Қоғам • 05 Қаңтар, 2021

Санитарлық талаптар пысықталды

280 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздегі эпидемиялық ахуал әлі оңала қойған жоқ. Сондықтан әдеттегідей сақтық шараларын қатаң ұстануды әсте ұмытпаған жөн. Әсіресе саяси науқан кезінде сайлаушылардың саулығын басты назарда ұстау керек. Осы ретте Мемлекетттік бас санитарлық дәрігер алдағы сайлау қарсаңында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы қаулы қабылдады.

Санитарлық талаптар пысықталды

Бүгінде әлем бойынша індет жұқтыру ты­йылмай тұр. 220 елде 84 млн адам COVID-19-бен ауырып, 1 млн 840 мың адам осы дерттен көз жұмды. Ал біздің елде 156 943 науқас COVID-19 жұқтырған және 45 946 адамға КВИ-диагнозы қойылған. Пациенттердің 87%-ы індеттен жазылып шыққан. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтып берді.

Оның айтуынша, еліміздегі эпидемиялық жағдай әлі де нашар. Қазір Қазақстан қаупі төмен «жасыл аймақта» тұр. Алайда Атырау облысы аса қауіпті «қызыл аймақтан» шыққан жоқ. Алты өңір – Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары «сары аймақта» тұр.

Биыл 3 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 18 608 инфекциялық төсектік орын бар, оның ішінде 4 980 орында науқас жатыр. Реанимация бөлімшесіндегі пациент саны – 320, өткен аймен салыстырғанда 1,3 есеге артты (3 қарашада – 253). 54 науқастың жағдайы өте ауыр. ӨЖТ аппаратында 45 пациент бар, 1,4 есе артқан (3 қарашада – 31), 150 пациент өзі тыныс алуда.

Әуе қатынасы қалпына келтірілген елдерден келген адамдарға санитариялық-карантиндік бақылауды күшейту үшін, сондай-ақ ЕАЭО елдері, Өзбекстан және басқа да бағыттағы автоөткел жолдарында карантиндік стационарлар дайындалды. Онда 6 666 төсектік орын бар, республика бойынша 403 төсектік орында адам жатыр.

Оқу жылы басталғалы 3 972 оқушы КВИ жұқтырды, оның 1047-і – кезекші сыныптарда оқитын бала, 2925-і қашықтан білім алады. Күн сайын жаңа туған нәрестелер мен балалар арасында коронавирус инфекциясы жағдайына мониторинг жүргізіледі. 2020 жылдың сәуірінен бас­тап 2021 жылдың 2 қаңтарына дейін COVID-19 диагнозы расталған 7 492 бала тіркелген, оның ішінде 134-і – жаңа туған бала (ПТР-тест нәтижесінде анықталды). 6 550 (87,4%) па­циент жазылып шықты. Қазіргі уақытта COVID-19 анықталған балалар арасында жағдайы ауыры және мультисистемалық қабыну синдромы бар науқас жоқ.

Министр өңірлерде карантиндік шаралардың сақталуы тұрақты бақылауда тұрғанын, бірақ талаптарды бұзушылар әлі де көп екенін айтты. Мысалы, мерекелік күндерде 31 желтоқсаннан бас­­тап 804 рейд жүргізілді, 4 618 объекті қам­тылды, оның ішінде 71 объекті талап бұзған, 65 әкімшілік айыппұл салынды. Карантин кезеңінде қызмет көрсетуге тыйым салынған объектілер жұмыс істеген, шектеу режімі сақталмаған, адам көп жиналатын шаралар өткізгендер бар.

Осы ретте Алексей Цой алдағы сайлау күні сайлау учаскесіне және комиссия мүшелеріне, дауыс берушілерге қойылатын санитарлық талаптарды еске салды. Бұл мақсатта Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер арнайы қаулы қабылдады, құжатта бірқатар талап қарастырылған. Сайлау учаскесінде кіреберісте термометрмен келушілердің температурасын өлшеу, сайлаушылардың жүру бағытын көрсететін белгілер қою, сайлау комиссиясы мүшелері 3 сағат сайын маска ауыстыру сияқты талаптар сақталуы керек. Сондай-ақ қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлер болуы, жиһаз бен техникалық жабдықты бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр қашықтықта орналастыру, кемінде 1,5-2 метр әлеуметтік арақашықтық сақтау, келушілердің дене температурасы көтерілген (37ºС жоғары) жағдайда адамды оқшаулауға арналған жеке кабинеттің болуы қауіпсіздікті күшейтеді.

Сайлаушылар сайлау учаскесіне келгенде медициналық немесе қорғаныс маскасын және қолға арналған антисептикалық құралды пайдалануы керек. Үйде емделуіне байланысты оқшаулау режіміндегі немесе коронавирус инфекциясына байланысты карантинде отырған дауыс берушілер сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беру туралы өтініш білдірген жағдайда сайлау комиссиясының мүшесіне хабарлауы тиіс.

Ал сайлау учаскелерінде тұрақты жұмыс істейтіндер, жоғары және орташа қауіпті аймақтардағы сайлау комиссиясының мүшелері, бақылаушылар мен сенімді адамдар 5 қаңтар мен 9 қаңтар аралығында тексерілуі тиіс және ПТР-тест нәтижесі таза болуы қажет. СК мүшелері, бақылаушылар және сенімді адамдар тегін тексеріледі.

«ПТР тестіден өту Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржысы есебінен жүзеге асады. Сайлау комиссиясы мүшелері, бақылаушылар және сенімді адамдарды біз тестен өткіземіз және оған кететін қаражат ӘМСҚ арқылы өтеледі. Сайлау өтетін жер адам көп жиналатын және дауыс беретін жер болғандықтан, бүкіл сайлау процесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тестілеуді тегін өткізу туралы шешім қабылданды», деді А.Цой.

Оның айтуынша, өткен жылы елімізде вирусты зертханалық диагностикалау мүмкіндігі айтарлықтай артты. COVID-19-ға ПТР әдісімен тестілеу 2020 жылғы сәуірден басталып, 19 зертханада тәулігіне жалпы қуаты 6 мың тест алынды, ал қазір КВИ-ді диагностикалайтын 132 зертхана тәулігіне жалпы қуаты 100 мың зерттеу жасайды және биологиялық материал алатын 48 пункт бар. Бүгінде 5 млн-нан аса зерттеу жүргізілді, күн са­йын зертханалар 40 мыңға дейін тест қабылдайды. Сондай-ақ министр зертханалардың резервтік қуаты 60 мың зерттеуге жеткенін, бұл сайлау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет болатынын айтты.

Сонымен қатар брифинг барысында Ден­сау­лық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният сайлау­дың онлайн түрде өтуі мүмкін емес екенін айтты.

«Сайлау онлайн өтпейді. Еліміздің Конституциялық заңына сәйкес, әр азамат өзінің сайлау учаскесіне барып, жеке куәлігін көрсетіп, дауыс беруі керек. Министрлік пен медициналық қызметкерлер барлық қауіпсіздік жағын қамтамасыз етуге тиіспіз. Сондықтан сайлау учаскелерінің кіреберісінде байланыссыз термометрия және сайлаушылар үшін қозғалыс бағыты бойынша қашықтық белгілерінің көрсеткіші болуы керек», деді А.Ғиният.

Министр сөз соңында ел азаматтарына эпи­демиялық жағдайға жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын бұзбауға шақырды.

«Пандемия әлі де жалғасуда, өкінішке қарай індетті толық жеңген жоқпыз. Сондықтан жағдайға барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Өзгелерге індет жұқтырмау үшін, жұқтырып алмау үшін міндетті түрде маска тағыңыздар, әлеуметтік арақашықтық пен гигиена талаптарын сақтаңыздар», деді А.Цой.