Руханият • 05 Қаңтар, 2021

Киелі жерлерді қорғау – кешенді іс

492 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шығыста Қоңыр әулие атанған шипалы үңгір бар. Абай ауданы, Шыңғыстаудың батыс алқабындағы Шаған өзенінің бойында орналасқан үңгірдің қай ғасырда, қашан, қалай, пайда болғаны туралы нақты дерек жоқ.

Киелі жерлерді қорғау – кешенді іс

Үңгірдің түбінде айнадай тұнық көл жатыр. Аңыз бойынша, көлдің түбінде тастан жасалған құпия есік бар екендігі айтылады. «Осы құпия есік Шыңғысхан жерленген қонақ бөлмеге апарады» деген аңызды естігенде, аузы тар үңгірге қалайда кіруге асығасыз. Бірақ тар үңгірге сүрініп-қабынып кіруін кіріп алғанмен, түбіндегі көлге жете қою оңай болмайтын. Осы жағдайды ескерген Шығыс Қазақстан облыстық басқарма бастамасымен тас қараңғы үңгірдің ішіне самаладай жарық орнатылып, баспалдақ қойылып, жағдай жасалуы мұнда келушілер үшін тамаша жаңалыққа айналды.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопея­сының «Өкініште» атты тарауында Абайдың Петербордан келген Әбішті сергіп, серпіліп қайтсын деп осы Қоңыр әулиеге жіберетіні баяндалады. Сонда үңгірдің маңындағы қорымдарға таңдана қараған Әбішке Абайдың шәкірті әрі інісі Көкбай ақын Қаракерей Қабанбай батырдың Абылай ханның тапсырмасын орындап, қалай «Дарабоз» атанғаны туралы әңгімені айтып беретін тұсы бар.

Бұрын көргендер ертеректе үңгір ішін­де балбал тастар мен мүсіндер бол­ғанын айтады, бірақ ядролық жарылыс кезінде қопарылып құлаған тас­тар басып қалған ба екен, қазір жоқ. Жалпы, үңгірдің айналасында қорым көп, әрі қарай ассаңыз, Бақабас әулие жа­тыр, қысқасы аңыз тұнған төңірек деу­ге бо­лады. Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміздің рухани-мәдени мол мұрасына мән беріліп, ұлттық құндылықтарымызды саралау, рухани- географиялық, тарихи-мәдени белдеудегі қасиетті жерлерімізді жаңғыртуға үлкен маңыз беріліп, Қоңыр әулие тарихи орны сынды еліміздегі тарихи-мәдени мұраның басым бөлігі күрделі жөндеуден өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық құжатында жалпыұлттық қасиетті мекендер ұғымының маңыздылығын атап өткен болатын. Президент өз сөзінде: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейліктің басты элементтерінің бірі» дей келе, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» құжаты аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобаның қолға алынатындығы туралы айтқан еді. Мәселен, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынғалы бері 100-ден астам нысан жалпыұлттық деңгейде қасиетті орындар санатына кірсе, 500-ден астам нысан жергілікті маңызы бар киелі нысандар қатарына енгізілген. Аталған нысандар ежелгі замандардан, одан кейінгі тас дәуірінен бастап, орта ғасырларға дейінгі аралықтағы ауқымды хронологиялық кезеңдерді қамтиды. Осы ретте аталған нысандар түбегейлі ғылыми зерттеулерді, қорғауды және қалпына келтіруді, сондай-ақ барынша ұқыптылықты қажет етеді. Киелі нысандар тізімі үш ұйымның Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология инс­титуты, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Мемлекет тарихы институты ғылыми ұжымдарының алқалық іріктеуінің негізінде құрылып, мұрағат-библиографиялық сипаттағы материалдарға, дала зерттеулеріне сүйене отырып, ғалымдар ежелгі кезеңнен қазіргі заманға дейінгі сипаттамасы бар нысандардың тізімін жасап шықты. Бұл ретте «Тәуелсіздік жылдары, атақты ата-бабаларымыздың есімдерін қайта жаңғыртуға мүмкіндік туғанда, қоғамдық сана да өзгерді. Діни туризм өзінің шеңберіне жыл сайын жаңа аймақтарды жұмылдырып, кең етек жайып келеді. Діни туризм мен атақты ата-бабаларды құрметтеумен байланысы бар киелі жерлерді халықтың зиярат етуі арасында олардың ара-жігін ажырату қажеттілігі туындады», деген академик Бауыржан Байтанаевтың пікірі болашағымызды құруда рухани негіз болып табылатын бай мұраны сақтап, келешек ұрпаққа аманат етудің қаншалықты маңызды екенін аңғартады.