Оқиға • 05 Қаңтар, 2021

Оқушылар жасаған дубляж

442 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Киноиндустрия саласында балаларды қызықтыратын жанрдың бірі – мульт­фильм. Ал өзге тілдегі мультфильмдерді балалардың өзі қазақша дубляж жасаса ше? Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу­шылары анимациялық фильмдерді қазақ тіліне аудару арқылы дыбыс­тау­ды қолға алды. Мақсат – қазақтілді контентті дамытып, дубляж ісін насихаттау.

Оқушылар жасаған дубляж

– Қашықтан оқыту басталғалы бері бос уақытымыз көбейді. NIS Graphics клубының мүшелері арасындағы байланысты үзбеу үшін бірнеше мультфильмді қазақ тіліне аударып, оларды дыбыстауды қолға алдық, – дейді клубтың негізін қалаушы, Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Аружан Елдосова.

Дубляж ісіне қызыққан оқушылар дыбыстаған туындылардың арасында «Мой маленький Пони», «Холодное сердце» және «Суперкрошка» мультфильмдері бар. Оқушылар анимациялық кейіпкерлердің әң­гімесін ілеспе аудармамен аударып, сапалы дубляж жасау ісіне ма­шық­танып жатыр.

– Бұл – біздің алғашқы тәжірибеміз. Соған қарамастан, дубляждың сапасы талапқа сәйкес болуына баса назар аударып отырмыз. Өйткені кейіпкерлердің мінезі мен эмоциясын сол күйінде жеткізу үшін толық рөлге ену керек. Болашақта дыбыс­тауды сапалы деңгейге көтеріп, ұзақметражды фильмдерді қазақ тіліне аударуды көздеп отырмыз, – деді Аружан Елдосова.

NIS Graphics клубының мү­шелерінің айтуынша, елімізге шетелдік медиаөнімдер кеш жет­кі­зіледі. Ғаламторда қазақстандық көрермен үшін ана тілімізге аударуды қажет ететін фильмдер әлі де көп. Сол себептен атыраулық оқушылар ғаламтор кеңістігінде қазақ тілді медиаөнімнің көбеюіне үлес қоспақ.

 

Атырау облысы