Экология • 05 Қаңтар, 2021

Бозжыраның Үстірт қорығына енгізілуі әлі де белгісіз

826 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Бозжыра Үстірт қорығына енгізілуі мүмкін деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Бозжыраның Үстірт қорығына енгізілуі әлі де белгісіз

«Үстірт қорығы аумағын кеңейту үшін зоологтар, биологтар мен экологтар жан-жақты жұмыс жүргізу керек. Ол үшін салмақты негіз дайындалуы тиіс. Әзірге Бозжыраны Үстірт қорығына енгіземіз деп айта алмаймын. Жұмысты зерттеу нысанасы тұрғысынан тыңғылықты жүргізу керек. Тағы да айтар болсам, әзірге жоспар жоқ, себебі кез келген кеңейту жұмысы негізді талап етеді», деді Мағзұм Мырзағалиев.

Бозжыра шатқалындағы қонақ үй құрылысы туралы да сұрақ қойылды. Сондай-ақ Экология министрі аталған мәселеге біржолата нүкте қойылғанын, инвестор оны басқа жерде салуға келісім бергенін еске салды.

«Хайптың бәрі қайдан шықты? Нақты учаскеге бекітілмеген эскиз-жобадан тарап отыр. Сол себепті бұл мәселеге суық ақылмен келген жөн еді. Пікірталас тоқтамағаннан кейін біз аумақтық органдардың өкілдерімен жан-жануарлар жүретін аумақты, әлеуетті жүктемені зерттеп, инвестормен де осы мәселені талқыладық. Сосын Жабайыұшқан қорығынан кету туралы ұсыныс жолдадық. Ақыры инвестор ол ұсынысқа құлақ асты да, мәселеге нүкте қойылды», деді министр.