «Өткен жылғы қыркүйек айында «Думанда» №172 мектеп-гимназиясында 850 орындық жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, өткен жылы жеке инвесторлар есебінен келесі мектептер салынып, пайдалануға берілді: «Уәлиханов атындағы мектеп», «Steam», «Үркер», «Poznai-ka мектебі (AMS)», «Ғанибет». Олардың жалпы жобалық қуаттылығы 1160 орынға арналған және 143 тұрақты жұмыс орны құрылды», - деп атап өтті Ә.Масабаев. Биылғы жылы Орманов көшесі (Шығыс айналма жолы) мекен-жайы бойынша жеке инвестициялар есебінен 540 орындық заманауи жеке мектеп ашу жоспарлануда. Алатау ш/а орналасқан №7 мектеп ғимаратына сейсмикалық күшейту арқылы күрделі жөндеу жүргізілуде. Аяқталу мерзімі 2021 жылғы шілде. Сонымен бірге, №48 мектеп ғимаратының тозуына байланысты қосымша құрылыс арқылы күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жоба биылғы жылы іске асатын болады.

Осыған ұқсас жұмыстар мектепке дейінгі білім беру саласында да жүргізіліп жатқанын атап өту керек. Бүгінде Медеу ауданының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі: 18 бөбекжай және 49 жеке меншік балабақша және 37 шағын орталықтардан тұрады. Тәрбиеленушілердің жалпы саны 5 100 бала (мемлекеттік балабақшаларда - 2935, жекеменшік балабақшаларда - 2165). №114, 116, 141 үш балабақшада ғимаратқа жапсарлас және қосымша құрылыс есебінен әрбір балабақшада жобалық қуаттылықты 50 орынға ұлғайта отырып, күрделі жөндеу бойынша жұмыс жалғасуда.

Аяқталу мерзімі биылғы жылдың наурызы. Өткен жылдың басынан бері ауданда жеке инвесторлар есебінен жалпы жобалық қуаты 250 орындық 5 жекеменшік балабақша ашылды. Биыл 5 жекеменшік балабақша мен шағын орталықтар ашу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, ағымдағы жылы бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарды, жекеменшік балабақшалар және шағын орталықтар, С.Нұрмағамбетов көшесі, 150 мекен-жайы бойынша High Tech Academy жекеменшік мектебін, Әл-Фараби даңғылы, 30/5 учаскесінде жекеменшік «Балет театрын», Думан шағын ауданында ашық ауадағы фитнес клуб ашу мен Алатау шағын ауданында «Шыңға Өрлеу» әлеуметтік жобасы жүзеге асыру жоспарланған.

Ал өткен жылдың қазан айынан бастап Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Мұхтар Әуезов» стадионында футболдан тегін секция ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жоба аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 50 бала тұрақты негізде тегін негізде футболмен айналысу мүмкіндігіне ие болды.